Қоғам

Бүлдіршіндерге балабақша сыйлады

   Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсінген жандардың бірі – Көлденең орта мектебінің түлегі Ерлан Нұрғазин. Ол өзінің балалық бал дәурен,  қызықты жастық шағын өткізген ауылына келіп, жерлестеріне үлкен сый жасады.

Жас жігіт ауыл орталығында оншақты жылдан бері тозып, бос тұрған ғимаратты сатып алып, жекеменшік балабақшаға айналдырды. Осылайша,  отбасымен Талдықорған қаласында тұратын  Ерлан өз қалтасынан 10 млн. қаражат шығарып, ескі үйді сәбилердің бал күлкісіне толған балабақшаға айналдырды. Тарбағатайдың қойнауына орналасқан ауылдағы  сәбилер үшін ашылып отырған бұл балабақшаның іші қазір кірсе-шыққысыз. 160 шаршы метрлік, 25 орынды балабақшаның ішкі интерьері эстетикалық тұрғыда әсем безендіріліп, ғимараттың іші арнайы жиһаздармен жабдықталған.

-Өздеріңіз көргендей бөлмелер жарық та жылы. Өйткені күн сәулесінің молынан түсуіне жағдай жасалынып, еден толық астынан жылытылады. Бүлдіршіндердің табандарынан сыз өтпеуі үшін осындай қадамға бардық,- дейді  «Талшын»  жекеменшік балабақшаны ашып отырған Ерлан  Нұрғазин.

Балабақшаның ауласы да заман талабына сай жабдықталыпты. Аулаға бүлдіршіндер ойнайтын әртүрлі баспалдақтар мен сырғанақтар,  әткеншектер мен алтыбақандар қойылған. Сондай-ақ сәбилердің шаршаған уақыттарында бір сәт дамылдайтын сәкілері де  көлеңке астынан орын алған.

  • Жекеменшік балабақшаға өз қаражатын салып, 12 жұмыс орнын ашып отырған Ерлан Нұрғазин 1985 жылы Бұрған ауылында дүниеге келген. Орта мектепті 2012 жылы Көлденеңде тәмамдап, кейін Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетін бітірген жігіт. Зайыбы Айжан- дәрігер. Екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы,- дейді Көлденең ауылдық округінің әкімі Сайлауқан Истемесов. – Ауылымыздан шыққан осындай азаматтарға алғысымыз шексіз. Биылдың өзінде мектеп бітірген түлектеріміз ауылдың кіреберісіне демалып отыратын саялы орын жасап берген еді.

Ал Ерлан Қадырбекұлы бұл игі істі «Туған жерге – тағзым!» акциясы аясында атқарып отырғандығын жеткізді.

Берікхан Тайжігіт

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button