Азық-түлік бағасын тұрақтандыру басты назарда

Өңірімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Бұл жайлы аймақтық коммуникациялар орталығында өткен азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы онлайн баспасөз конференциясында өңірдегі кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармаларының және «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері айтып берді.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ақпараты бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі ағымдағы жылдың басынан бастап Өскемен қаласы бойынша 102,7 пайызды құрады, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 0,3% пайызға төмен, ал Семей қаласы бойынша 103 пайыз, бұл орташа республикалық көрсеткішпен тең.
Облыс орталығында жыл басынан бері тоғыз тауардың бағасы өскен. Атап айтатын болсақ, тауық жұмыртқасы 20 пайызға, күнбағыс майы 9,6 пайызға, қант 6,3 пайызға, макарон өнімдері 4,6 пайызға қымбаттады. Сонымен қатар қарақұмық, қырыққабат, сиыр еті, сәбіз, сарымайдың бағасы да едәуір көтерілді. Тек күріштің бағасы арзандаған.
Семейде тауық жұмыртқасы 22,4 пайызға, күнбағыс майы 15,8 пайызға, қант 4,5 пайызға қымбаттады. Мұнда да қырыққабат, қарақұмық, пияз, сәбіз және сиыр етінің қымбаттауы байқалды. Тауық еті мен күріштің бағасы төмендеген.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ольга Григорьеваның айтуынша, бағаны тұрақтандыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, 2,5 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен, көтерме сатушылармен және сауда нысандарымен ең төменгі 10% сауда үстемесін қолдану туралы меморандумдар жасалған. Оларды жүзеге асыру үшін 44 әлеуметтік дүкен мен 465 әлеуметтік бұрыш жұмыс істейді.
Қалалар мен аудандардың әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, оның ішінде жұмыртқа, күнбағыс майы, бірінші сұрыпты нанды сату кезінде ең төменгі 7-10% сауда үстемесін қолдану туралы меморандумдар жасады.
«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Эльдар Тумашиновтің айтуынша, бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес, облыстағы ірі сүт өңдеу кәсіпорны – «Восток – Молоко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмсақ орамдағы майлылығы 2,5% пастерленген сүттің, майлылығы 2,5% айранның және майлылығы 5-9% сүзбенің бағасын тұрақтандыру үшін қарыз берілген.
«Eco-Agro» ЖШС, «Каравай» ЖШС наубайханаларымен қаланың сауда нысандарына бірінші сұрыпты нанды ең төменгі бағасы бойынша жөнелту туралы келісім жасалды. Сатудың соңғы бағасы бір бөлке нан үшін – 75-85 теңге.
Күнбағыс майының бағасын төмендету мақсатында «Өскемен май зауыты» ЖШС кәсіпорнының басшылығымен күнбағыс майын қаланың әлеуметтік нүктелеріне 610 теңгемен жөнелту туралы меморандумға қол қойылды. «Май» АҚ, «Өскемен май зауыты», Востокселхозпродукт (күнбағыс майына), «Энпас» ЖШС (тауық жұмыртқасына), сондай-ақ екі көтерме сатушымен монополияға қарсы комплаенс жасалды.
Бұдан басқа, әлеуметтік сауда нысандарында халыққа 370-380 теңгеден сату үшін бірінші санаттағы жұмыртқаларды 350-360 теңгеден жөнелту жөнінде келісімге қол жеткізілді. Бөлшек сауда бағаларының шекті мөлшерінің 15 пайыз артуына байланысты кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы бірінші санаттағы тауық жұмыртқасының шекті бағасын 405 теңге мөлшерінде бекіту жөнінде қаулы әзірледі.
-Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қалалар мен аудандарда санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып, демалыс күні жәрмеңкелер өтеді. Былтыр сатылған өнімнің жалпы сомасы миллиард теңгеден асатын 432 жәрмеңке өткізілсе, биылғы жылдың ақпан, наурыз айларында ғана 626 миллион теңгенің өнімі сатылған 214 жәрмеңке ұйымдастырылды,-дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербол Қуанышев.
-Жәрмеңкелерді өткізу орындарын кеңейту мақсатында Өскемен қаласындағы «Дос-Нар» базарында және Семей қаласындағы «Жоламан» көтерме сауда орталығында қосымша жаңа орындар ашылды. Осы сенбі күні «Фреш-маркет» сауда орталығының жанындағы жәрмеңкеде Катонқарағай ауданы, «Дос-Нар» базарында Көкпекті ауданы, Семей қаласындағы «Северный» базарында Абай ауданы және «Жоламан» базарында Семей қаласы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізеді. Жәрмеңкелердегі баға Өскемен мен Семей қалаларының сауда нүктелеріндегі бағадан 10-15 пайызға төмен.
«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру бағдарламасын іске асыратын өңірлік ұйым. Қазір ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің ішінде бағдарламада көзделген екі тетік бойынша, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерімен меморандумдар жасау арқылы 13 түрлі азық-түліктің бағасын тұрақтандырады.
«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Эльдар Тумашиновтің айтуынша, тұрақтандыру қорын қалыптастыру шеңберінде 2020-2021 жылғы маусымаралық кезеңге өңірлік тұрақтандыру қорына жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден 5 700 тонна жеміс-көкөніс өнімін сатып алған. Бұдан басқа, шамамен 3 мың тонна бакалея тауарлары сатып алынды, атап айтқанда күріш, макарон, қарақұмық жармасы, бірінші сұрыпты бидай ұны.
– Жеміс-көкөніс өнімдерін сату былтырғы қарашадан бастап жүзеге асырылды. Қазірдің өзінде 4,6 мың тонна көкөніс, оның ішінде екі мың тоннаға жуық картоп, бір мың тоннадан астам қырыққабат, 668 тонна сәбіз, мың тонна пияз сатылды. Тағы 1 087 тонна жеміс-көкөніс өнімдері қоймаларда, олардың жартысы – картоп, – деп атап өтті Эльдар Тумашинов.
Тауарлардың азық-түлік тобын сату тұрақтандыру қорының жеке сауда орындары арқылы меморандумдар шеңберінде сауда нүктелері арқылы ең төменгі сауда үстемесімен жүзеге асырылады.
Бірінші сұрыпты бидай ұны әлеуметтік нан пісіруге арналған наубайханаларға бір килограмы 120 теңгеден сауда үстемесі қосылмай сатылды.
– Халыққа қолжетімді болу үшін және тұрғындарды барынша қамту үшін біз тұрақтандыру қорының өнімін өткізетін сауда нүктелерінің санын барынша көбейтеміз. Келісімшартқа сәйкес тұрақтандыру қорының өнімдерін өткізу мерзімдері белгіленген. Мәселен, қырыққабатты сату мерзімі 1 сәуірде, сәбіз бен пиязды сату 15 сәуірге дейін, картопты сату 15 мамырға дейін аяқталады. Алайда қазір тауарларды сату мерзімі аяқталғаннан кейін де жеміс-көкөніс өнімдерін сату 1 мамырға дейін сол бағамен жалғасады деген қосымша келісім бар, – деді Эльдар Тумашинов.
Қазір көкөніс-жемістерге, оның ішінде картопқа сұраныс жоғары. Өйткені базардағы картоптың бағасы 180-200 теңге шамасында. Ал тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде бір келі картоптың бағасы – 82 теңге, ал меморандум бойынша сауда жасайтын нүктелерде – 90 теңге.
Айта кету керек, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі өңірлік штабтардың отырыстары тұрақты түрде өткізіледі. Бұл бағытта жыл басынан бері 106 отырыс өткізілген.
Жергілікті атқарушы органдар мен облыстағы Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті департаментінің бағаны негізсіз көтеретін сауда субъектілерінен ақпарат алуда кездесетін проблемалық мәселелерді шешу үшін арнайы жұмыс тобы да құрылған.
Бағаны ұстап тұру мақсатында жергілікті уәкілетті және атқарушы органдардың, бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті агенттігінің қызметкерлерін, сондай-ақ «Nur Otan» партиясының өкілдерін тарта отырып, сауда орындарындағы бағаға тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.
Айжанат Бақытқызы