Аймақтар аухалыТОП

Бөлінген қаржының қайтарымы болуы тиіс

Биыл Алакөлдің шығыс  жақ  жағалауын абаттандыруға 4 млрд. теңге бөлініп отыр.

Алакөлдің жағалауын абаттандыру жұмыстары жалғасын табуда. 2016 жылдан бері бұл мақсатқа 6,2 млрд. теңге бөлінсе, үстіміздегі жылы бюджеттік инвестиция көлемі 3,9 млрд. теңгені құрады.

Инфрақұрылымның ұдайы жақсаруына қарамастан, көл жағалауының өзі еліміздің туризмді дамыту картасының ондығына енді. Кәсіпкерлер тарапынан әлі күнге дейін өздері мойындарына алған міндеттемелерінің толық есебі жоқ. Арбатты аралаған аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бизнесмендердің жағалаудағы басты көшеге жүргізген құрылысына көңілі толмады.

– Біз мұнда ауқымды абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өткен жылмен салыстырғанда мұнда айтарлықтай өзгерістер бар. Бірақ мен әр келген сайын кәсіпкерлерге назар аударамын, бізге, ең бастысы, мұнда турист ретінде келетін қазақстандықтарға деген басқаша көзқарас, басқаша деңгей керек. Бизнесмендер орташа әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсететін  түрік жағалауларына бәсекелес болуы тиіс. Тамақтандыру саласындағы кәсіпкерлер үлкен табыс тауып отыр. Бірақ әлі күнге дейін әлемдік талаптарға сай қызмет көрсететін не бір мейрамхана, не бір кафе жоқ. Оның үстіне, мұндай нысандардың барлығы орталықта, жағалаудың бойында орналасқан. Олардың ешқайсысы да абаттандыру, қызметтің сапасы туралы ойланбайды. Олар қандай бағаға болмасын адамдардың келетінін біледі, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы кәсіпкерлерді тамақтандыру нысандарын ретке келтіруге шақырды. Жалпы, көл жағалауында 345 кәсіпкерлік нысан қызмет көрсетеді. Оның ішінде 11,5 мың төсек-орындық 175 демалыс үйі, 36 қоғамдық тамақтандыру  нысаны, 27 дүкен, 104 дүңгіршек, үш дәріхана бар.

Үстіміздегі жылы сегіз жаңа демалыс үйі салынып, он бірі аумағын кеңейтті. Бұл тағы да қосымша 650 төсек-орын деген сөз. 200 орындық «Alakol Love» туристік кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша тағы да екі жоба іске асырыла бастады, яғни  су құбыры мен электр желісінің  құрылысы.

Ұзындығы 2,5 шақырымдық вело-тротуар жолының құрылысы мен абаттандырылуы аяқталып, бес жаңа   модульдік сауда павильоны орнатылды. Биыл көл жағасында жаңа әжетханалар, шешініп-киінетін кабиналар, құтқару посты, шағын су кемелеріне арналған қоршауы мен ақпараттық тақталары бар тұрақ салынады.

Демалушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін сахна мен би алаңы, аквапарк құрылысы басталды.

– Көріктендірудің түйінді сәті Үржардағы әуежайды қайта жаңғырту жұмысы болмақ, кез келген ұшақ қонуы үшін ұшып-қону жолағы ұзартылады. Бұл шаруа келесі жылдың соңында орындалады. Сондай-ақ біз үшін Үржар ауылын көріктендіру де өте маңызды. Бейнелеп айтсақ, Үржар – курортты аймақтың астанасы. Біз ауыл тартымды болу үшін  2,2 млрд. теңге бөлмекпіз. Енді бір үш жылдан кейін сіздер мүлдем басқа Үржарды көретін боласыздар, – деді облыс әкімі кәсіпкерлермен кездесуде.

«Didar» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button