Қоғам

Бағдаршамның жасыл шамын күтіп жүр

Облыс орталығындағы қолайсыз жол белгілеріне жүргіншілер де, көлік жүргізушілері де разы емес. Жуықта облыстық драма театрының  артистері мен тұрғындар қала басшылығы мен полиция басқармасына наразылық білдірді.

Театр көрермені сиреді

Биыл Сәтпаев даңғылының үстінен жаяуларға арналған екі көпір салынды. Біріншісі «Халифа Алтай» мешітінің маңында болса, екіншісі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі мен Назарбаев зияткерлік мектебінің ортасында. Осы екінші көпір салынғаннан кейін облыстық драма театр мен «Фреш Маркет» сауда кешенінің тұсындағы бағдаршам алынды.

– Драма театр көрермендерінің басым көпшілігі кішкене балалар, студенттер және қарт кісілер екені баршаға мәлім. Олар мәшинемен емес, автобуспен қатынайды. Театрға келу үшін енді бір аялдама ары жаяулар көпірі тұсынан түсіп, жолдан бері өтіп тағы бір аялдама жүріп келуге мәжбүр. Бұл аралықтағы жол да қыс бойы дұрыс күрелмеді. Театр алдындағы бағдаршам алынғалы, ат төбеліндей азғантай көрерменіміз тіптен сиреп кетті, – дейді актер Арыстанбек Мұқият.

Актерлердің айтуынша, түсте ас ішетін уақыт – бір сағат (13.00-ден 14.00-ге дейін). Осы аралықта қарсы беттегі «Фреш Маркеттен» сауда жасап келу мүмкін емес – үлгермейді. Театрда 250-дей адам жұмыс істейді.

Наразылыққа «Фреш Маркет», «Свой Дом» сауда кешінінің саудагерлері де қосылды. Олар полиция қызметкерлері күзетіп тұрған бұрынғы «пешеходтың» тұсынан жолды рұқсатсыз қиып өтті. «Күнде тәуекелге бас тігіп, жолды кесіп өтуге тұтынушылар да, біз де мәжбүрміз. Мына аязда ауыр пакет көтеріп, бір аялдама сабылып кім жүреді дейсіз?»  – дейді олар.

– Біздің қазір саудамыз жүрмей тұр. Келушілердің қарасы аз. Одан бөлек өзім қаланың арғы басындағы Степное деген ауылда тұрам. Ол жақтың автобусына көпірмен айналып жүрсем үлгермеймін. Менің қасымдағы саудагерлердің де үйлері алыста. Ереже бұзуға бұл да бір себеп, – деді «Свой дом» үйінің сатушысы Әлия Рақышева.

Естеріңізде болса, дәл осы жерде бұдан бұрын өткен наразылық акциясында қала әкімінің орынбасары Тамара Рахимжанова бағдаршам жаяу адамдардың қауіпсіздігі үшін алынып тасталғанын айтқан.

Лауазым иесі бұл жолғы акцияға да келді.

– Өтініштеріңізді естідік. Бір ай, тіпті бір апта ішінде мәселені шешуге күш саламыз. Бірақ қандай амал істейтінімізді полиция басқармасымен ақылдаса отырып шешеміз, – деп уәде берді Тамара Рахимжанова.

Күні ұзақ кептеліс

Даулы жол белгілерінің тағы бірі орталық базардағы «Березка» дүкенінің маңында. Дүкен алдында – бір, қарама-қарсы бетте екінші аялдама орнатылған. Бұл аялдамаларда автобус қана емес, трамвай тосқан халық та тұрады. Аялдамалардың дәл ортасына 2019 жылдың екінші жартысында жаяу жүргіншілер белгісі қойылды. Белгі қойылғалы бері базар алдындағы кептеліс тіпті қалыңдады.

– Бұрындары трамвай жүргіншілеріне ғана тоқтап жол беретінбіз. Ал қазір, «зебра» салынғалы, базарға келген жұрт үздік-создық бірінен кейін бірі ағылып өте береді. Бұл – бірінші мәселе. Аялдамадағы адамдардың қайсысы қоғамдық көлік тосып тұрғанын, қайсысының жолдан өтпек ойы барын білмейсің. Көше үсті таңнан бастап түн ауғанша ию-қию бытысып жатады. Бұл жерде әдеттегі «час пик» емес, барлық уақытта қарбалас. Жол апаты болуы әбден мүмкін. Бұл – екі. Оның үстіне көшенің жиегі тар – мұны үшінші деп тіркеп қойыңыз. Жұмысқа осы жолмен барамын, ара-тұра такси де боламын, – деді қала тұрғыны Қабдолда Тошақов.

Осы көшеден өтетін №17, №38, №10 бағыттағы автобус жүргізушілері де кептеліс салдарынан уақыттан кешігіп жататынын айтады.

Көлік тізгіндегендер бұл жерге бағдаршам орнатылуын тілейтінін жеткізді.

Ал қалалық полиция басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Әміренова берген мәліметке сүйенсек, Өскеменде жалпы 546 жүргіншілер өтпесі бар. Оның 358-і бағдаршамсыз. Биыл бес жерге бағдаршам орнатылады деп жоспарланған. Солардың бірі – жоғарыда айтылған «Березка» дүкені маңындағы «пешеход».

Осы орайда қалалық әкімдікке де сауал жолдағанбыз. Баспасөз хатшысының айтуынша, жол белгілеріне қатысты өзгерістерді полиция басқармасы мен ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ақылдаса отырып шешеді. Негізінен ұсыныс айтып, жол белгілерін орнататын – ТҮКШ бөлімі. Ал полиция басқармасы қай тұсқа қою керегін зерттейді.

– Сәтпаев даңғылының үстінен жаяулар көпірін орнату ТҮКШ бөлімінің ұсынысы болған. Себебі, сол маңдағы спорт мектебінде бала оқытатын ата-аналар алаңдаушылық білдірген. Екіншіден, «КШТ» ықшам ауданы мен қала ортасындағы кептелісті азайту жоспарланған. Әкімдік пен полиция басқармасы қандай амал табатыны әзірге белгісіз. Оған дейін жолдарды тап-таза күреп тұрамыз, – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әлібек Тұрсымбетов.

Сонымен, «Березка» дүкені маңына бағдаршам орнатылатыны нақты айтылды. Ал театр көрерменінің осы азайғаны қай уақытқа дейін азайған екені беймәлім.

Бір қызық мәлімет жаза кетейік, әлем ғалымдары «қала халқының бүкіл өмірінің алты айы бағдаршамның жасыл шамын күтумен өтеді» деседі…

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button