Қоғам

Баға бақылауға алынған

Карантиндік шектеулердің бизнеске және тұтас ел экономикасына жақсы әсер етпегені рас. Кәсіпкерлер экономикалық тұрақсыздық жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр. Шағын және орта бизнес пандемия салдарынан біраз зардап шекті.

Мысалы, азық-түлік пен дәрі-дәрмекке сұранысты қоспағанда, тұтынушылық сұраныс деңгейі айтарлықтай төмендеген. Елімізде кәсіпкерлер санының азаюы байқалады.  Карантиндік шаралардан көлемі ірі сауда нысандары, ойын-сауық орталықтары, азық-түлік емес базарлар, қоғамдық тамақтану орындары, шаштараздар, сұлулық салондары, қоғамдық моншалар, кір жуу және химиялық тазалау орындары да зардап шеккен.

Десек те, бүгінде Семейдегі шағын және орта бизнестің жұмысы қалпына келе жатыр. Кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы», «Ақ ниет», «Еңбек» сияқты бағдарламалар көмекке келуде. Бұл бағдарламалардың кәсіпкерлер үшін бейілді шарттары бар әрі пайыздық мөлшерлемелері төмен. Сондай-ақ 5 миллион теңгеге дейін арнайы гранттар бөлінеді.

– Өткен аптада конкурс комиссиясының отырысы өтті, – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Анжела Маслова. – Семей қаласынан 53 адам өтініш берді. Енді конкурс нәтижесін күту қалды. Грант сомасының кемінде 10%-ына кәсіпкердің өзі қатысуы керек. Бұл – грант алудың міндетті шарты. Яғни, егер ол 5 миллиондық грантқа үміткер болса, өз шотында кемінде 500 мың теңге болуы тиіс. Кәсіпкер идеясы міндетті түрде инновациялық болуы керек. Бизнес-жоспары қажет. Ілеспе құжаттары жиналып, сертификаты екі жылға жарамды болуы керек. Яғни, адам қажетті құжаттарды жинап, бізге тексертуге келеді. Содан кейін жобасын облысқа жібереді, қорғайды, нәтижені күтеді. Бұл жолы грантқа өтінімдер көп болды.

Облыстық кәсіпкерлік палатасының ақпаратына сүйенсек, пандемияға байланысты өңірде 14 412 бизнес субъектісі өз қызметін тоқтата тұруға мәжбүр болған. Карантиндік шаралар ойын-сауық индустриясын түсімсіз қалдырды. Әлі күнге дейін Шығыс Қазақстанда 530-ға жуық бизнес субъектісі ашыла алмай отыр. Бұлар – кинотеатрлар, интернет-клубтар, букмекерлік кеңселер, бильярд, караоке, боулинг орталықтар, осы салада істейтін 4,3 мыңға жуық адам жұмыссыз қалған. Карантин жағдайындағы кәсіпкерліктің тағы бір осал түрі – туризм. Жылдың бірінші жартысында 2019 жылмен салыстырғанда туристік орындарға келушілер саны 32%-ға азайған.

Бүгінгі таңда Семейде 19 мыңнан астам бизнес субъектісі тіркелген. Олардың көбі – сауда және қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар. Қазіргі уақытта тек ойын-сауық мекемелерінің қызметіне тыйым салынды.

Міне, осындай қиын жағдайға қарамастан Семейде жаңа май зауыты іске қосылмақ. Себебі Семейге күнбағыс, басқа өсімдік майлары шеттен тасымалданады. Блокпост қойылған кезде олардың қалаға жетуі қиын. Сондықтан бұл жаңа буын кәсіпорны болып саналады. Бұған қазірдің өзінде 11 млрд теңгеден астам қаржы салыныпты. Зауытты украиндық мамандар жобалаған, ал элеваторы Түркиядан алынған. Май сығу жабдығы Болгариядан жеткізілмек.

Зауыт құрылысы бойынша негізгі жұмыстар аяқталған. Мердігерлер жабдықтарды орнатуға кірісіпті. «Qazaq-Astyq Group» ЖШС бас директоры Еркінбек Досқожановтың айтуынша, жыл соңына қарай оны іске қосу жоспарланып отыр.

– Зауыт 250 адамды жұмыспен қамтып, күн сайын бір мың тоннадан астам күнбағыс майын шығармақ, – дейді Еркінбек Досқожанов. – Өндіріс облыс шаруаларының май өнімдерін өткізу мәселесін шешеді және күнбағыстың Қытай, Ресей, Өзбекстан, Иранға тасымалданып кетуінің алдын алады. Сондай-ақ кәсіпорын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін мультипликативті тиімділік береді. Бүгінде экстракция цехының металл құрылымдары аяқталды. Олар Семей механикалық зауытында дайындалған. Май сығу цехында ескі жабдықтар бөлшектелді. Жылытудың негізгі шикізаты күнбағыс қабығы болмақ. Кәсіпорын өсімдік майын өндіру бойынша өңірде алдыңғы қатарға шығады деп үміттенеміз.

Бұл зауытқа облыс әкімі екі рет жұмыс сапарымен келді. Даниал Ахметов өңдеу секторының кәсіпорындарын дамыту мемлекет дамуына ықпал ететінін атап өткен болатын.

– Жарты жыл бұрын келгенімде мұнда ештеңе жоқ еді, –деді Даниал Кенжетайұлы. – Өте қысқа уақыт ішінде көп өзгерісті көріп отырмыз. Зауыт аяқталып қалды. Қайта өңдеу секторының мұндай кәсіпорындары өте маңызды. Өйткені мұнда ішкі сұраныс мәселесі шешілуде. Бұл жұмыстар Президент тапсырмасын жүзеге асыру болып табылады. Өндірілген өнім Қытай, Ресей нарығында да сатылмақ. Сәйкесінше, зығыр, рапс, күнбағыс алқаптары кеңейеді.

Расымен де, біз өсімдік майын көбіне Ресейден сатып аламыз. Сондықтан өсімдік майын елімізде шығару өте маңызды.

Облыстық статистика департаментінің мониторингіне сәйкес, 13-20 қазан аралығында Семейде қарақұмық, күнбағыс майы, жұмыртқа бағасының өсуі тіркеліпті. Қалған әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағалары тұрақты. Баға көтерілуінің басты себебі – карантиндік шаралар. Логистиканың және тауарларды тасымалдаудың өзгеруіне байланысты азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс көбейген.

– Күнбағыс майы бағасының өсуіне келсек, – дейді Анжела Маслова. – Май өндірушілерде былтыр өнім қоры азайып кеткен болатын. Шикізатты сатып алу бағасының өсуі, шығын материалдарын, реагенттерді, ыдыстарды Қазақстаннан тыс жерлерден сатып алуға байланысты өсімдік майының бағасы қымбаттады. Күнбағыс дәнін жинау аяқталып, биыл өнім шикізаты өзімізде өңделсе, баға төмендейді. Қарақұмық бағасының өсуі де маусымдық өзгеріске байланысты.  Былтыр егін қоры азайған болатын.  Қарақұмық тұқымын толық жинау аяқталғанда ғана баға тұрақтанады. Қант бағасының өсуіне шектеу шараларына байланысты шетелдерден келетін жеткізілімнің қысқаруы әсер етіп отыр. Жұмыртқа бағасының өсуі де маусымдық дей аламын.

Құс жемі бағасының өсуі де өз әсерін беріп отыр. Тауықтардың жұмыртқалау факторының маусымдық төмендеуі, сондай-ақ құс тұмауы бағаға әсер етсе керек.

– Жұмыртқа бағасы жем бағасының өсуіне сәйкес, – дейді Анжела Маслова. – Сонымен қатар Семей аймағында жұмыртқа өндірісі жоқ және жұмыртқа сырттан тасымалданады. Қала бұл өнімді өзі өндірсе, бағасы әлдеқайда төмен болар еді.

Анжела Маслованың айтуынша, көтерілген бағалар біртіндеп төмендеуі мүмкін. Бұл үшін Семей кәсіпкерлері еңбек етуде.

– Әлеуметтік азық-түлікке бағаларды реттеуге орай мониторинг тұрақты жүргізіледі. Егер біз әлеуметтік маңызы бар өнімнің бағасы әдейі жоғары екенін көрсек, түсіндіру жұмысын жүргізіп, сатушының бағаны не себептен көтергенін анықтаймыз. Кәсіпкерлермен меморандум жасаймыз, – дейді ол.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімі мамандарының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ұсынылатын сауда үстемесі 10%-дан аспауы керек.

– 6-13 қазан аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үш атауы бойынша бағаның өсуі тіркелді. Бұл картоп, қант және жұмыртқа, – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары.

Айта кету керек, 2020 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тұрақтандыру бойынша ірі сауда кәсіпорындармен екі меморандумға қол қойылыпты. Сондай-ақ ұн, нан, құс еті және сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындармен және шаруа қожалықтарымен алты меморандум жасалған. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірлік тұрақтандыру қорынан макарон өнімдерін 194 теңгеден, күрішті 281 теңгеден сату үшін бөлшек сауда кәсіпорындарымен меморандумдар бекіткен.

Семейде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру мақсатында тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Агрофирма «Приречное» ЖШС-нен үш мың тонна көкөністі, оның ішінде бір мың тонна картоп, 850 тонна қырыққабат, 400 тонна сәбіз, 750 тонна пияз сатып алған. Қарашаның басында тұрақтандыру қорының өнімдері қоймаларға толық жеткізілді.  Қарашадан мамырға дейін бұл өнімдер халыққа сатылады.

Қазір қаладағы сауда үйлері, кәсіпорындармен тұрақтандыру қорының өнімдерін сатуға меморандумдар жасалуда. Сату орындары кейін ақпарат құралдарында жарияланбақ.

Жергілікті тауар өндірушілер халыққа көмек көрсетуге әрқашан дайын. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тауарларының бағасы біршама тұрақты. Қарапайым халық үшін «Северный» сауда-логистикалық орталығында ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізу кезінде жақын маңдағы шаруа қожалықтары өз өнімдерін тұтынушыға тікелей сата алатындай 20 тегін сауда орны ұсынылып отыр. Биыл мұнда 18 ауыл шаруашылық  жәрмеңкесі өтіп, барлығы 158,7 млн. теңгенің өнімі сатылған.

– «Жасыл дәліздің» арқасында төтенше жағдай режимінде азық-түлікпен қамтуға орай кедергілер болған жоқ. Алдағы уақытта Қазақстан бойынша блокпостар алынып тасталса, тауар өндірушілер қалаға азық-түлікті кедергісіз әкеле алады, – дейді Анжела Маслова.

Әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізіміне бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты бидай наны, қарақұмық жармасы, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, сүт сияқты тағамдар кіреді. Майлылығы 2,5% айран, жұмыртқа, тұз, 5-9% майлылығы бар сүзбе де осы қатарда. Әрине, Семейде дүкен көп, олардың әрқайсысын бір аптада бақылау мүмкін де емес. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрақты дейді кәсіпкерлік бөлімі. Әзірше, халықтан «мына жерде баға тым қымбат» деген арыз түскен жоқ.

Міне, Семейдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру саясаты осылай жүріп жатыр. Инфляциялық процесті ұстап тұру мақсатында барлық жұмыстар жасалуда. Бағаны негізсіз өсіру орын алған жағдайда жедел шаралар қолданылады.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button