Қоғам

Бұл – үлкен мүмкіндік

Еліміздегі жоғары басқарушылық мемлекеттік лауазымдарға, ұлттық холдингтер мен компаниялардағы жоғары басқарушы лауазымдарға тағайындалуға мүмкіндік еліміздегі және шеттегі мыңдаған жас қазақстандықтың қызығушылығын тудырды.

Оның барлығы «Президенттік жастар кадр резервіне» іріктеуге қатысты. Резервке олардың ішіндегі 300 барынша талантты және даярланған жас алынады.

Қазіргі уақытта тестілеуді верификациялау қорытындысы бойынша 549 қатысушы жобаны таныстыру, эссе жазу және құзыреттерін бағалау сияқты үш кезеңнен тұратын іріктеудің келесі кезеңі – «Әлеуетті бағалаудан» өтуде.

Осы кезеңде үміткерлердің эссесі мен жобалық жұмысын онлайн түрде бір уақытта үш сарапшымен бағалайды.

Үміткерлер құзыреттерін бағалау үшін сертификатталған бағалаушылар мен кәсіби супервизорлар тартылды.

Олар үміткерлердің құзыреттерін мінез-құлық индикторлары арқылы, жеке және топтық ассесмент құралдарын қолдана отырып анықтайды.

«Әлеуетті бағалау» кезеңіне өткен үміткерлер өздерінің іріктеу жөніндегі ойларымен бөлісті.

– Басында 13 мың адамның тіркелгенін (Pkrezerv.kz сайтында) көрген кезде таңғалдым. Өйткені әрі кетсе бір жарым, екі мың адам болады деп ойладым. Көп жастардың бұл жобаға қызығушылығы зор. Соның ішінен бес жүзден аса адамның арасына ілінуіміз – үлкен мәртебе. Жалпы, іріктеу өте мықты ұйымдастырылған, ешқандай кедергі болған жоқ. Басында сұрақтары қиын деген әңгіме болды. Бірақ сайдың тасындай сапталған қыз-жігіттердің ондай сұрақтарға жауап бермеуі мүмкін емес, – дейді Бекжан есімді кәсіпкер.

Ал IT-саласының маманы Азамат іріктеуден өтпей қалса да өкінбейтінін жеткізді. Себебі, осы деңгейге жеткеннің өзі үлкен қуаныш екен. Энергетика саласының маманы Алексейдің айтуынша, бұл – өте ашық жүйе. Өйткені жүйелі жұмыс істеуінен-ақ тиянақты ойластырылған дүние екені байқалған.

– Барлығы өз кезегімен жүріп отырды. Бұл – жастарға өзін көрсетуге үлкен мүмкіндік, – дейді ол.

Айнара есімді мемлекеттік қызметші 24 сағат бойы қашықтықтан тестілеудің ыңғайлы болғанын айтады.

– Ұйымдастыруы маған  ұнады. Әр кезең сайын  жаңа сынақ алып отырдым – презентация жасау, 5 минут ішінде бес слайд көрсету, белгілі аралықта эссе тапсыру. Ұйымдастыру жағынан барлық ақпарат қолжетімді болды, – дейді туризм саласындағы Даниэль.

Элина, мемлекеттік қызметші:

– Кадр резерві жөнінде хабарландыру шыққаннан кейін бірден қатысқым келді. Бірақ айналамдағы адамдар «онда барлығы шешіліп қойған шығар» деген сөз қозғады. Мен талаптанып көру керек деп айттым. Біріншіден, Президент өзі жариялады. Екіншіден, бұл жаңа формат, үшіншіден, үлкен мүмкіндік. Жалпы, жобаның өзі бірегей. Онлайн және офлайн кезеңдер де бар. Техникалық қолдауға өтінім берген кезде шұғыл жауап береді. Мәселеңді шешіп, қолдау көрсетуге тырысады.

Гүльзира, кәсіподақ ұйымының қызметкері:

– Мені сайттың техникалық қамтылуы таңғалдырды. Барлығы қарастырылған. Техникалық қиындықтар туындаған жоқ. Ассесмент – үміткердің құзыреттерін бағалаудың заманауи үрдісі. Бүгінгі ассесмент тайм-менеджмент тарапынан жақсы ұйымдастырылған.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button