Қоғам

Бір ауылды жидекпен қамтамасыз етіп отыр

Алты ай ақ көрпенің астында бүркеніп жататын Бородулиха өңірінде жыл он екі ай құлпынай өсірілмек. Мұндай идеяны Семейден Зенковкаға көшіп келген Ольга Колмогорова қолға алмақ. Жылыжай салып, жергілікті жұртты жидекпен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан кәсіпкер бұл іске өз қаржысымен қоса мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін қаражатты да кәдеге жаратып көрмек.

Туған жерге оралу

Бородулиха ауданына арнайы іссапармен барған біз Зенковкада қолға алынған осы бір игілікті істі көзбен көрмей кетуді жөн санамадық. Белағаш ауылдық округіне қарайтын шағын ауылдың тумасы туған жеріне қайта оралып, несібесін жерден табуға бел буыпты. Семейдегі қала өмірін ауылға алмастырған ол отбасылық бизнеске жыл басында кірісіпті.

– Бұл жұмысты қолға алмас бұрын Өскемен іргесіндегі Украинка ауылындағы жылыжайдың жұмысымен танысып қайтқан едім, – дейді Ольга Колмогорова. – Әрине, онда лимон, мандарин, банан және кофе сияқты тропиктік жеміс-жидек өсіріп жатқаны белгілі. Мен әзірге ондай деңгейге құлшынбаймын. Қазір бізде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бақытты балалық шағы өткен ата-анасының үйіне бірнеше жылдан соң қайтып оралған Ольга бұрындары картоп өсіріп келген бақша аумағының жартысына жылыжай салыпты. Қабырғасы жартылай жерге сұғына орналасқан жылыжайдың төбесі арнайы пластик шынылармен жабылған. Аумағы да ауқымды – 125 шаршы метр.

– Бұған дейін Семей қаласында тұрғанбыз. Отбасыммен ақылдаса келе туған ауылымызға оралуды жөн деп шештік. Қаладағы жайлы пәтерімізді сатып, сол қаражатты отбасылық бизнеске салуды ұйғардық. Осылайша, ата-анамыздың үйіне келіп, осы жерде жылыжай салуды ойластырдық. Анамның да мамандығы биолог. Маған кеңестерін беріп, әр өсімдікті қалай баптау керектігін үйретті, – дейді Ольга Николаевна.

Пеш салу керек

Бір жыл бұрын қабырғасы қаланған жылыжайға алғашқы қызанақ пен қияр көшеттерін биылғы ақпанда отырғызған Ольга маусым айына қарай жемісін жинай бастаған.

– Әзірге жылыжайға пеш орнатылған жоқ. Осы себепті біз көкөніс көшеттерін ақпанға қарай отырғыздық. Төбесі шыны болғандықтан, мұндағы температура ерте көктемде көшет егуге ыңғайлы. Қыстың қақаған аязында пеш болмаса, мұндағы ауа температурасы -7 градустан жоғарыламайды. Қазіргі уақытта «Еңбек» бағдарламасы арқылы 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі грантты алуға тапсырыс беріп қойдық. Үлкен ұлым «Бизнес Бастау» бағдарламасы аясында курсты тәмамдап, осы жобаны сәтті қорғап шықты. Ендігі кезекте мемлекет тарапынан бізге берілетін 500 мың теңгелік грантты күтіп отырмыз, – деп қосты Ольга Колмогорова.

Бұл қаражат жылыжай ішіне көмірмен жанатын пеш сатып алуға жететінін алға тартқан ол биылғы қыстан бастап көкөністі жыл он екі ай өсіруді қолға алатынын айтады.

Жайлы ортада өскен қызанақ пен қиярдың сабақтары бірнеше метрге дейін өрмелеп биіктеп кеткендігі соншалық жемісін сәкіге шығып үзуге тура келеді екен. Бұдан бөлек жылыжай ішінде құлпынай өсіруді да қолға алған кәсіпкер әйел бұл жидектен шаш етек пайда түсіруге болатынын байқаған.

– Алдағы уақытта жылыжайда құлпынай ғана өсірсек пе деп ойлап қоямын, – деп сөзін жалғады Ольга Ивановна. – Жидектің бұл түріне тұтынушылардың сұранысы жоғары, жергілікті тұрғындар пышақ үстінен талап әкетеді. Соған орай пайдасы да жаман емес. Біреулер тосап қайнатса, екінші біреулер емдік қасиетіне қызығады. Құлпынайды мамыр айының басынан бастап жинадық. Жергілікті дүкендердің сөрелері мен дәмхана дастархандарына қойылатын экзотикалық жидек түрлерін де өсіргім келеді. Ол әрине, болашақтың ісі. Биыл жазда біз Белағаш ауылдық округінің барлық дүкендерін қиярмен, қызанақпен қамтамасыз еттік. Аздап гүл тұқымдарын да сатып алып егіп көрдік.

Отбасының ортақ бизнесі

Алдағы уақытта тағы бір жылыжай кешенін салуды ойлаған кәсіпкер әйел қазірдің өзінде бизнесіне 3 миллион теңгеден астам қаражат құйған екен. Десе де ол жұмсалған қаражаттың еселеп қайтатынына сенімді.

– Барлығы да балаларымның болашағы. Үлкен ұлым колледж бітіріп, қазір қасымда көмекші болып жүр. Кішкентай ұлым ауыл мектебінде білім алып жатыр. Жолдасым екеуіміз, анамыз бар осы бизнесті ары қарай дөңгелентудің қамын жасап жатырмыз. Көпшілік ауылды жерде инновациялық жобаларды іске асыру мүмкін емес дейді. Бұл бос сөз. Біздің бастаған ісіміз бір жағынан қарапайым. Жер еміп пайда табу. Алайда қазіргі уақыттағы заманауи технологиялар мен материалдар осы қарапайымдылықты күрделі үрдіске айналдыруға мүмкіндік беретіні рас, – деді Ольга Николаевна.

Туған ауылына қайта оралып, еңбек етуді мұрат тұтқан бұл отбасының туған жер, өскен ортаға деген сүйіспеншілігі ерекше дерсіз. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Өйткені тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда Алманияны бетке алған сіңілісі Ирина мен оның күйеуі Константин уақыт өте Қазақстанға қайта оралған екен. Кәрі құрлықта ел мен жерді сағынған олар Зенковкаға табан тіреп, шаруашылықтарын бастаған. Нәтижесі жаман емес. Соның арқасында қайырымдылық іске бет бұрып, өз қаражаттарына ауылға 250 адамды орналастыратын жабық хоккей кортын салып берген.

Біле жүріңіз

«Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы  «Жас кәсіпкер»  жобасын биылдан бастап қолға алған. Мақсатты аудиториясы NEET санатындағы (жұмыссыз) жастар, жас және аз қамтылған көпбалалы отбасылар, 18 бен 29 жас аралығындағы еңбекке жарамды мүгедектер. Жобаны іске асыру «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында қалаларда, аудан орталықтарында, моноқалаларда және республикалық маңызы бар қалаларда жүзеге асырылады.

Бағдарламаның міндеттері:

– жастарды кәсіпкерлік қызметке жаппай тарту;

– перспективалы кәсіпкерлік идеяларды іріктеу және қолдау;

– бизнес жүргізу үшін практикалық оқыту және дағдыларды игеру;

– жастар арасында кәсіпкерлік қызметті дәріптеу;

– ауылда және қалада бизнес ортаны қалыптастыру.

Жобаға қатысу жастарға кәсіпкерлік негіздерін оқытуға, өз бизнесін ашуға және грант түрінде бастапқы 200 АЕК (505 мың теңге) көлемінде қаржы алуға,  жылдық 6%-бен 8000 АЕК-ке дейін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді.

Оқыту тәжірибелік тапсырмаларды, кейстерді, іскерлік ойындарды қолдана отырып, кәсіпкерлік қызметті нарықтық экономика жағдайында жүргізу кезінде белгілі бір ұғымдар мен құзыреттер шеңберін жүйелеу үшін ҰКП әзірлеген материалдар негізінде өткізіледі.

Жобаға қатысу үшін қатысушылар келесі құжаттарды тапсыруы қажет: жеке куәліктің көшірмесі, мекенжай анықтамасы (egov.kz) және жобаға қатысу үшін өтінішті толтыру.

 Азамат Темірбеков

Материал Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button