«Ба» айналасына бақыт сыйлайды

Облыстық орыс драма театры жаңа қойылымның тұсауын кесті. Ресейлік драматург Ю.Тупикинаның «Ба» спектаклі театрсүйер қауымның көңілінен шықты.
Шындығында, спектакльдің негізгі өзегіне айналған жағдай бәрімізге жақсы таныс. Адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынастың жоғалып бара жатуы бүгінгі күні көпшілікті алаңдататын мәселе екені сөзсіз. Тіпті бірге туған бауырлардың арасында да көзге көрінбейтін бір шыңырау пайда болғандай.
Жақыныңмен жарқылдап араласқаннан гөрі, әрқайсымыз компьютерге немесе қолымыздағы смартфонға шұқшиып, ғаламторды шарлағанды жақсы көреміз. Виртуалды әлем күн сайын бізді өз тұңғиығына тартып әкетіп бара жатыр. Ал Мәскеудегі немересін іздеп Сібірден келген жай ғана «Ба» ұмытыла бастаған осынау тіршілікті көрерменнің есіне салғандай. Ол мерекелік кештер мен отбасылық отырыстарды, көршімен қалай тату-тәтті болу керектігін көрсетіп, өткенді қайта тірілтеді. Құдай-ау, ғаламтордан басқа да өмір бар ғой…
Мәскеудегі Ольганың пәтеріне Сібірден «Бамен» бірге жылылық, махаббат, сүйіспеншілік келеді. Тіпті, «Ба» терезедегі сұр пердені аспан түстес көгілдір түске ауыстырып тастайды. Қойылымда басты рөлді Мәдениет саласының үздігі Т.Коблова сомдайды. Кейіпкердің ақкөңіл, аңқылдақ мінезі көрерменге кейде күлкі сыйласа, кейде мұңға бөлейді.
– Рөлім өзіме сондай ұнайды. Қалыптасқан қасаң тіршілікті өзгерту оның қолынан келмесе де, немересінің, оның достарының, көршілерінің жан дүниесіне қандай да бір сәуле құя білді. Айналадағы сұрқай тірлікті жандандырды, – дейді Т.Коблова.
Қойылымның режиссері Роман Степенскийдің айтуынша, шығарма авторының есімі ресейлік көрермендерге өте танымал екен. Тіпті осынау заманауи шығармасы үшін ол драматургтердің халықаралық байқауында айтулы сыйлыққа да ие болыпты.
Мейрамтай Иманғали