Қоғам

Азық-түліктің бағасы алаңдатып тұр

Азық-түліктің бағасы алаңдатып тұр
Облыс әкімдігінің кезекті көшпелі мәжілісі Күршім ауданының орталығында өтті бұл жолы. Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ төрағалық еткен мәжілісте азық-түлік бағасын тұрақтандыру, қуат үнемдейтін технологияларды қолданысқа дендеп енгізу, жастар саясаты, ауылдарды дамыту сынды өзекті мәселелер қаралды.

Алғашқы болып баяндама жасаған облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев инфляцияның өсу қарқынын тежеу бағытында жүзеге асырылып жатқан іс-шараларға кеңірек тоқталды. Оның мәліметіне сенсек, бүгінде әлеуметтік бағамен өнімдер ұсынатын 54 дүкен және 900 сауда нүктесі жұмыс істейді. Мұның сыртында сенбі сайын болатын жәрмеңкелер тағы бар. Осындай қадамдардың арқасында инфляция деңгейі орташа республикалық көрсеткіштен асып кетпей ұсталып тұр. Бірақ жалпы жағдай қалыпты көрінгенмен жекелеген ауылдарда азық-түлік құнының шектен тыс шарықтау деректері байқалған.

– Картоптың қазір бір келісі орта есеппен алғанда 70 теңгеден аспауы тиіс. Алайда кейбір елді мекендерде оның бағасы 75-тен 100 теңгеге дейін жеткен. Сол сияқты пияздың келісі 61 теңге тұруы керек болса, 65 пен 100 теңгенің аралығында сатылып жатыр. Сәбіз де сондай, шынайы орташа құны 65 теңге тұрса, 100 теңгеге дейін саудалануда. Қазір баға осындай, екі айдан кейін не болмақ? Неге бақылауға алмайсыздар, жауапты орындар қайда? Жұмыс тобы, комиссия не істеп жүр? Бағаның көтерілуіне ешқандай негіз жоқ. Әсіресе, нанның бағасы тұрақты сақталуы керек. Себебі, нан пісірушілер арзандатылған ұнмен қамтылып отыр, – деп нақтылаған облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ бағаны ауыздықтауға шамасы келмей жатқан ауылдық округтердің әкімдерімен тікелей байланысқа шығып, неліктен бұлай екенін түсіндіруді талап етті.

Қымбат азық-түлік тауарлары, оның ішінде сүт, жұмыртқа, нан, тұз, құстың еті, өсімдік майы және басқа өнімдер Приречное (Семей), Секисовка (Глубокое), Бесқарағай ауылдарында, Риддер қаласында шарықтап кеткен. Айталық, Приречноеда бір литр сүттің құны 250 теңгеден сатылады екен.

Бүгінгі таңда шаруа қожалықтарымен тұрақтандыру қорына 6 мың 800 тонна ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алу жөнінде келісімдер жасалып қойған. Бұл қор биылғы қыстан қысылмай шығуға мүмкіндік береді дейді В.Кошелев.
Өз кезегінде аймақ басшысы орынбасарына, «Ертіс» ӘКК басшысы А.Бекбосыновқа азық-түлік тауарларының қымбаттауы белең алған ауылдық округтерде өткен жылдан артылып қалған өнімдерді арзан бағамен сатуды, аудандар арасында азық-түлік керуенін ұйымдастыруды тапсырды.

Үнемдеуді үйден бастау керек

Өңірдің экономикасы дамыған сайын энергия тапшылығы да анық сезілуде. Оның ішінде Шығыс Қазақстандағы бүкіл электр қуатының жетпіс пайызға жуығын тұтынатын ірі кәсіпорындар қанатын кеңге жаюының нәтижесінде бұл тапшылықтың көлемі одан бетер арта түскен. Энергия үнемдеуші технологияларды қолданысқа кеңінен енгізгеннің өзінде мәселені түбегейлі шешудің мүмкіндігі болмай тұр. Осы ретте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айтқазы Шерубаев қалыптасқан проблеманы бір демде шешіп тастамаса да біртіндеп ретке келтіретін нақты міндеттерді көпшілік талқысына салды. Басқарма басшысының айтуынша, алдағы 2014-2015 жылдары Зырян ауданы мен Семей қаласында жаңадан энергия көздерін іске қосу жоспарланса, одан кейінгі жылдары Өскемен ЖЭО-ның қуатын арттыру күн тәртібіне қойылған.

Сондай-ақ, А.Шерубаев өзінің баяндамасында инженерлік жүйелерге энергоаудит жүргізу, диодтық лампаларды, есептегіш аспаптарды орнату әрекеттері артық шығынды азайтуға септігін тигізетінін айтты. Есепке жүгінсек, энергоаудит жүргізу үшін аудандарға шамамен бір жылға жиырма миллион теңгеге жуық қаржы қажет екен. Бүгінде жылу және сумен қамту жүйелері қаусап тұрған мекемелерді айтпағанда, тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымының 70 пайызы тез арада жаңалауды талап етеді. Егер тиісті қаржы табылып, іс қолға алынып жатса, жылуды далаға жібермей ұтымды пайдалануға, артық шығын шығармауға көмектеседі. Бұдан ең бірінші тұтынушылар ұтпаса, ұтылмайды.

– Үнемдеуге отбасынан үйренуі керек. Оның ешқандай қиындығы жоқ қой. Қажет емес кезде жарықты сөндіріп, крандағы суды тоқтатып қоюды әрбір ата-ана балаларына үйретіп отырса жеткілікті. Мұны адамдар тек үйінде ғана емес, жұмыста да, басқа жерлерде де ұмытпай орындап жүрсе болғаны, – деген аймақ басшысы суға, жылуға есептеуіш аспаптар орнату жағы әлі болса ширамай тұрғанын жеткізді.
Оған қоса облыс Әкімі желдің, күннің қуатынан, биогаздан электр өндіретін жобалар бойынша жұмыстарды тездетіп іске асыруды өзінің орынбасарлары мен жауапты саланың басшыларына тапсырды.
Жастарымыз көш басынан көрініп жүр

Мәжілісте қаузалған келесі мәселе – жастар саясатына қатысты өрбіді. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Жасұлан Сәрсебаев бұл саладағы іске асып жатқан іс-жоспарлармен бөлісіп, кездесетін түйткілдерді де бүкпесіз жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде қолынан іс келетін, қабілетті, дарынды, білімді жастар қатары өте көп. Олардың күшін тиімді пайдалану үшін өзге басқармалармен, әкімдіктермен тізе қосып қимылдау қажет. Десек те, кейбір әкімдер мен басшылар бұл шаруаға жеңіл қарап, терең мән бермейтін көрінеді.

Сонымен қатар Ж.Сәрсебаев өз сөзінде шығысқазақстандық жастардың саны көп болғанымен, бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі басқа облыстармен салыстырғанда аз екенін тілге тиек ете келе, аймағымызда әлеуметтік инвестициялық қызмет құруды ұсынып ретінде алға тартты. Бір айта кететіні, аталған ведомство бюджет қаржысынан бөлек халықаралық ұйымдардан гранттар түрінде 64 млн. теңге қосымша қаржы тартып, республикадағы жастар басқармаларының ішінде көш бастаған.

Баяндамашының ақпараттарын ден қойып тыңдаған облыс басшысы өз тарапынан еліміздегі білімді де талантты жастардың, оның ішінде мектеп бітіруші түлектердің басқа мемлекеттерде оқуға ауа кетіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Тез арада бақылауға алмаса, ақыр соңы жақсылыққа апармайтынын ескерткен аймақ басшысы облыстық білім басқармасына жастардың сыртқа ағылуын тоқтатудың қандай да бір тетіктерін ойластыруды жүктеді. Бұл тұрғыда спортшылар арасындағы барыс-келісті тәжірибеге алу керектігі айтылды.

Мәжіліс барысында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Елена Ясинская, Көкпекті ауданының әкімі Дүйсенғазы Мусин күн тәртібіндегі мәселеге байланысты ақпараттар берді. Басқарма басшысы ауылдық жерлерді өркендету бағдарламасының қалай орындалып жатқаны жайында хабардар етсе, Көкпектінің әкімі ауданның өткен сегіз айдағы экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштерін саралап, Көкжайық сияқты елімізге белгілі тірек елді мекенінде атқарылып жатқан игілікті істермен таныстырды.

Сондай-ақ, Күршім ауданының әкімі Алтайбек Сейітов аудандағы шешімін таппай тұрған түйткілді проблемаларды құлаққағыс етті. Атап айтсақ, ол бірінші кезекте жұрттың қабырғасына батқан өткел, яғни, паромның жыры. Ұзақ жылдардан бері таусылмай келе жатқан бұл түйткілді күршімдіктер тағы да көлденең тартты. Сосын Ертістің оң жағалауын ен жайлаған балықшы ауылдардың мұң-зары айтылды.

Жылдың басынан бері міне, сегіз ай болды Аманат, Шеңгелді, Балықшы секілді елді мекендер тұрғындарының дәл іргесіндегі қол созым жерде тұрған Зайсан көлінен сазан сүзбек түгілі шабақ ұстауға мүмкіндігі болмай отыр. Себебі, рұқсат берілмейді, балық аулауға тендер өткізілмепті. Ал балық аулаудан басқа кәсібі жоқ бұл үш-төрт ауылдың адамдары сегіз айдан бері сергелдеңге түсіп, аудан әкімінің табалдырығын әбден тоздырған. Міне, осы және өзге де мәселелерді шешуге қолдау көрсетуді сұраған А.Сейітовтің өтінішін мұқият тыңдаған облыс басшысы қолдан келгенше көмек көрсетілетінін тілге тиек ете келе, келешекте шетелдік инвесторлармен бірлесіп Ертіске көпір салынатынын, балықшылардың үнін жоғарыға жеткізетінін айтты.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button