Бізге кемпингтер керек
«Қазавтожол» еліміз бойынша жол бойындағы 650 алаңды кәсіпкерлерге бермек, бизнесмендер аталмыш учаскелерде қызмет көрсету нысандарын салуы тиіс. Өз кезегінде, компания бұл алаңдарды күтіп ұстау және абаттандыру жұмыстарын өз мойнына алатын болады.
– Бүгінгі таңда елдегі республикалық жолдарда 651 демалыс алаңы бар. Біз кәсіпкерлерге сол алаңдарды алып, кемпингтер, қызмет көрсету нысандарын салуды ұсынамыз, – дейді «Қазавтожол» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Алмас Ақылов онлайн-брифинг барысында.
Ұлттық компания бұл алаңдарды паркингтермен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларды тазалап, күтіп ұстайды, қоқыс шығару, жарықтандыру жұмыстарымен айналысады. Істі бастау үшін кәсіпкер «Қазавтожол» сайтына өтінім беруі қажет. Барлық қосымша ақпарат сонда орналастырылған.
Алмас Ақыловтың айтуынша, бүгінгі таңда республикалық жолдарда 1824 сервис нысаны жұмыс істейді. Олардың 52%-ы немесе 902-сі ғана ұлттық стандартқа сәйкес келеді. Атап өтерлігі, стандарттың бір талабы – қарапайым жылы дәретхананың болуы.
– Жол бойындағы қызмет көрсету орындары – басты мәселелердің бірі. Бұл – Шығыс Қазақстанға да тән проблема. Олардың саны аз, бар болса да көрсететін қызметі талапқа сай келмейді. Жол бойында тамақтандыру, көлік жөндеу, жанармай құю орны, қонақ үйі, жылы суы, заманауи санитарлық торабы бар демалыс орындары аса қажет, – деген басқарма өкілі кәсіпкерлердің ұтымды ұсынысқа қызығушылық танытарына сенім білдірді.
Ержан Әбіш