Қоғам

Қазыналы қарттарды құттықтады

 Кеше «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы қарттар күніне орай өңірдің аудан-қалаларынан келген бір топ ардагерді марапаттады.

Облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов жиналған қарияларды 1 қазан күні атап өтілетін мерекемен құттықтап,  атқарып жүрген еселі еңбектері үшін ақжарма алғысын білдірді.

– Партиямыздың алдында үлкен міндеттер тұр. Соларды орындау жолында әдеттегідей Сіздердің де мықты қолдауларыңыз  қажет. Бұған дейін де біздің қолға алған барлық іс-шарамызға бір кісідей қатысып, жас ұрпаққа тәлім беру, қоғамдық келісімді нығайту сынды маңызды бағыттарда атқарған ерен еңбектеріңізге ризашылығымызды білдіреміз, – деген ол «Ардагерлерді ардақтайық» атты партиялық жоба аясында өңірімізде тындырылған жұмыстарды атап өтті.

Тек осы жылдың алғашқы 8 айында ғана аталмыш жоба шеңберінде 1200-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылған екен. Олардың бәрі де қарттарды қолдау, олардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуды көздеді. Сонымен қатар аға буынның жинаған өмірлік бай тәжірибесін өскелең ұрпаққа қалдыруды мақсат ететін сан алуан тағылымды басқосу өткізілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы  Жолдауында егде адамдарға, зейнеткерлерге жан-жақты жәрдемдесу шараларына жіті көңіл бөлуді міндеттеп, зейнетақы мөлшерін көтеру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Әнуарбек Мұхтарханов өз сөзінде партия ұйымдарының «Қарттарым, аман-саумысын?» атты акцияны ұйымдастырып, өткізгенін де жеткізді. Акция аясында қариялардың үйлері мен аулаларын тазартудан бастап, оларды толық медициналық тексеру, жастармен түрлі тақырыпта кездесулер өткізу сияқты игі іс-шаралар атқарылған екен.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ришат Рамазанов та қарттарды халықаралық дәрежедегі төл мейрамдарымен шын жүректен құттықтады, олардың қоғамдық өмірге белсенді атсалысып, мемлекеттік саясатты насихаттауға өлшеусіз үлес қосып отырғандарын ерекше атады. Ардагерлерге деген ақ тілегін Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Майраш Екібасова да айтып өтті.

– Қазақта «Төріңнен қарт кетпесін! деген аталы сөз бар. Расында, адам баласы қазыналы өткенімен де өмір сүреді. Осы орайда тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Қарттарымыздың қатары ортаймасын, – деген облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев өңірдегі 230 мың зейнеткердің атынан аймақ басшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстьық филиалының төрағасы Даниал Ахметовке көрсетіп отырған қамқорығы үшін алғыс айтты.

Салтанатты жиын соңында  қарияларға жастар тәрбиесі мен ардагерлер қозғалысы бағытындағы белсенді жұмыстары үшін партия атынан Алғыс хаттар табыс етіліп, ақшалай сыйлықтар берілді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button