Руханият

Бүлдіршіндерге ойыншық тарту етті

     Облыстағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтар жетім балаларға гипстен ойыншық жасап, тарту етті.

Ата-ананың қамқорлығынсыз, жетім қалған балаларға ойыншық жасап, тарту ету – жазасын өтеушілердің өздерінің бастамасы. Түрме әкімшілігі олардың бұл идеясын қуана құптаған. Атап айтқанда, ОВ 156/2 қатаң қауіпсіздік мекемесіндегі жазасын өтеушілердің қолынан шыққан ойыншықтар, шынында да, кремет. Олардың барлығы да – «Маша және аю», «Миньондар», «Кунг-фу панда», «Холодное сердце» секілді балалар теледидардан сүйіп көретін мульфильмдердің кейіпкерлері.

– Бұл ойыншықтардың барлығы гипстен жасалды. Ойыншықтарды балалардың өздері бояй  алады.  Бұл баланың тұлға ретінде дамуы үшін өте қажет. Ойыншықтармен бірге біз балаларға түрме әкімшілігінен акварель бояулар мен түрлі-түрлі сыйлықтарды қоса беріп жібердік. Мұндай акция бізде бірінші рет өткізіліп отырған жоқ, алдағы уақытта тағы да өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді жазасын өтеуші Руслан Құсайынов.

– Бізде бүгінгі таңда сотталғандардың 80 пайызы жұмысқа орналасқан. Негізінен, мекеме әкімшілігіне қайырымдылық көмек көрсету туралы ұсыныстар өте көп түседі. Бұл жолы сотталған азаматтар «Үміт» балалар үйінің бүлдіршіндері үшін 50 ойыншық жасап берді. Жазасын өтеушілер қоғамға қандай да бір пайдасын тигізгісі келеді. Олардың кейбірі өзінің маңдай терімен тапқан ақшасын мұқтаж жандарға көмек үшін жұмсап жатады. Біз өз кезегінде оларға тек қолдау көрсетіп, балалар үйі, қарттар үйі әкімшілігімен және мұқтаж жандарға хабарласып отырамыз, – дейді түзеу мекемесінің бастығы, подполковник Еркін Кабин.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button