Қоғам

Үбірлі-шүбірлі әулет болдық

 Жасы 90-ға таяған Фриде әже әлі тың, өзі жүріп-тұра алады, ширақ. Мейірімге толы көгілдір көздері шуақ шашып, өзіне тартып тұрады. 

– Анамды қалай мақтасам да сияды, – дейді әженің ортаншы ұлы Қанағат Шарахметов. – Жасынан әке-шешеден, туған-туыстан айырылған оның ұнжырғасы түсіп, жасығанын көрмеппін. Қашан көрсең де өмірге құлшынысы жоғары. Тоғыз бала, 15 немере, 30-ға тарта шөбере өсіріп отыр.

– Украинадағы Ворошиловград облысы, Алексеевка ауданына карасты Казаковка ауылында Гааг Алексей мен Кристинаның отбасында дүниеге кеппін. Соғыс бастала сала немістерді жер аударды. Пойызбен Қазақстанға жеткенше ұзақ жүрдік. Жолда талай қиындық болды. Қатты ашықтық. Тамақ түгілі су да болмады. Жүк таситын вагондардың суықтығы сондай,  қабырғасына қатқан мұзды темір кружкаға қырып алып, ерітіп іштік. Мен өзімнен екі-үш жас үлкен ағаммен бір вагонда, нағашыларым келесі вагонда еді. Пойыз бір станцияға тоқтағанда ағам екеуіміз жүгіріп шығып, тоқаш алдық. Тоқашты жеп, қайтып келе жатқанымызда нағашыларым тиелген вагонның үстінен бомба түсіп, күл-талқан болды. Нағашыларым түгел опат болды. Көп ұзамай бомба түскен вагонды ажыратты да состав әрі жүріп кетті.

Бізді Аягөз ауданының Таңсық станциясына түсірді. Осы жерде егін алқабында жұмыс істеп жүрген ағам екеуімізді Тұрсәлім Мырзаханов деген азамат көріп, бізді аяп, Шолпан ауылының Өндіріс қыстағына алып барды. Кейін ағам екеуіміздің жолымыз екіге айырылды. Ағам Александрды Мамырсу ауылындағы балалар үйіне орналастырды. Сосын Қарағандыдағы жетімдер үйіне жіберіпті. Қарағандыда да талай қызықты оқиғалар болды. Шахтада жұмыс істедім. Ауылда қазақ болып кеткен мен орысша дым сезбейтінмін. Шахтадағы орыс қыздар соны қызық көретін. Бірде «Бар, сағат қанша, көріп келші!» деп жіберді. Қарасам, 12-ден 10 минут кетіпті. Қалай айтарымды білмей қастарына келдім. Олар: «И сколько же время?» дегенде «Десять бежит двенадцать» деп қойып қаппын. Сөйтіп, ауылда өскен мен қаланың өміріне үйрене алмадым. Екі жыл қалада тұрғаннан кейін қайтып өз ауылыма келдім. Ағам да «Осы жетімсірегеніміз жетер» деп жанұясымен бірге Аягөзге маған жақын жерге көшіп келді.

Қазақ халқына рақмет! Үбірлі-шүбірлі әулет болып отырғаным – қазақ елінің арқасы. Бала-шағамның, әулетімнің атынан халқыма алғыс айтамын! – дейді Таскескен ауылының тұрғыны Фриде Шарахметова.

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button