«Үбі әуендері» әуеледі
Риддер қаласының Поперечное ауылында «Үбі әуендері» атты этнофестиваль болып өтті. «Алтын Алтай – аймақ дамуының байлығы» жобасының аясында өткен шараға Өскемен, Риддер қалалары мен Поперечное ауылының фольклорлық өнер ұжымдары, облыстың әр түкпірінен келген қолөнер шеберлері қатысты.
– Шара осымен екінші рет өтіп отыр. Біздің басты серіктесіміз – облыстық музей-қорық болып табылады. Музей-қорықтың қызметкерлері тек әдістемелік жағынан ғана көмек көрсетіп қойған жоқ, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін ұйымдастыруға да қолғабыс етті. Өйткені, «Убі әуендері» этнофестивалі тек музыкалық емес, әрі этнографиялық шара. Фестивальға қолөнер шеберлерінің қатысуы оның маңызын арттыра түседі, – дейді жобаның Риддер қаласы бойынша үйлестірушісі, «Бумеранг» мәдени-экологиялық бірлестігінің жетекшісі Татьяна Бутвилене.
Оның айтуынша, шараға сондай-ақ Риддер қаласының әкімдігі де үлкен қолдау көрсетіпті. Дәрігерлер мен өрт сөндірушілердің кезекшілігі де ұйымдастырылған.
Фестивальдың ашылу салтанатында қатысушыларды Риддер қаласы әкімі аппаратының жетекшісі Кирилл Ларионов құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Ауыл маңындағы көк шалғында ұйымдастырылған шараға таңертеңнен сіркіреп жауған жаңбырды да елеместен жиналған қауым өте көп болды. Ал аспан астында әуелеген алғашқы әсем әннен кейін-ақ бағана ғана еңсені басқан қою бұлт ыдырап сала берді.
Сондай-ақ, этнофестивальдың шырайын Шеберлер қаласы да керемет аша түсті. Киізден, бисерден, ағаштан жасалған түрлі бұйымдар тамашалаушылардың көзін сүйсіндіріп, көңіліне қуаныш сыйлады. Музей-қорықтың аға ғылыми қызметкері Раиса Мұхамеджанованың айтуынша, жәрмеңкеге қатысуға тек Өскеменнің өзінен жиырмаға жуық шебер келіпті. Жалпы алғанда, фестиваль қонақтарының назарына әртүрлі жанрда жасалған 400-ге жуық бұйым ұсынылыпты.
– Ең бір көңіл қуантатыны, фестивалға қатысушылардың арасында балалар да өте көп. Өйткені, ғасырлардан тамыр тартып келе жатқан мәдени дәстүрді жалғастыратын осы жастар, – дейді музей-қорықтың директоры Николай Зайцев.
Риддер қалалық мәслихатының хатшысы Игорь Панченко алдағы уақытта фестиваль ауқымын кеңейтіп, Қазақстанның бар өңірі мен Ресейдің Алтай аймағынан өнер ұжымдарын шақыру қажет деп санайды.
Мейрамтай Иманғали