Қоғам

Бір уыс асфальт немесе жолдың сапасы қалай тексеріледі?

Кейінгі бірнеше жылда Шығыста жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Республикалық, облыстық және аудандық маңызға ие жолдар түрлі дәрежеде жөндеуден өткізіліп келеді. Алайда жолдарды қалпына келтіру қарқынды болғанымен, сапасына айтылар сын көп. Сондықтан қазынадан бөлінген миллиардтаған қаржының дұрыс жұмсалып, жолдың сапалы салынуы немесе жөнделуі ең негізгі мәселе.

Осы орайда өткен жылы мамыр айында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» деген республикалық мемлекеттік кәсіпорын құрылған. Бұл мекеменің міндеті – жолдың сапасын қадағалау. Ал сапалы жол – қауіпсіздік кепілі.

Былтыр Шығыс Қазақстанда 45 бағыт бойынша жолдарға түрлі дәрежедегі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардың талапқа сай болуын қадағалайтын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы»  облыстық филиалы былтыр мердігер мекемелердің жұмысынан 700-ден астам кемшілік анықтаған. Орталықтың көшпелі зертхана мамандары  жөндеуден өткен жолдың кез келген жерінен сынама алып, төселген асфальттың сапасын зерттейді. Егер кемшілік анықталса, арнайы хаттамаға сәйкес жауапты мекеме мен мердігер компанияға  олқылықты жоюға нұсқау береді. Одан соң қайта тексереді. Былтыр «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалы түрлі деңгейдегі жөндеуден өтіп жатқан жолдардан 626 сынама алып, тексеруден өткізген. Филиал директоры Ержан Аязбаевтың айтуынша, негізгі кемшіліктер асфальттың сапасына немесе қиыршық тасқа қатысты болады. Сондай-ақ жол белгілерінің дұрыс орнатылмауы, сызықтардың қисық болуы немесе материалдың дұрыс сақталмауы сияқты кемшіліктер ескеріледі. Осындай олқылықтарды жою үшін былтыр жауапты мекеме тарапынан мердігерлер мен тапсырыс берушілерге 336 хат жолданған.

Биыл бүкіл әлемге жайылған коронавирус пандемиясы жол құрылысы саласына көп кедергісін келтірген жоқ. Аймақта наурыз-сәуір айларында көлік қозғалысына енгізілген шектеуді жол жөндейтін мекемелер тиімді пайдалана білді. Тек сәуір айының өзінде Өскемен қаласында 12 шақырым жол жөндеуден өтті. Осы жөнделіп жатқан жолға пайдаланылатын материалдардың сапасын ұлттық сапа орталығының мамандары тексереді. Жылжымалы зертхана мамандары Өскемен қаласы бойынша сәуір-мамыр айларында жөнделіп жатқан жолдардан 60 рет қиынды алып, тексерген. Зерттеу нәтижесінде әрбір екінші қиынды-сынама талапқа сай болмай шықты. Кемшіліктерді түзету  үшін мердігер мекемелерге хат жолданған.

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ашылған бойда бірнеше жобаны қолға алды. Солардың бірі – «1000 мектеп жобасы». Бұл жобаның ерекшелігі – еліміздегі орта мектептердің 9-11 сынып оқушыларымен кездесу өткізу. Әрбір облыстағы филиал мамандары мектептерге барып, жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдау бойынша кеңес пен бағыт-бағдар береді. Былтырдан бері орталық мамандары облыстағы 200-ге жуық мектепте болды. Бір мыңнан аса оқушымен кездесу өткізіп, жол саласындағы мамандықтардың ерекшелігі туралы әңгімелеп берді. Өйткені соңғы жылдары жол-құрылысы саласында білікті мамандар тапшылығы сезіле бастады. Әсіресе  соңғы үлгіде шығарылған техникамен жұмыс істейтін кадрлар аз. Қазір Шығыста халықаралық және облыстық маңызға ие бірнеше жол қайта салынып жатыр. Жазда жұмыс қызған кезде жолдың әр бөлігіне аз дегенде 10-20 ауыр техника жұмылдырылады. Бірақ оны басқаратын білікті мамандар тапшы. Сондықтан Жол активтері ұлттық сапа орталығының өкілдері кадр мәселесін шешуді мектептен бастауды ұсынып отыр. Қазір жоғары дәрежедегі автомагистральдарды салудың технологиясы мүлде бөлек. Жұмысшылар бұрынғыдай қолмен жұмыс істемейді. Соңғы үлгідегі техникалар да компьютермен басқарылады. Ондай мамандарды өңірдегі жоғары оқу орындары даярлап жатыр. Инженер, жобалаушы және жол сапасын зерттеу бойынша диплом алған бірде-бір маман жұмыссыз қалмаған. Қазір бұл салада еңбек ететіндердің жалақысы да жоғары.

«Didar» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button