Қоғам

Бағасы арзан, сапасы жақсы

       Өңір тұрғындарының облыс орталығынан баспана сатып алу мүмкіндігі артты. Он бесінші қазаннан бастап Өскемен қаласының 28-ші шағын ауданындағы 54 жеке тұрғын үйді сатып алуға өтініш қабылдау басталады.

Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы еліміздің стратегиялық даму жоспарын іске асыру құралы ретінде әзірленген болатын. Бағдарлама азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғырту және дамыту саласындағы мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын біріктіреді.

«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында банк салымшылары баспананы тек көпқабатты үйлерден ғана емес, сонымен қатар жеке тұрғын үйлерді де сатып ала алады. Биыл облыста «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» мемлекеттік бағдарламасының қанатқақты жобасы іске қосылғаны белгілі. Соның негізінде  облыс орталығының 28-ші шағын ауданында 54 жеке тұрғын үй салынды.

Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің өндірістік-техникалық секторының меңгерушісі Мадияр Абылхановтың айтуынша, бұл тұрғын үйлердің ауданы әртүрлі. Ауданы 80 шаршы метрлік 31 үй, 100 шаршы метрлік 13 үй және 130 шаршы метрлік 10 үй қазір сатылымға дайын. Үйлер бір қабатты, қалыңдығы 38 см кірпіштен салынған, нормативтік талаптарға сәйкес жылу оқшаулағыш қабат – минералды мақта плитасы төселіп, сырты 12 сантиметрлік кірпішпен қапталған. Үйдің төбесінің биіктігі 2,8 метр, үйлер ауданына байланысты үш, төрт және бес бөлмелі. Құрылысты салушы –  семейлік «Восток-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Үйлердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жүргізіліп, орталықтандырылған электр, су, кәріз жүйесі тартылды. Қазір қарқынды жүріп жатқан  жол жөндеу жұмыстары сатып алушылар үйлеріне кіргенше толық аяқталады деп отыр.

«Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының басшысы Нәзигүл Аккулова айтып өткендей, жобаның шарттары бойынша жеке тұрғын үйлерді сатып алуға жергілікті әкімдікте жер учаскесін алуға кезекте тұрған азаматтар үміткер бола алады.

– Бұл жеке тұрғын үйлерді сатып алу үшін азамат жер учаскесін алуға жергілікті атқарушы органдарда кезекке тіркелгенін, баспананы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ипотекалық несиесі арқылы немесе жеке қаражаты есебінен сатып алу мүмкіндігін растауы керек. Өтініш берушінің және оның тұрақты түрде бірге тұратын отбасы мүшелерінің (жұбайы, кәмелет жасқа толмаған балалары), сонымен қатар отбасының құрамына кіретін басқа да отбасы мүшелерінің ел аумағында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйі немесе меншік баспанасы болмауы тиіс.

Өтініш қабылдау 15 қазаннан басталады, бірақ ол күнді күтпей-ақ Бейбітшілік көшесі, 25/1 және Михаэлис көшесі, 2 мекенжайларында орналасқан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне келіп, осы жоба бойынша үй алуға табысы жете ме, мүмкіндігі бар ма екендігін алдын ала тексеріп алуға болады. Банкте бұрын есепшоты болмаса, қазір де ашып, алғашқы жарнаны салып қою мүмкіндігі бар. Жер алу кезегіне де қазір тұруға жағдай жасалған. Көпбалалы, жалғызбасты аналар немесе әлеуметтік жағынан аз қамтылған баспанасыз отбасылар сияқты арнайы санаттағы тұрғындар халықты әлеуметтік қорғау мекемелері арқылы алғашқы жарнаның сертификатын алуға болады, – деді Нәзигүл Аккулова.

Осылайша, өтініш беруші мемлекеттен жер телімін ақысыз алады, ал оған салынған үйді сатып алуға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жылына бес пайыздық мөлшерлемемен 25 жыл мерзімге жеңілдетілген несие беріледі. Ол үшін сізде баспана құнының жиырма пайызын құрайтын алғашқы жарна болуы керек. Бағдарламаның шарты бойынша үйдің бір шаршы метрінің құны – 120 мың теңге.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button