Қоғам

Баға бұрынғы деңгейде сақталады

 Бесінші қарашадан бастап сатылымға шығатын тұрақтандыру қорының өнімдері 2020 жылдың 15 мамырына дейінгі аралықта өңір тұрғындарына қолжетімді болмақ.  Бұл жөнінде  аймақтық азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорларын басқару комиссиясының отырысында айтылды.

5700 тонна көкөніс  Семей қаласындағы «Агрофирма «Приречное» ЖШС-нің қоймаларына  қойылды. Әр келісі 47,99 теңгеден сатып алынған көкөністердің 2,7 мың тоннасы Өскеменге арналса, қалған 3 мың тоннасы Семей қаласында сатылады.

«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өкілдерінің хабарлауынша, алдын ала қос қаладағы көкөніс өнімдерінің бағасына мониторинг жасалып, ортақ баға шығарылған екен. Мысалы, Өскеменде картоптың нарықтағы бағасы 108, қырыққабат 140, сәбіз  113, пияз  101 теңгені құраса, Семейде бұл көкөніс түрлері бірнеше пайыз арзан екендігі анықталды. Мысалы, мұнда картоптың нарықтық бағасы 87, қырыққабаттікі   99, сәбіздікі  88, пияздікі  90 теңгені құраған. Корпорация өкілдері тұрақтандыру қоры атынан сатылатын өнімдерді нарықтағы бағадан арзанға, яғни әр келісін 72 теңгеден сатуды жөн деп тапқан. Келісі 47,99 теңгеге сатып алынған көкөністерге 24,01 теңге жол шығыны, таразы, тиеу және түсіру, қосымша құн салығы сияқты шығындар қосылған.

 

– Қор өнімдерін сатуда қырыққабаттың сатылу кестесін өзгерту қажет, – деді жиын барысында «Агрофирма «Приречное» ЖШС директоры Мұхит Тұмабаев. – Өйткені сәуір айының басына қарай облысқа оңтүстік өңірлерден жеткізілетін жаңа піскен қырыққабат біздің өнімнің өтімін төмендетіп жібереді. Сол себепті оны бірінші сәуірге дейін қысқарту қажет. Ал басқа көкөніс түрлерін саудалауда мәселе жоқ. Картопты маусым айына дейін сақтауға болады.

Сондай-ақ тұрақтандыру қоры өнімдерін тасымалдайтын жүк көліктерінің қала ішіне кіріп-шығу қиындығына байланысты мәселе көтерген Мұхит Тұрсынханұлы Полиция басқармасының жүк көліктерінің еркін жүріп-тұруына жағдай жасайтын арнайы рұқсаты қажет екенін тілге тиек етті.

Бұдан бөлек, комиссия отырысында Өскемен қаласындағы тұрақтандыру қоры өнімдерін сататын 17 сауда нысанының 350 мың тұрғыны бар қала үшін тым аз екендігі айтылды. Семейде бұл мәселе көкөніс өнімдерін сататын арнайы автокөліктер арқылы шешілген екен.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button