Қоғам

Бір күнде екі ескерткіш ашылды

Тарбағатайдың тағы екі тарихи тұлғасына ұрпақтары ескерткіш қойды.

Тарбағатай өңірінде үш ғасыр бұрын өмір сүрген батыр Сайболат Жұмықұлына ұрпақтары Құйған ауылындағы орталық саябаққа ескерткіш қойды. Бұл – ел егемендігін алғалы Тарбағатай өңірінде орнатылған сегізінші тарихи ескерткіш.

Ашылу салтанатына қоғам қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар келді. Ақжар ауылындағы мәдениет үйінде  тарихшылардың қатысуымен «Сайболат шежіресі» кітабының тұсауы кесіліп, «Ру тарихы – ұлт тарихы» ғылыми конференциясы өтті. Жазушы, ғалым Н.Ақышев «Сайболат сияқты батыр, дипломат адамды ұрпақ білуі тиіс, оның өнегелі істері бір кітаппен тоқталмай, ғылыми еңбектер жазылуы керек» деп ой түйіндеді.

Дәл осы күні Сайболаттегі Құрбанқажы батырдың  ескерткіші де ашылды. Қоңыз батыр атанған, 18 ғасырдың  аяғында өмір сүрген Құрбанқажы орта жүздегі мұсылманшылық жолды көрсеткен рухани көсем болған-ды.

Ашылу салтанатында Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университеттің ғалымы Заңғар Тілеуғазыұлы «бұл тұлғалардың алар орны айрықша, олар әлі талай  зерттеледі» деді. Қоңыз батыр – Тарбағатай өңірінде алғаш орыс мектебін аштырып, мешіт салдырған, шежірелік, тарихи еңбектер қалдырған тұлға.

Шара аясында «Мен ұрпағыммен тірімін» мүшәйрасы  өтіп, бас жүлде – автокөлікті белгілі ақын Аслан Ғафуров иеленді. Ақжар ауылының орталығындағы саябақта елдің мықты балуандары белдесіп, түйе балуан, өгіз балуан  сайыстары сарапқа салынды.

Сайболат Жұмықұлының 350  жылдығына ұрпақтары аламан бәйге өткізіп, бас жүлдеге автокөлік тігілді. Кешкісін ақжарлықтар танымал өнерпаздардың өнерін тамашалады.

Қадырбек  Кәкімұлы

Осы айдарда

Back to top button