Қоғам

Қазыналы өңірдегі қарқынды іс

Қазыналы өңірдегі қарқынды іс


Ауыл халқын таза сумен қамту, тозығы шыққан жолдарды жөндеу, инвестиция көлемін арттыру, шағын және орта бизнесті ілгерілету, жастарды қолдау. Міне, осы және өзге де тақырыптарды Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықовпен қаузап, қазыналы аймақтың келешегі жайлы әңгіме өрбіттік. Айта кетейік, биыл киелі өңірдің құрылғанына 90 жыл толып отыр.

Өнеркәсіп өндірісі өркендеді

– Нұрлан Бәтташұлы, сұхбаттың әлқиссасын әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінен бастасақ. Өткен жылы Жарма ауданы негізгі даму динамикасы бойынша облыста көш бастаған еді…

– Аудан экономикасы сан-салалы. Бұдан бұрын ауыл шаруашылығынан түсетін өнім әдетте өндірістен көп болатын. Ал биыл тек 8 айдың өзінде өнеркәсіп өндірісі ауыл шаруашылығынан 2, 2 есеге асып түсті. Басқа да негізгі көрсеткіштеріміз алдыңғы жылдардан жақсарды. Былтыр тартылған инвестиция көлемі жағынан облыста Өскеменнен кейін 2-ші орынды иелендік. Биыл жыл басынан бері негізгі капиталда инвестиция мөлшері 33 млрд. 3 млн. теңгені құрап, өткен жылғыдан 2, 3 млрд. теңгеге өсті. Осы жылы 8 айдағы қорытындыға сәйкес, өңірлік рейтингте Жарма ауданы 3-ші орынды иеленді.

– Аудан экономикасының басты драйвері ауыл шаруашылығы десек қателеспейміз. Оның ішінде жармалықтар мал шаруашылығына ерекше ден қойған. Ата кәсіптің бүгінгі ахуалы қандай?

– Мал шаруашылығы – Жармадағы агроөнеркәсіп секторының жетекші саласы. Соңғы бес жылда ірі қара малы 58, 0 мың бастан- 67, 0 мың басқа жетті немесе 15, 5 пайызға өсті. Жылқы төлі 15, 6 мыңнан 26, 0 мың басқа дейін көбейіп, 67 пайызға артты. Бұдан келетін жалпы өнім көлемі 10 млрд. 964 млн. теңгеден 15 млрд. 450 млн. теңгеге дейін асып отыр. «Агробизнес-2020», «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту» және «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» туралы 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бұл саланы дамытуға оң әсерін тигізуде. Өңірде асыл тұқымды мал өсіретін 21 шаруашылық бар. Оның ішінде ірі қара өсіретін алты, жылқымен айналысатын үш, сол сияқты қой көбейтуді 12 шаруашылық жолға қойған. Ауданымыз қазақ ақбас сиырының отаны болып саналады. Қуаныш Сүлейменов басқаратын «Шалабай» ЖШС-де инвестордың қолдауымен бағалы мал түлігін арттыру ісі қайта жаңғырды. Қазір шаруашылықта 3 мың бас ірі қара өсірілуде. Тағы бір брендіміз ол – қазақтың құйрықты жартылай қылшық жүнді асыл тұқымды «Байыс» қойы. Бүгінде асыл тұқымды қойдың саны 30 мың басты құрайды. Өнімділігі жоғары бұл мал түрі Үшбиік ауылдық округіндегі «Мүсілім», «Қараадыр» толық серіктестіктерінде, «Көпжасар», «Мұхаметқали», «Хасиев», «Хусан» және «Қараадыр» шаруа қожалықтарында өсіріледі. Ортабұлақ ауылында «Сүлеймен» шаруа қожалығы 100 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы құрылысын аяқтады. Қазіргі уақытта оның құжаттары рәсімделуде, жыл соңына дейін іске қосылады.

– Өсімдік шаруашылығының жай-күйіне тоқталсақ…

– Үстіміздегі жылы жалпы 17 863 гектарға ауылшаруашылық дақылдары егілді. Оның 9 293 гектарына дәнді дақылдар, 4625 гектарға майлы дақылдар, 184 гектарға картоп, сондай-ақ 41 гектарға көкөніс және 3720 гектарға мал азығы дақылдары себілді. Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарына мемлекеттен 1170 тонна арзандатылған бағада дизель отыны бөлінді. Төрт шаруашылық 69 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алып, оның 50% құны субсидияланды. Егістікке элиталық тұқым сатып алған шаруашылықтарға 18,6 млн. теңге субсидия берілді. Аудан негізінен жартылай шөлейт аймақта орналасқан. Ал жақсы өнім алу үшін суландыру мәселесін реттеу қажет. 2016 жылдан бері сыйымдылығы 80 млн. текше метр «Шар» су қоймасы және «Центральный» арнасы толық жөнделуде. Қалған 6 арнаны 2019-2020 жылдары жөндеу көзделген. Осыған 15 мың гектар жер белгіленген. Бұл нысандар іске қосылысымен өнім мөлшері анағұрлым арта түспек. Бірлік ауылдық округінде «Сембелл» ЖШС 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын ашты. Оны құнарлы мал азығымен қамту мақсатында «Ақтоған» каналын жөндеу жоспарлануда.

Қызмет көрсету саласына ден қойылады

– Өркениетті мемлекеттердің негізгі қозғаушы күші – кәсіпкерлер. Осы ретте ауданда өз ісін ашып, шаруасын дөңгелеткен тұрғындардың саны қанша? Шағын және орта бизнеске жармалықтардың ынтасы қандай?

– Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде кәсіпкерлік саласы қанат жайып келеді. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданымыз үшін жол бойында қызмет көрсету орындарын ашу тиімді. Бүгінгі күні республикалық жолдардың бойында «Маралды», «Керуен», «Жол болсын», «Арнау» сияқты, жиыны 12 қызмет көрсету нысаны (кафе, қонақүйлер) жұмыс істейді. Шар қаласы маңында кемпинг құрылысы жүргізілуде. 8 айдың нәтижесіне сәйкес, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1684 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 42-ге артты. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы іске қосылғаннан бері аудан бойынша барлығы 762, 3 млн. теңгеге 16 жобаның пайыздық мөлшері субсидияланды. «Ақ Ниет» бағдарламаларының шарттарына негізделген үш жобаның аясында жалпы құны 75 млн. теңгенің жобалары жүзеге асырылуда. «Шаруашылықпен айналысам» деушілерге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жарғылық капиталға тартылған қаражат есебінен несиелендіру жоспары 2018 жылға 200, 0 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта қор тарапынан жалпы сомасы 115, 3 млн. теңгенің 46 жобасы қарауға қабылданып, 34 жобаға 89, 7 млн. теңге берілді. Сонымен қоса 17, 1 млн. теңгенің сегіз жобасы несие комитетімен мақұлданды. Қалған 8,5 млн. теңгенің төрт жобасы қаралу үстінде. «Бастау Бизнес» бағдарламасымен төрт кезеңде 120 адам оқытылып, олар 246 млн. 983 мың теңгенің бизнес-жобаларын қорғады. Өтініштер бойынша ауданға қосымша 62,68 млн. теңге аударылып, бұл соманы алуға 30 жоба дайындалды. «Сыбаға» бағдарламасымен үш шаруа қожалығы 99 млн. 580 мың теңгенің несиесін алып, Ресейден 165 бас ірі қара мал сатып алды. Тағы төрт жобаны «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ пысықтауда.

– Сол секілді Жарма өңірі инвесторлар үшін таптырмас аймақ. Оған «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» дәлел. Бұдан басқа жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар бар ма?

– Өндірістің серпінді дамуына мүмкіндік беретін Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына ауданда құны 162 млрд. теңге болатын төрт жоба енгізілген еді. Бүгінгі сәтте екі жоба жүзеге асырылды. Біріншісі – «Қазахцемент» ЖШС-нің жылына 1 млн. тонна цемент шығаруға мүмкіндік беретін жоба. Қазір ол іске қосылған. Енді бірі – маусымда жүзеге асырылған «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің жылына 2 млн. тонна кен өндіру жобасы. Оның құны – 136, 0 млрд теңге. Комбинат алғашқы алтынын өндіріп те үлгерді.

«Жангиз Солар» ЖШС Жаңғызтөбе кентінде қуаттылығы жылына 30 мВттық күн электр станциясын салуға инвесторлармен бірлескен жоба әзірледі. Жобалық-сметалық құжаты жасалып, құрылыс жұмыстары басталған. Бұл облыстағы алғашқы күн электр станциясы болғалы тұр. «АС Горняк» ЖШС құны 7, 7 млрд. теңгеге жылына 250 мың тонна руда өндіретін зауытты 2017-2020 жылдар аралығында жүзеге асырмақ. Тиісті жұмыстар кестеге сай атқарылып келеді. Ағымдағы жылдың 8 айында өнеркәсіп өндірісінің қөлемі 26 млрд. теңгеге жетіп, былтырғы межеден екі есеге артты.

– Әңгіменің ауанын білім саласына бұрсақ. Биыл ауданда 1-ші сыныпқа қанша бала барды? Жалпы, орта білім беру нысандары толығымен жеткілікті ме?

– Биыл аудан көлемінде бірінші сыныпқа 821 оқушы қабылданды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 114 оқушыға артық. Оның 707-сі қазақ тілінде және 114-і орыс тілінде оқиды.

2017-2018 оқу жылында білім саласына жергілікті бюджеттен 3, 6 млрд. теңге қаржы бөлінді.

Соның көмегімен білім беру мекемелерінің материалдық базалары жаңартылуда. Кейінгі екі жылда мектептерге оқушылар тасымалдауға бес автобус сатып алынды. Осы жылы жеті мектепке ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 мектептің спортзалы заман талабына сай қалыпқа келтірілді. Аудан кәсіпкерлері, сондай-ақ кәсіпорындар, облыстық «Парыз» қорына «Менің мектебім» акциясына 48 млн. теңге ақша аударды. Осының арқасында жаңа модификациялық 18 кабинет әрі 14 толық комплектілі орта мектепте ІТ сыныптары іске қосылды.

Елдімекендер таза ауызсумен қамтылды

– Былтыр Суықбұлақ кентіне су жүйесі тартылып, 40 жылдан бері шешімін таппаған проблема біржолата реттелді. Аудан халқы қаншалықты таза ауызсумен қамтылған?

– Елді мекендерді таза ауызсумен қамту бойынша жылма-жыл жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Өткен жылы республикалық бюджеттен 645, 0 млн. теңге бөлініп, Суықбұлақ кенті мен Жаңаөзен ауылдарында су құбыры салынып, пайдалануға берілді.

Биыл да екі ауылға 577 ,0 млн. теңге аударылды. Жарық ауылындағы су құбыры ағымдағы жылы аяқталады. Ал Қаратөбе ауылындағы құрылыс биыл басталды. Ол келер жылы бітеді. Төрт ауылға, оның ішінде Кіші Қарасу, Ақжал, Қапай батыр және Сұлусары ауылдарына жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Сонымен қатар аудандық қазынадан 20 млн. теңгеге халқы аз бес ауылға ұңғыма қазып ғимарат салып бердік.

Бұдан басқа Шар қаласы, Қалбатау ауылындағы су құбырларын және Ақжал, 8 март, Суырлы елді мекендеріндегі су ұңғымаларын ағымдық жөндеуден өткізуге 16 млн. теңге қаражат жұмсалды. Үшбиік ауылында жаңадан 50 текше метрлік су жинау құрылғысы орнатылды. Қазіргі күні аудан бойынша 50 елді мекеннің 64 %-ы таза ауызсумен қамтылған.

– «Жол азабын жүрген білер», – демекші, әр өңірде тозығы жеткен жолдар аз емес. Жарма ауданында бұл мәселе қалай реттеліп келеді?

– Аудан арқылы өтетін Алматы-Өскемен, Омбы-Майқапшағай сияқты республикалық, халықаралық маңыздағы жолдарға «Нұрлы жол» бағдарламасының көмегімен қайта жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Биыл Қалбатауда екі көше толықтай асфальтталды. Тәңірбергенов көшесіне асфальт салыну үстінде. Сол секілді Шарда ұзындығы 6 шақырым болатын Варепа және Лекеров көшелері, Әуезов кентінде Горная көшесіне жол жабындысы төселді. Ұзындығы 42 шақырымнан тұратын облыстық маңыздағы Шар-Әуезов жолының жағдайы нашар. «ОблысШығысЖол» кәсіпорнына қарасты аталмыш күре жолға жыл сайын ағымдық жөндеу жүргізіліп келеді. 2019 жылы осы жол учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары қолға алынбақ. Бұған жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр.

Қазыналы өңірдегі қарқынды іс

Мұғалімдер мен дәрігерлерге сұраныс бар

– Жастарға қолдау көрсету, оларды жұмыспен қамту жайы қалай? Қандай мамандар жетіспейді әрі оларға қолдау көрсетіле ме?

– Жыл сайын ауылдық жерге келген жас мамандарға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында қолдау көрсетіледі. Аталған бағдарлама бойынша 2017 жылы, сонымен қоса биыл 9 айда білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласындағы мамандарға тұрғын үй сатып алуға 120 млн. теңгені құрайтын 38 бюджеттік несие берілді. Аудандық бюджет есебінен 30 жас маман 5 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алды. Осы ретте білім саласына орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және математика пәні мұғалімдеріне сұраныс бар екенін айтқым келеді. Денсаулық сақтау саласында эндокринолог маманы жетіспейді. Биыл үшінші жыл «Жасыл ел» бағдарламасымен жаз маусымында, 180 жас елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына тартылды. Маусым нәтижесіне сай, «Үздік аудан» номинациясына ие болдық. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. «Zhas Project» әлеуметтік жобасы аясында 4 жас 1 млн. теңге қаражатқа ие болды. Олар наубайхана ашып, мал өсірумен шұғылдануда. Келер жылдың «Жастар жылы» деп жариялануына байланысты, жастарды қолдауға кешенді шаралар атқарылады.

– Биыл Жарма ауданының құрылғанына 90 жыл толады. Мерейтойға дайындықтарыңыз қалай?

– Аудан тарихында ұрпақтарға үлгі етер тағылымды істер жетерлік. Өңірден шыққан танымал тұлғалар, батырлығымен, ерен еңбегімен даңққа бөленген жандар, ғылым, спорт, мәдениет саласында есімдері көпшілікке белгілі жерлестер аз емес. Осының бәрін зерделеп, насихаттау арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру тұрғысында жұмыстар жүргізілуде. Атаулы мерекені белгілі ақын, әдебиеттанушы ғалым, Қазақстанның халық жазушысы, филология ғылымдарының докторы, жерлесіміз Тұрсынхан Әбдірахманованың есімімен байланыстармақпыз. Саналы ғұмырын ел игілігіне бағыттаған тұлғаны ұлықтау ең алдымен туған өлкесінен басталады. Өскелең ұрпаққа өнеге ету мақсатында ескерткіш ашылады. Мерекелік шаралар аясында әйгілі жерлесіміздің әдеби мұрасына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Қонақтар назарына мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылып, аудан туралы энциклопедиялық басылым шығару жұмыстары қолға алынды.

Сұхбаттасқан – Жақсылық Мұратқали

Осы айдарда

Back to top button