Бүркітке барлау
Көрінген таудың алыстығы жоқ деп Топқайыңның тұсынан бес атты жігіт Бүркіт шыңын маңдайға алғанбыз. Биігіне шықпасақ та жолын көріп қайтсақ жарар еді. Тау мінезін жақсы білетін Бақтияр жол бастады. Біз межелеген шың бір қарағанда, қас пен қабақтың арасындай болғанмен, етегіне дейін бес сағат жүрдік.
Самырсынды кезеңнен асқанда Бүркіт шыңы көрінді. Бұл жолы биігіне қол созым-ақ жерден көз тастадық. Мұзды шыңдары сұстанып тұр. Тау баласы болғандықтан шығар, ұшар басына шығуды баяғыдан жоспарлап жүрміз.
Мұнар тауға, мұзарт шыңға құмар жазушы – Әлібек Асқаров пен Катонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Дүйсен Бралинов төбесіне жүз елу метрдей жетпей, кері қайтқан көрінеді. Әлібек ағаның айтуынша, ең басына артынып-тартынып шықпаса, жүрдім-бардым шыға салатын шың емес.
– Қырық құдықтың арғы жағында, Ұңғы деген жер бар. Кезінде шахта болған дейді үлкендер. Сонымен жайлауға асып түскенде Балуан тас жатыр, – деп Бақтияр шәй үстінде тереңнен әңгіме қозғады.
– Оны ерте кезде Төпен деген кісі кеудесіне дейін көтеріпті. Кейін ол тасты ешкім көтере алмаған. Бертін ғана сол кісінің немересі кіндік тұсына дейін әкеліпті. Ал кейінгі ұрпақтары жайлауға барғанда бабаларынан қалған балуан тасты орнынан қозғап ғана кетеді екен.
«Жасында байқары болмаса, қартайғанда айтары болмайды» деуші ме еді?! Бақтиярдың байқары көп сияқты.
Бір белден асқанда айнадай көл көрінді. Сарыалқа көлі. Діттеген жеріміз осы болатын. Жолбастаушымыздың айтуынша, алған беттен қайтпасақ, қорым тастарды басып өтіп, Бүркіттің биігіне шығуға болатын сияқты. Ол сапар енді уақыт еншісінде.
Топқайыңның іргесімен ағып, Күлмеске қосылатын Бүркіт өзені осы тұстан басталса керек.
Кері қайтқанда Аралбайдағы альпинисттердің үйіне түстік. Альпинист демекші, баяғыда-оу бір топ альпинист Бүркіттің биігіне екі күн жүріп өрмелеп шықса, арғы бетінде бір шал қой жайып отыр екен. Сөйтсе, шыңның оң түстік жағы жадағай сияқты.
Ағаш үйдің ауласына дастархан жайып, тағы шәй қайнаттық. – Бүркіттің биігіне шығатын болсақ, осы үйде бір түнеп алуға болады, – екен дейді Дәулет.
Ымырт үйіріле Мая текшедегі ирекпен ауылға қарай аяңдадық. Артыма бір бұрылып қарағанда, Бүркіт шыңы алыстай берген…
Фоторепортажды әзірлеген – Мерей Қайнарұлы