Қоғам

«Біздің №1»

 Дәл осындай атаумен Семейде Жастар жылы аясында Тұңғыш Президент күніне орай облыстық Жастар форумы өтті. Форум аясында өңірдің белсенді жастары облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіповамен бейресми жағдайда кездесіп, емен-жарқын пікір алмасты.

Кездесуге халықаралық және республикалық «WorldSkills» чемпионатының жеңімпаздары, шығармашылықпен айналысатын дарынды жастар, үкіметтік емес жастар ұйымдарының өкілдері, жастар мәслихатының депутаттары, кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін жас мамандар, облыстық ІТ фестивальдің үздіктері, жастар ресурстық орталықтары мен SMM бөлімдерінің мамандары қатысты.

Облыстың ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабековтің айтуынша, қазіргі күні өңірде 14-29 жас аралығындағы 260 мың адам бар. Олармен 20 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, еріктілер мен қоғамдық ұйымдар, жастар ісі комитеттері сияқты 32 ұйым бар.

– Біздің ел 2014 жылдан бері «WorldSkills» халықаралық қозғалысының белсенді қатысушысы. Бұл жастардың техникалық-кәсіби мамандықтарды меңгеруге, жетілдіруге ықпал етеді. 2016 жылдан бері «WorldSkills Shygys» жобасы қолға алынған. Кейінгі екі жыл қатарынан облыс командасы еліміз бойынша ұлттық чемпионатта жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Біздің А.Хабатай, К.Алексей, В.Лиманский, А.Сагель, А.Зарлықанова, М.Рахыт, АКондратьев сынды жастарымыз халықаралық чемпионаттарда Қазақстанды бүкіл әлемге әйгіледі. Ал биыл  Татарстанның Қазан қаласында өткен «WorldSkills Kazan 2019» чемпионатында Электротехникалық колледж студенті Александр Бетцольд пен Исажан Раисов «Өз елінің үздік өкілі» марапатына ие болса, Әли Әскерханов үшінші орынды қанағат тұтты. Мұның бәрі өңірімізде жастар саясатының жемісті жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді, – деп атап өтті Әсем Нүсіпова.

Жастар форумы барысында Александр Бетцольд пен SMM ілгерілету бойынша белсенді жас Еркежан Досмұхаметова, облыс әкімі грантының иегері С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 3-курс студенті Виктория Кузнецова, «Серпін-2050» жобасының түлегі, «Казцинк» компаниясының маманы Дастан Күлбеков және тағы басқалары сөз сөйлеп, өздерінің ізгі тілектерін жеткізді.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, 2017 жылдан бері аймақта «Білікті маман» жобасы іске асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – өңірдегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетін арттыру.

Форум аясында қатысушылар үшін жастар ресурстық орталықтары жұмысының тиімділігін арттыру, ауыл жастарымен жұмысты ұйымдастыру шаралары мен SMM бойынша семинар-тренингтер өткізілді. Осылардың ішінде жастар ең көп бас қосқан алаң SMM, яғни әлеуметтік желілерде жылжыту, копирайтинг бойынша өткен семинар-тренинг болды. Оған «Шығыс Ақпарат» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Мирас Малгаждаров пен «Шығыс Ақпарат» ЖШС-нің SMM блогосферамен жұмыс бөлімінің басшысы Елжан Қайырқанов жаттықтырушы ретінде қатысты. Қалалар мен аудандардан жиналған жиырмадан астам SMM бөлімнің мамандары ерекше қызығушылық танытып, көптеген сұрақтар қойып, әлеуметтік желідегі белсенділік туралы мол мағлұмат алды.

– Біз жастарға әлеуметтік желілерде жұмыс істеуді үйреттік. Қазір әлеуметтік желі екен деп артық-ауыс сөздер жазуға болмайды. Сөйлеу, жазу әдебі, тіл мәдениеті, сондай-ақ ақпаратты жылдам беру секілді дүниелерді түсіндірдік. Көптеген сұрақтар қойылды. Алдағы уақытта осы жұмыстарды жалғастырамыз. Жастардың қызығушылығы шынымен де ерекше екен, – дейді Елжан Қайырқанов.

Форум аясында «Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. «Ұлттық еріктілер желісі» ұйымының атқарушы директоры Татьяна Миронюк М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде кездесу өткізді.

Сонымен қатар бұл күні «Жігерлі жастар ауылға» жобасы аясында «Үздік маман» атты ауыл шаруашылығы саласының жас қызметкерлері арасындағы байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмысымен танысқан форумға қатысушылар мұражайларды аралап, саяхат жасады.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button