БастыЖаңалықтар

Бұланның бұзауы сиырдың сүтін ішеді

Бір айдай уақыт бұрын аяғын енді апыл-тапыл басқан бұланның төлі жетім қалды. Оның енесін “Өскемен – Самар” тасжолында, Өмеш асуында көлік қағып кеткен болатын…
– Жетім қодығаның жарық әлемге келгеніне сол кезде, шамамен, он-ақ күн болған. Ең аяныштысы ол енесінен айырылмай, айнала иіскеп, қасында жүрген. Оны көрген жолаушылар орманшыларға хабарласып, алып кетуін талап еткен, – деді жануарлар саябағының қызметкері Ержан Әсемханов.
Иә, бейкүнә бұзау қазір Өскемендегі этнопарктің жануарлар саябағында қамқорлықта жүр.
– Саябаққа әкелместен бұрын 10 күндей орманшылардың қамқорлығында болған. Қазіргі таңда бұл жетім қодығаға бір ай болып қалды, – дейді бақташы.
Оның айтуы бойынша, алғашында жетім қодыға өте әлсіз болған. Биологтармен ақылдасқаннан кейін оның әзірге тек сүтпен қоректенетінін білген.
– Тек қана сүт ішетін болғандықтан, күніне үш уақ сиырдың табиғи сүтін береміз. Үш айға келгенде ғана жем-шөппен қоректендіреміз, – деді маман сүйкімді жануардың басынан сипап.
Айтпақшы, бақташылар қодығыға лақап ат та қойып қойған. Табылған жеріне орай Өмеш деп атаған. Қою қара көздері мөлдіреген бұланның баласы адамдардың ортасына осылайша тап болды. Алдағы уақытта әбден жетіліп, өскен соң өзінің тіршілік ортасына қоя беру ойда бар.
Айтқандайын, бұланды қаққан көлік әлі анықталған жоқ. Оны ауыр жүк көлігі қаққан болуы мүмкін деп жорамалдайды мамандар.

Гүлназ Жакенова

Осы айдарда

Back to top button