Руханият

Бір ел – бір тағдыр

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 25 жылдығын атап өтуде. Бұл республикалық жобаға  Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың наурыз айында бастамашы болған-ды.

Осы уақыт ішінде ҚХА этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық институттардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттырумен айналысып, тәуелсіз Қазақстанда қалыптасқан қоғамның бірегей моделін жетілдіріп келеді. ҚХА қызметі аясында еліміздің қалаларында Достық үйлері ашылған болатын.

Семей қаласының Достық үйінде 23 этномәдени орталық, тоғыз жастар қанаты, 27 шығармашылық бірлестік жұмыс істейді. Олардың барлығы бүгінде «Шығыс Қазақстан – жанжалсыз аумақ» атты бір жоба бойынша жұмыс істеуде. Қалалық Достық үйінің жұмысы туралы оның жетекшісі Надежда Шарова айтып берді.

– Бізде 12 үйірме, 205 баланы қамтитын вокалдық-хореографиялық және тілдік топтар жұмыс істейді, – дейді Надежда Шарова. – Бұлар – Лилия Гончаруктың жетекшілігіндегі «Возрождение» Шығыс Қазақстан облыстық немістер бірлестігі және Камилия Исмаилованың жетекшілігіндегі «Шығыс Қазақстан облыстық татар қоғамдық орталығы». Жыл соңына дейін Кіші Владимировка ауылында 15 адамды қамтитын тіл тобын және орыс әлеуметтік-мәдени орталығы «Уют» студиясының екі жас тобына бөлінген 20 баланы қамтитын үйірмелерін ашу жоспарлануда.

Сонымен қатар Достық үйінің жанында қоғамдық негізде қоғамдық келісім кеңесі, аналар кеңесі, медиация кабинеті, еріктілер клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, журналистер клубы, меценаттар клубы және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істеуде.

Достық үйінің әкімшілігі, ҚХА мүшелері және этномәдени ұйымдардың басшылары қазақстандық бірегейлік пен бірлікті, қоғамдық келісімнің өзіндік моделін нығайту және дамыту бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді. Жұмыста негізгі күш халықтың түрлі топтарымен диалогты ұйымдастыруға, этномәдени орталықтардың белсенділігін арттыруға және халықтың өзекті мәселелерін шешуге жұмсалады.

– Отбасы институтын нығайту үшін отбасылық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерді насихаттау бойынша іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда, – деп түсіндірді Достық үйінің басшысы. – Бұлар – дөңгелек үстелдер, конференциялар, тренингтер, профилактикалық рейдтер мен сапарлар, сондай-ақ конкурстар, фестивальдар және Отбасы күні немесе Аналар күні сияқты тақырыптық мерекелер. Аналар кеңесі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне, отбасылардағы өзара іс-қимыл проблемаларына ерекше назар аударды. Биыл әлеуметтік серіктес – «Исток» қоғамдық бірлестігімен бірге еріктілер клубы құрылды, ЖОО мен колледж студенттері Достық үйі іс-шараларының белсенді қатысушылары және ұйымдастырушылары болып отыр.

Бүгінгі таңда облыстық «Возрождение» немістер бірлестігінің, «Айша бибі» қазақ мәдени орталығының, «Казачий стан» казак мәдениеті орталығының, «Хак» Ертіс татарлары мен башқұрттарының одағы» қауымдастығының шығармашылық ұжымдары елімізде ғана емес, шетелде де танымал. Олар көпұлтты Қазақстан халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, ең бастысы – ұлтаралық татулық пен келісімнің бірегей үлгісін насихаттап жүр.

Төтенше жағдайда, қазіргі карантиндік шектеулер кезеңінде де жұмыс тоқтаған емес. Достық үйі этномәдени орталықтармен бірлесіп онлайн режимде жұмыс істеді. Төтенше жағдай кезінде еріктілер қиын тұрмыстық жағдайға тап болған семейліктерге көмек көрсетті.

«Biz birgemiz» акциясы аясында еріктілер бірқатар қайырымдылық акцияларын өткізді, мысалы, үш мыңнан астам медициналық қорғаныш маскаларын жасап, таратты. Семей казактары этномәдени орталығының белсенділері қалалық провизорлық стационарға жалпы сомасы 300 мың теңгеге душ кабинасын сатып алып, орнатты. «Возрождение» немістер қоғамдық бірлестігінің еріктілері ардагерлерге дәрі-дәрмек сатып алуға материалдық көмек көрсетті. «Рудаки» тәжік этномәдени орталығының белсенділері көпбалалы отбасынан шыққан бүлдіршінді шетелде емдеуге 1 200 000 теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті.

Сонымен қатар, Достық үйінің қызметкерлері этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың алғыс!» қайырымдылық акциясына белсенді қатысты, оның аясында 25 сыйлық пакеті, азық-түлік жиынтығы мен тәттілер дайындалды.

– Жыл басынан бері ҚХА-ның 1049 еріктісі тіркелген. Осы уақыт ішінде жалпы сомасы тоғыз миллион теңгеге жуық қайырымдылық көмек көрсетілді. Жүзге жуық волонтер жұмыс істеуде. Карантин кезінде олар соғыс және еңбек ардагерлеріне көмек көрсету, маскалар мен ақпараттық материалдарды тарату, балаларға арналған тегін онлайн кеңестер мен шеберлік сабақтарын өткізу жұмыстарын тоқтатқан жоқ, экологиялық сенбіліктерді де ұмытқан емес, – дейді Надежда Шарова.

Достық үйінің басшылығы карантин кезінде 350 адамға 2,5 миллион теңге көлемінде қажетті көмек көрсеткен қалалық меценаттарға ерекше алғыс білдіреді. Волонтерлер атап өткендей, пандемияға қарамастан, елімізде ең бастысы – бейбітшілік пен келісім бар. Барлық қазақстандықтарды «бір елміз» атты ортақ және маңызды ұғым біріктіреді.

Наргиз Омарқанова

 Семей.

Осы айдарда

Back to top button