Бағдарлама қалай орындалып жатыр?
Облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған бағдарламасының облыста орындалу қорытындысы қаралды. Бұл бағдарлама облыста үш кезеңде (2011-2013, 2014-2016, 2017-2019 жылдар) және 4 бағыт бойынша жүзеге асқан.
– Бағдарлама міндеттерін облыста 12 тілдерді оқыту орталығы іске асырды. Олардың базасында 35 мыңға жуық тыңдаушы қазақ тілін оқыды. Оның 13 мыңы – мемлекеттік қызметші, 10 мыңы – бюджеттік мекеме қызметкері, «Тілашар» курсына тартылған 10 мыңы – аудан-қала тұрғындары, – деді тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Роза Төлемісова.
Сонымен қатар соңғы алты жылда облыстағы кәсіпорындар мен мекемелер жанынан ұйымдастырылған үйірмелерде 130 мыңға жуық адам қазақ тілін үйреніпті.
Мемлекеттік тілді үйрету процесіне жаңа технологияларды енгізу мақсатында 2011 жылдан «Учимся говорить по-казахски» қашықтан оқыту сайтының (kazcenter.kz) қызметін бүгінде 1 миллион 250 мың адам тұтынып, 3340 адам қарапайым деңгейде тіл үйренген. 2011 жылдан 2019 жылға дейін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша 44 мыңнан астам адам диагностикалық тестілеуден өткен екен.
Мемлекеттік органдардың құжат айналымындағы қазақ тілінің үлесіне тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Былтыр құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 96% болыпты.
– Мемлекеттік бағдарлама бойынша жыл сайын облыстық деңгейде түрлі форматтағы 30-ға жуық іс-шара өтті. Қазақ тілінде сөйлейтін этнос өкілдерін насихаттау мақсатында «Мемлекеттік тіл – отбасы құндылығы», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Қазақ тілі – отбасында» тележобалары дайындалып, облыстық «Алтай» телеарнасынан көрсетілді.Екі жылда бір рет мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының қатысуымен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» облыстық форумы ұйымдастырылып келеді, – деп ақпарат берді басқарма өкілі.
Латын графикасындағы жаңа әліпбиді көпшілікке таныту мақсатында облыста 2 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 141 мыңнан астам адам қатысқан.Латыннегізді қазақ әліпбиін ересек аудиторияға оқыта алатын 14 оқытушы даярлаудан өтіп, тренер сертификатын алыпты. Былтыр жаңа әліпбидің ережесін оқытуға арналған курстар ұйымдастырылып, одан 692 адам өткен, 593 адам сертификат алған. Абайдың 175 жылдығына орай ақын мұрасын латыннегізді әліпбиде насихаттау мақсатында өткен жылы студенттер арасында «Жаңа әліпбимен Абайды оқы» шаралары өтіпті.
Ономастика мәселесіне арналған 50-ден астам семинар-кеңес, дөңгелек үстел, конференция өткен екен.
– Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап 2019 жылға дейін 141 әкімшілік-аумақтық бірлік қайта аталды. Семипалатинск қаласы Семей, Лениногорск қаласы Риддер, Зырян қаласы Алтай болып өзгертілді. Аталған мерзімде 791 көшенің атауы өзгертілді, 64 мектептің атауы қайта аталды, – деді Роза Әшімханқызы.
2018 жылы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес басқарма ғалымдар мен тарихшыларды, этномәдени бірлестіктердің өкілдерін, ақсақалдар кеңестерін тарта отырып, өңірдегі идеологиялық тұрғыда ескірген, қайта атауға жататын атауларға талдау жасалған. Сонымен, облыстағы 7793 көшенің 439-ы, 1076 әкімшілік-аумақтық бірліктің 46-сы, 11 мектептің атауы осы санатқа жатқызылған екен.
Мәселен, сол 2018 жылдың басында облыста 51 Ленин, 21 Киров, 68 Советская, 47 Октябрьская, 29 Комсомольская, 15 Совхозная, 13 Колхозная көшесі болған. Сол жылы 292 көше, 14 елді мекен, 9 нысан атауы ауыстырылды. Ал 2019 жылы 124 көше, 2 елдімекен, 21 нысан атауы өзгертілді.
Осы күнге дейін жоғарыда аталған идеологиялық тұрғыдан ескірген 439 көшенің 291-інің (66%), 46 әкімшілік-аумақтық бірліктің 17-сінің (37%), 11 мектептің 9-ының (81%) атауы ауыстырылыпты.
Енді бүгінде облыста 148 көше, 29 әкімшілік-аумақтық бірлік, 3 мектептің атауы өзгертуді қажет етеді. Оның ішінде 24 Ленин, 10 Киров, 35 Советская, 14 Октябрьская, 11 Комсомольская көшесі бар.
Ақпаратқа сәйкес, облыстағы жекеменшік орталықтарда 23 мыңнан астам, мекемелер мен кәсіпорындар жанындағы үйірмелерде 18 мыңнан астам адам ағылшын тілін оқыпты. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 2017 жылдан бастап медицина қызметкерлеріне ағылшын тілін оқыту курстары жүргізіліп келеді екен. Үш жылдың ішінде 161 дәрігер ағылшын тілін оқып, халықаралық «IELTS» сертификатына ие болған.
Тақырыпты түйіндер болсақ, бүгінгі таңда облыстағы қазақ тілін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі 83 пайызды, ағылшын тілін меңгергендер үлесі 5,5 пайызды, үш тілді меңгерген тұрғындар үлесі 4,7 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіштер өсе бермек. Себебі еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы іске қосылды.
Осы жылы басқарма, аудан, қала әкімдіктеріосы құжатты аудан-қалаларда түсіндірмек. Бағдарлама аясында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, латыннегізді жаңа қазақ әліпбиін түсіндіру, үштілділікті дамыту, этностарға өз ана тілдерін оқыту, елді мекендердің тарихи атауын қайтарып, идеологиялық тұрғыда ескірген атауларды жаңарту бойынша жұмыстар атқарылатын болады.
Ержан Әбіш