Қоғам

БАҒАНЫҢ ӨСКЕНІ БАЙҚАЛСА, ХАБАРЛАҢЫЗ

«БІЗДІҢ СӨРЕЛЕР ДЕ БОС ҚАЛУЫ МҮМКІН БЕ?»

Әлемде короновирус індетінің өршіп тұрған шағында  көк қағаздың қымбаттап, елде теңгенің тағы да құнсыздана түскені қазақстандықтардың уайымын үсті-үстіне  көбейтті.Кинотеатр иелері мемлекетіміздің басшысынан өз қызметтерін тоқтатпауды сұрап жатса, дүние –дүрмектің дүрбелеңіндегі дүйім жұрт қымбаттап кеткен «маскіні» іздеп сабылып, құны аспандап бара жатқан азық-түлікті жапатармағай сатып алып әбігерге түсуде.

Азық-түлік үшін «Magnum» желістерінде ұзын-сонар кезекке тұрып жатқан Нұр Сұлтан мен Алматы қалаларының тұрғындары ғана емес.Өскемендегі «Арзан» супермаркетінің, «Мыза» көшесіндегі толайым сауда нүктелерінің сатушылары да бір аптадан бері азық-түлік сатып алушылардың қатары әдеттегіден  көбейе түскенін айтады. Билік короновирустан сақтық шараларын күшейткен шақта тұрғындардың «короновирус» деп, «қымбатшылық» депсөмкелеп, қаптап алып жатқаны негізінен жармалар, түрлі консервіленген өнімдер, кондитерлік өнімдер, ұзақ сақталатын басқа да тамақ түрлері дейді мұндағылар. Азық-түліктердің толайым бағасы да барған сайын көтеріліп бара жатқанын  айтады. Бұл жерден шығып, дүкендерге, ауылдарға жеткенше жол шығынымен басқамен бағасы тағы да өсетіні анық.« Елімізде вирустың таралуынан Алла сақтасын. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Италиядағыдай, Қытайдағыдай біздің де сөрелер бос қалуы мүмкін ғой. Сондықтан сүрленген тағамдарды, макарон өнімдерін молынан алып жатырмыз» дейді Мызадағы толайым сауда орнына келген сатып алушылардың бірі.Түсінікті, дорбалап, қаптап, «Камаздап» алса да ел  азық –түлікті бар кезінде және қымбаттаған соң емес, қазіргі бағамен сатып алып қалғысы келеді, әрине ақшаң болса. Ең әуелі қымбат болса да бар болсын деңіз. Қазір вирус Қазақстанға тараса азық-түлік тапшылығы тууы мүмкін деген де сөз желдей есіп жүр.

Ал, кеше ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі халықтың азық-түліктің негізгі түрлерімен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізіліп жатқанын жариялады.  «Қазіргі уақытта аймақтардағы тұрақтандыру қорларында, өндірушілердің қоймаларында, сауда-саттық ұйымдары мен өзге де сақтау қоймаларында 12 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бар. Бұл көлем азық-түліктің түрлеріне байланысты 1 жылдан 6 айға дейін жеткілікті. Азық-түлік тауарларының өндірісі тоқтамайды. Тұрақты қор баршылық», – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратында.-«Азық-түліктер мен тауарлар өндіріс орнынан сауда орталықтары мен базарларға жоспарланған кесте бойынша жеткізіледі. ҚР Үкіметі азық-түліктің негізгі түрлерінің әдейі қымбаттап кетуін болдырмау шараларын жүзеге асырып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағаларын бақылауда ұстауда». АШМ сонымен қатар ҰР Ұлттық экономика министрлігінің бәсекені қорғау және дамыту комитеті нарық субъектілерінің баға бойынша сөз байласуына болдырмау үшін бақылауды күшейткенін хабарлайды. Мұндай жағдайда нарық субъектілеріне айыппұл санкциялары енгізілмек. «Азаматтарды дүрбелеңге берілмеуге шақырамыз. Егер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өскенін байқасаңыз, +7 7172 74-96-71 нөміріне немесе Телеграм арнасына хабарласуға болады», – деп хабарлайды министрлік.

ОБЛЫСТА ЕТ,ҰН, КҮРІШ ТЕ ҚЫМБАТТАДЫ…

Өткен жылғы сәйкес айымен салыстырғанда облыста инфляциялық үдерістердің артқаны айқын байқалады. Өңірде инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну баға индексі 2020 жылғы ақпанда өткен айға қатысты алғанда 100,7%, 2019 жылғы желтоқсанға – 101,2%-ды құраған.

Азық-түліктердің арасында 2020 жылдың ақпанында қаңтармен салыстырғанда жоғарғы сұрыпты бидай ұнынан нан бағасы 0,7%, бидай ұны – 2,0%, ұнтақ жармасы – 0,7%, қарақұмық жармасы – 2,5% және арпа жармасы – 0,6%, балалар тағамы, ет өнімдері, жеңсік балық консервілері – 1,3%-дан, макарон өнімдері – 2,2%, тоқаш және ұннан жасалған кондитерлік өнімдері – 0,3%, сиыр еті – 1,8%, қой еті, сиыр бауыры – 2,0%-дан, жылқы еті – 2,1%, теңіз өнімдері, татымдылықтар – 0,4%-дан, үльтрапастерленген сүт – 0,3%, пастерленген және косервіленген – 1,6%-дан, айран, жеміс және көкөніс шырындары – 0,5%-дан, қаймақ, сүзбе – 0,2%-дан, ірімшік – 1,9%, тұздалмаған сары май – 1,0%, майонез, салқындатқыш сусындар – 1,4%-дан, кофе – 0,9%, шай – 1,2%, минералды су – 1,8%, темекі өнімдері – 0,7%-ға қымбаттағаны тіркелген.

Статистикалық мәліметтер  жеміс-көкөніс өнімдерінен:баға алмаға 0,8%, жүзімге – 6,6%, алмұртқа – 2,8%, кептірілген жемістер мен жаңғақтарға – 0,4%, жаңа піскен қырыққабатқа – 3,8%, қиярға – 33,7% және қызанаққа – 14,9%, қызылшаға – 4,8%, сәбізге – 0,2%, сарымсаққа – 7,6%, тәтті бұрышқа – 15,0%, кептірілген бұршаққа – 0,2% және баданаға – 0,9%, консервіленген жасыл бұршаққа – 2,0% және жүгеріге – 1,5% қымбаттағанын көрсетіп отыр.

Азық-түлік емес тауарлардан киім, аяқкиім 0,3%, үйге арналған тауарлар – 0,6% (жиһаз – 1,3%, тұрмыстық тоқыма бұйымдары және техника – 0,2%-дан, ыдыс – 0,3%, жуғыш және тазалағыш заттар – 0,5%), телефон аппараттары – 0,9%, теледидарлар – 0,2%, ноутбуктар – 0,3%, баспасөз басылымдары – 0,7%, жеке бас гигиенасы тауарлары – 0,3% (сусабын – 0,8%, иіс сабын – 0,5% және балалар сабыны – 0,2%), автомобильдер – 0,4%, бензин – 2,9%, көмір – 0,2%-ға қымбаттаған.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында тұрмысқа жайлы үйді жалға алу 1,5%-ға өсіп, денсаулық сақтау жүйесінде емханадағы дәрігер-мамандардың қызметтері 4,4%, медициналық зертханалардың – 1,0%, санаторийлер – 1,1%, стоматологиялық қызметтері – 0,4%, физиотерапевтік ем – 0,8%, күндізгі стационарда емделу – 1,3%-ға қымбаттағаны тіркелген.

Көлік қызметі арасында қала маңына қатынайтын поезд билеті 2,5%, авиабилеттер – 9,7%, такси қызметтері – 1,5%-ға қымбаттай түскен.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары Владимир Гайламазян бүгінгі күні облыстық тұрақтандыру қорында 621 тонна қант, 1073 тонна картоп, 145 тонна қырыққабат, 224 тонна сәбіз, 298 тонна пияз қалғанын айтады. Өскемен мен Семейде азық –түлік бағасын тұрақтандыруға байланысты құрылған тұрақтандыру қорының бұл өнімдері сәуір айының соңына дейін сатылмақ. Ауа райының қолайсыздығына орай қыста тоқтап қалған сенбілік жәрмеңкелер Өскеменде 14 наурыздан бастап   қайтадан жалғастырылады.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button