Руханият

Бағи апамыздың баянды істері

Ауданға танымал «Асыл мұра» ансамбліне он жыл толды. Халықтық, патриоттық әндерді ел арасында насихаттап келе жатқан ансамбльдің жетекшісі – қоғам белсендісі, зейнет жасындағы Бағи Қаспақбаева.

– Біздің тұсымызда жастардың талпынысы мол еді, тек алға ұмтылатын. Мектеп бітірісімен мені «Чапаев» колхозының басшылығы (Бестерек ауылы) Семейдегі мәдени-ағарту училищесіне жіберіп оқытты. Сонан соң Мәдениет үйінің жетекшісі етіп тағайындады. Бұлай еткені мектепте ауыл өнерпаздарын бастап, ел арасында жиі-жиі концерт, қойылымдар ұйымдастырғанымнан болар. Әйтеуір, тыным таппайтынбыз, – дейді Бағи Қуанышбайқызы.

Оқушы кезінде өзге балалармен қосылып, егіс даласындағы механизатор, комбайншылар, таудағы сауыншылар алдында дәріс оқып, концерт қойып, газеттер оқып беретін. Қыста да осы мақсатпен алыстағы шопан қыстақтарын аралайтын. Кейде дәрігерлерді де бірге алып жүретін.

Кейін Алматының Абай атындағы педагогика институтын бітірді. Ұзақ жыл Бестерек пен Қабанбай ауылдарындағы мектептерде мұғалім болды. Мамандығы агроном жолдасымен қай елді мекенде тұрса да, өнерден, қоғамдық жұмыстан қол үзген емес. Халық әндерін сүйіп айтып жүрді. Зейнетке шыққан соң өнерлі құрбыларын жинап, ансамбль құрды. Облысқа танылып, көптеген марапаттарға ие болды.

Бағи Қаспақбаева өңірдегі түрлі іс-шараларға білек сыбана қатысып келеді. Аудандық жастарға патриоттық тәрбие беру ұйымының төрайымы. Сонымен бірге, гүл өсіруге құмар, үйдегі бақшасында сан алуан гүлдер өсіреді. Тұқымдарын Алматы, Ташкент, Еуропадан әкелген. Жеңістің 75 жылдығына орай Б.Тұрлыханов атындағы мектепте гүлдер мерекесін өткізгені бар.

– Жастарға патриоттық тәрбие беру үшін үнемі аудандағы мектеп оқушыларымен кездесіп, түрлі тақырыпта дәріс оқимыз. Жастарды қоғамдық жұмыстарға тартып, ұлттық салт-дәстүрге баулимыз. Абайдың мерейтойына, Сәкен Сейфулиннің 125 жылдығына орай жастар арасында түрлі іс-шара ұйымдастырып келеміз, – дейді.

Бағи Қуанышбайқызы Ақжар ауылдық округінен бір гектар алқап алып, жеміс-жидек өсіріп, бірнеше жыл мектеп асханасына тегін тапсырып келеді. Өткен жылы Б.Тұрлыханов атындағы мектептің айналасына үйінен 600 түп гүл апарып отырғызыпты.

– Алматыда оқып жүргенімде Бейімбет Майлиннің үй-ішімен көрші болдық. Би-ағамыздың әйелі ғажап адам еді. «Айналаңа жақсылық жасау – ғанибет» деп отыратын. Сол апамыз айтқандай, төңірегіңдегі адамдармен біте қайнасып, көмектесіп жүргенге не жетсін?! – дейді Бағи апа.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button