Қазына қаржысы тиімді игерілуі тиіс
Кеше облыстық мәслихаттың кезекті оныншы сессиясы болып, онда өткен жылғы бюджеттің атқарылуы, облыс аумақтарын дамыту бағдарламасының іске асырылуы, ауыл шаруашылығы басым бағыттарын дамыту іс-шараларының орындалуы және өзге де маңызды мәселелер талқыға салынды.
Тұрақты өсім деңгейі сақталды
Облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Галина Пахомова мен облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Серікқазы Оразалиев 2016 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді. Басқарма басшылығы ұсынған мәліметтер бойынша, былтыр облыстық бюджетке 237 миллиард теңге кіріс түскен, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10,8 пайызға артық.
– Өткен жылы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша облыстың тұрақты өсімінің қарқыны сақталды. Өнеркәсіптің өндірілген өнім көлемі 2015 жылдың деңгейіне қарағанда 1 437 миллиард теңгені немесе 140 пайызды құрады, – деді Галина Пахомова.
Ал тексеру комиссиясы жасаған бағалау бойынша облыстық бюджеттің көрсеткіштері қанағаттанарлық деңгейде орындалған, 256 бюджеттік бағдарлама өзінің нәтижесіне 89,1 пайыз жеткен.
– Сыртқы және ішкі макроэкономикалық жағдайлардың өзгеруі жағдайында бюджетке түзетулер мен нақтылаулар жиі енгізілуде. Ол – түсінікті жағдай. Бірақ өкінішке қарай, осы ретте тәуекелдер бағалауы көп жағдайда жүргізіле бермейді, – деген комиссия төрағасы алдағы уақытта қаржылық заң бұзушылықтар санын қысқарту бағытында жұмысты үдету қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ, сессияда облыстық мәслихат депутаты Олег Чернышов облыс көлемінде тегін берілетін дәрі-дәрмектер кей аудандарда тоғыз ай бойы кешіккенін, ал қаржының игерілуі жыл соңында небәрі үш-ақ айдың ішінде 100 пайызға орындалғанын айтып, күдігі мен күмәні басым бұл мәселені арнайы комиссия құрып, жан-жақты тексеруді ұсынды. Бұл ұсыныс халық қалаулылары тарапынан қолдауға ие болды.
Облыс аумақтарын дамыту бағдарламасының іске асырылуы турасында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Улакова баяндады.
– 2016-2020 жылдарға арналған аталмыш құжат экономиканы өсіруге, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Онда 110 индиктор белгіленген, өткен жылы солардың 64-і орындалып, 20-сы орындалмаған, 26 индиктор бойынша әзірге мәліметтер жоқ. Айталық, өңірлік экономика бағыты бойынша машина жасау өнімдерін, минералдық, химиялық өнімдер шығару, азық-түлік өндіру секілді индикторлар межелі шамада орындалмаған болып шықты, – деген басқарма өкілі оларға жалпы өндіріс көлемінің төмендеуі, инвестиция мөлшерінің қысқаруы себеп болғанын түсіндірді.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын орталықтандырылған су жүйесіне қосу индикторы 53 пайызға ғана орындалыпты, жоспар 59 пайыз болатын.
Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Мұсатаев пен денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы баяндама жасады.
– Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы – жолдарды жөндеу, күту бойынша екі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі. Облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі қазіргі кезде 76 пайызды құрайды. Былтыр 221 шықырым жол 3,5 миллиард теңгеге орташа жөнелді. Биылға жоспар төмендегідей: республикалық бюджеттен түсетін 231 миллион теңгеге Күршім ауданындағы Ақжайлау мен Ұранхай ауылдары арасындағы 3,8 шақырым жолды жаңарту, облыс қазынасының қаржысына 126 шақырым жолды орташа жөндеу. Осылайша, жыл соңында жақсы және орташа жағдайдағы жолдар үлесі 77 пайызға жетпек, – деді Мұрат Мұсатаев.
Сондай-ақ, биыл Семей мен Өскемен әуежайларын жөндеу де көзделуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Өскемен – Астана, Өскемен – Алматы бағытындағы жолдар бойынша жұмыс жалғасады.
Осы орайда семейлік депутаттар Борис Адианов пен Марат Құрманбаев басқарма басшылығына Семейдегі Мичурин көшесінің және Семей – Қайнар тас жолының ауыр жағдайын айтып, аталмыш жолдарды жөндеуге бөлініп отырған қаржының мақсатты жұмсалып, жұмыстың сапалы орындалуын ескертті.
Денешынықтыру және спортты дамыту екі индикатор бойынша жүзеге асырылды, яғни, азаматтардың спортпен жүйелі айналысуын қамту (2016 жылға жоспар – 30,2 пайыз, нақтысы 30,3 пайыз) және балалардың спортпен жүйелі айналысуын қамту (2016 жылға жоспар – 14,4, нақтысы – 15,6 пайыз).
– Көрсеткіштерге жету үшін 2016 жылы 3700 спорттық шара өтті, оларға 500 мың адам қатысты. Облыста 3171 спорт ғимараты бар. Былтыр 22 спорт ғимараты салынды, – деді спорт басқармасының басшысы.
Қой мен марал шаруашылығы қаржылай қолдауға мұқтаж
Сессияда сонымен қатар, облыстың ауыл шаруашылығы саласының басым бағыттарын дамыту жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков баяндады. Атап өтерлігі, аталмыш мәселе облыстық мәслихат сессиясында осымен екінші мәрте қаралып отыр.
Оның берген ақпараттарын алға тартар болсақ, облыстың агроөнеркәсіптік кешені өткен жылдардан бері тұрақты дамып келеді. Мәселен, 2016 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 408,9 миллиард теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 111,4% болып отыр.
Барлық санаттағы шаруашылықтарда ет, сүт және жұмыртқа өндіру 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда тиісінше 5,8%, 5,9% және 1,9%-ға артық. Ауылшаруашылық дақылдарының 2016 жылғы егістік алқабы қысқарған жоқ, керісінше 13 мың гектарға артық. Тамақ өнімдерін өндіру көлемі де 2015 жылғыдан 5,7%-ға көп.
Халықтың жеке үй шаруашылықтарының қолда бар әлеуетін толық пайдалану, сондай-ақ, ұсақ және орта шаруашылықтарды ауылшаруашылық кооперацияларына тарту бағытындағы жұмыс облыста «Ауылшаруашылық кооперациялары туралы» Заңға сәйкес 2016 жылы басталды.
Талдау жасалып отырған кезеңде 162 кооператив құрылып, әділет органдарында тіркелді, оның 66-сы 2017 жылдың еншісінде. Атап айтқанда, етті ірі қара шаруашылығы бойынша – 5, сүт және сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша – 9, балық шаруашылығы бойынша – 4, басқа салаларда, оның ішінде құс өсіру бойынша 9 кооператив құрылды. Тағы 6 кооперативтің құжаттарын ресімдеу қолға алынған.
Аталған кооперативтер 2016 жылы 267 тонна ет, 183 тонна сүт, 1260 тонна картоп және 8400 тонна көкөніс өндірсе, биылға 676 тонна ет, 872 тонна сүт, 2890 тонна картоп және 19,3 тонна көкөніс өндіру көзделіп отыр.
Ауылшаруашылық кооперативтерін құру және дамытуды қолдау мақсатында биылғы жылы субсидия бөлу принциптері қайта қаралған және кооперативтерді субсидиялау басым бағытқа ие. Оған жауапты мамандар да бекітілген.
Сүтті ірі қара шаруашылығын дамыту бойынша пилоттық жобаны іске асыру 2017 жылы да жалғасады. Биыл 600 басқа арналған бес ферма салынып, 4000 басқа арналған 13 ферма жөнделмек және қосымша 10 сүт қабылдау пункті құрылады. Бұл биылғы сүт өндіру және сатып алу көлемін 90 000 тоннаға жеткізіп, сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 60%-ды құрамақ.
Облыстық ветеринария басқармасы Қытаймен тамақ өнімдерінің талдамасы және сертификациясы жөніндегі зертханалар ашу және олардың стандарттарға сәйкестігіне аккредитация алу мәселесін пысықтауда.
Етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру үшін «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» салалық бағдарламаларын іске асыру жалғасын тауып, алдағы жылдарда облыс бойынша егістік алқаптары көбейіп, суармалы жерлердің көлемі де артатын болады.
Жалпы, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды қолдауға 2017 жылға жергілікті бюджеттен (нақтылау және қайта бөлуді ескере отырып) 12,0 млрд. теңге, оның ішінде мал шаруашылығын қолдауға – 7,4 млрд., өсімдік шаруашылығына 3,7 млрд. теңге қарастырылып отыр.
Баяндамашыға депутаттар тарапынан сауалдар көп қойылды. Мәселен, депутат Марат Құрманбаев өткізілген еттің бір келісіне нақты қанша теңге субсидия төленетінін сұрады, сонымен қатар, субсидия алып отырғандар етті төмен бағамен сатып жатпағанын да ашық айтты. Сондықтан осыған нақты бақылау қажет. Депутат екінші сұрағында облыста қой басының тым азайып кеткенін алға тартып, егер мемлекет тарапынан нақты қолдау болмаса, Шопаната түлігінің жағдайы нашарлайтынын жеткізді.
Депутат Лұқбек Тұмашинов өңірде марал басын сақтап қалуға да мемлекеттің көмегі ауадай қажеттігін айтты. Себебі, бұрындары қолдау болады делініп келгенімен, бүгінде анығында саланы қолдауға мемлекеттен ешқандай да қаржы бөлініп отырған жоқ. Оның айтуынша, қазір Катонқарағайда бес мыңға тарта ғана марал бар. Бұл – кезіндегі бір бөлімшенің ғана көрсеткіші. Енді осының өзін сақтап қалу қиындық туғызуда. Ал депутат Ержан Нұрбаев аймақта тұқым шаруашылығын дамытпай, жақсы нәтиже болмайтындығына және АӨК дамытудың шығындары жыл сайын артып келе жатқандығына жиналғандар назарын аударып, келешекте бұл жағын да ескеруді ұсынды.
Қарша бораған сауалдарға жауап беруге тырысқан басқарма басшысы Қонысбай Төлеубеков қой басының азайып кеткені жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жазылғанын, ақша бөлінсе, жыл соңында субсидия болатынын мәлі етті. Ал марал шаруашылығын да министрліктің арнайы нұсқауы болмаса, субсидиялау мүмкін емес. Бұл бағытта басқарма жұмыс істеп жатыр. Бұл мәселелер алда облыс әкімінің қатысуымен арнайы жиында жеке-жеке қаралмақ. Ал ет бағасының нарықтан 20 пайызға арзан сатылуы бақыланып отырғанын дәлелдеп бақты. Сөзіне дәлел ретінде жиналғандарды бүгін өтетін Ұлан ауданының ауылшаруашылық көрмесіне қатысып, өз көздерімен көріп қайтуға шақырды.
Сессияда бұдан басқа әртүрлі мәселелер де қаралды.
Ержан Әбіш,
Дәурен Аллаберген