Руханият

Бақыт деп білген ұрпағын…       

Біреу дүниеден өтсе, алдымен жетіп, көңіл айтып, жұртты жылы сөзімен жұбатып, жұма күндері көзтаныс ағайынның үйіне әдейілеп барып құран оқып, естелік айтып жүретін осынау ақ сақалды қарияны танитындар көп. Орталық мешітте таныс қауымнан әлдекім қатым түсіріп, ел жиналса, қашанда солардың ортасынан табылуға тырысатыны да – үлгі етуге, құрметтеуге тұрарлық әдет. Келер жылдың қаңтарында 85 жасқа толғалы отырған қазына кеуде қарияның құлақ түрген жанға айтары мол.

Күршім ауданындағы Қойтас ауылының тумасы Елубай Әміреновтің  көргені көп, сол көргендерінен түйгені де аз емес. Балалық шағы сонау сұрапыл соғыспен қатар келген аға буынның бір өкілі – Елубай атамыздың балғын шағынан бейнеттің дәмін бір кісідей татқанын ұғынудың қиындығы бола қоймас.

Жастайынан еңбекке араласқан Елекеңнің істемеген жұмысы, бармаған жері жоқ десек, артық айтылған сөз бола қоймайды. Ойын баласы болып еркін сайрандауды, ұйқысын қандыра демалуды білмей өскен бейнетқор жан шағын ауылдағы колхоздың, бертін келе совхоздың қысы-жазы бітпейтін шаруасынан мойын босатып көрмегеніне өзім де куәмін. Сол тұстағы барша жұрттың басындағы ортақ ахуал осындай еді ғой.

1957 жылы 21 жастағы Елубай Алдабергенқызы Кәмал деген бойжеткенмен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Кәмал де жетім өскен, көп еркелік көрмеген қарапайым да шаруашыл жан болатын. Екеуі дүниеге сегіз бала әкеліп, аман-есен жеткізді. Олар – бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі, түгелдей Өскемен қаласында тұрады.

– Балам, мен – бақытты адаммын, – деп ағынан жарылды Елубай қарт арнайы барып жолыққанымда. – Өзім бір атадан жалғызбын, жастайымнан бейнет пен қиыншылықты көп көрдім. Құдай оңдағанда, балаларым тегіс еңбекқор әрі ұйымшыл да қайырымды болып өсті. Әлі күнге дейін бір-біріне қол ұшын беріп, бірін-бірі қолдап, демеуге әзір тұратын ынтымақтары қуантады. Кезекпен келіп жағдайымды сұрап, не қажеттің барлығын даяр етіп отырады. Бұдан артық не тілейін Тәңірден?

Елекеңнің жас кезінде қатты сырқаттанып, ас ішуден қалған кезі де есімізде. Жұрттың бәрі «жаман ауру шығар» деп, шипасы біттіге жорыған болатын. Сөйтсе, дәрігерлер «асқазанның түгі түскен» (язва) деген диагноз қойып, емдеуге жатқызыпты. Жай күнде шылым шегетін, «ақаңды» да ұрттап қоятын жан дәрігер тағайындаған ем мен тамақтану режимін бұлжытпай қатаң сақтап, бірер жылдан соң жазылып шықты.

«Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» дегендей, көп ұзамай Елубайдың аяғына жара шығып, тағы бір бейнетке душар болды. Зілді жараға бір емес, қатарынан төрт рет ота жасалып, емдеу шаралары тым ұзаққа созылды. Бұл тауқыметтің оның өзіне, отбасына ауыр тигенін көріп те, біліп те жүрдік. Айлап-жылдап ауруханадан шықпайтын әкенің шиеттей балаларына көңілдегідей қамқорлық жасауға жағдайы келе ме? Тапшылықтың да, таршылықтың да Әміреновтер отбасына салмағын аямай салғаны шындық болатын. Бірақ тумысынан қайсар жан жасып, жалтақтық көрсеткен жоқ. Барынша қайраттанып, балаларынан барға қанағат етіп, жоққа жасымауды талап етті. Олар да өз кезектерінде ештеңеден жасқанбай, шамалары келгенше тіршілік жасап бақты. Елубай ағамыз ұл-қыздарын қандай қиындық көрсе де әркез әділ болуға, ала жіпті аттамай, тек адал дәнді ғана татуға үйреткен болатын. Балалары сол қағиданы ту етіп ұстап, тура жолдан таймайтын турашыл азаматтар болып өсті.

Өздері өмірдегі жолдарын адаспай тауып, бір-бір үй болған соң, олар ауылдағы әке-шешелерін Өскеменге көшіріп алған еді. 1996 жылы іргедегі Васильевка (қазіргі Мамай батыр) ауылына келіп қоныстанған қарттар онда екі жыл тұрған соң, қалаға көшіп барып, Защита ауданынан орын тепті. Сөйтіп, кіші ұлдары Серікбектің жанында бақуатты тірлік кешіп жатқан болатын.

2017 жылдың тамыз айында барша қызық пен қиындықты тең бөлісіп, алпыс жыл бойы тату-тәтті ғұмыр кешкен аяулы қосағы дүние салып, Елекең жарым көңіл, жабырқау күйге түскен еді. Бірақ күн сайын біреуі келіп, қамқорлық жасап, жабыққан жанына шуақ болған перзенттері мен олардан өрбіген немере-шөберелері аталарын жасытқан жоқ. Сол қамқорлық, құрмет пен қошемет қарт жүрекке қайрат бітіріп, өмірге, ертеңгі күнге деген ынтызар үміттің шоғын үрлеумен келе жатыр.

– Қазір алса, арманым жоқ, – деп білдіреді Елубай қарт шынайы ықыласын. – Ендігі тілегім: осылардың жаманшылығын көрсетпей, ұрпағымның алдында әкетсе, солардан бір күрек топырақ бұйырса, болды.

Осылай деп тебіренген көненің көзі, тарихтың өзі Елубай ақсақал – әу  баста жалғыз болса да, бүгінде мәуелі бәйтеректей көктеп, жапырағын мол  жайған бақытты жан. Екі ұл, алты қызынан 13 немере, 11 шөбере сүйіп отырған қазыналы қарттың байлығы да, қуанышы да – солар. Ал мұндай байлық пен шаттықты қалай мақтан етсе де орынды болмақ.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button