Қоғам

Бұл мереке – халықтың шынайы ықыласы

 Облыс әкімі Даниал Ахметов өңір жұртшылығын Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Маңызы ерекше, мағынасы терең мерекенің салтанатты бөлімі Өскемендегі  Драма театрда ұйымдастырылды.

– Бұл мереке Қазақстанды әлемге танытқан Тұңғыш Президентімізге деген халқының шынайы ықыласы, алғысы, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов өзінің құттықтау сөзінде. – Биыл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел билігіне келгеніне тұп-тура отыз жыл толды. Осы жылдар ішінде ұмыт болған тарихымыз қайта оралып, рухымыз жаңғырды, өшкеніміз қайта жанды. Шекарамыз шегенделіп, мемлекеттік рәміздеріміз айқындалды. Төл теңгеміз шығып, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларымыз жүзеге асты.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде Елбасының елеулі істеріне  шығысқазақстандықтар да аз үлес қоспағанын тілге тиек еткен өңір басшысы, жарты ғасырға жуық қайғы мен қасірет әкелген Семей ядролық  полигонының жабылуын Тұңғыш Президенттің зор жетістіктерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан – ұлттар достығының қайнар көзіне айналып, Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылуына септігін тигізген өңір. Сарабдал саясаттың арқасында жүзден астам ұлт бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Ел экономикасының флагманы болған өндірістік орындардың арқасында еліміздің қадамы анық әрі мығым болды, болып та келеді.

– Елбасының халықаралық аренадағы рөлі де ерекше. әлемдік діндердің, алып мемлекеттердің басын Нұр-Сұлтан қаласына тоғыстырып, бейбіт келісімге шақыруы оның әлемдік деңгейдегі медиатор екенін танытты. ЭКСПО көрмесін ойдағыдай өткіздік. Сондай-ақ биліктің тізгінін конституциялық жолмен сабырлы түрде беруі, кезектен тыс Президент сайлауын өткізіп, ел тізгінін өзге адамға табыстауы оның тарапынан жасалған ақылды қадам деп танимыз, – деп қосты Даниал Ахметов.

Драма театрында өткен мерекелік шараға жергілікті шығармашылық ұжымдармен қатар Нұр-Сұлтан қаласындағы «Astana Opera» опера және балет театрының әншілері де шақырылды. Атап айтсақ, сахнада симфониялық оркестрдің қолдауымен елордадан келген «Astana Opera» театрының әншілері атақты тенор, Семей өңірінің тумасы Медет Чотабаев пен аягөздік Жұпар Ғабдуллина «Отаным», халық әні «Назқоңыр» және Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» сияқты композицияларын орындады. Бұдан бөлек, Вячеслав Ткач, Олжас Оспанов, Юлия Юрочкина сынды жергілікті әншілеріміз бастаған шығармашылық ұжымдар «Шашу», «Бір бала», «Елбасы елдің тұтқасы», «Қазақ елі» сияқты әндерді шырқады.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button