Қоғам

Азық-түлік тауарын экспорттау ұлғаяды

Азық-түлік тауарын экспорттау ұлғаяды


Бұл күні Аягөз халқы аудандық «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мәдениет сарайына лық толды. Аудан әкімі Б.Байахметовтің қорытынды есебіне Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов қатысты.

Аудан әкімі Б.Байахметов Аягөз ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндаған соң, жарыссөзге шығып сөйлеушілер өңірде атқарылып жатқан ауқымды істерге тоқталды. Бір жылдың ішінде атқарылған ауқымды шаруалар баршылық. Ақтоғай кентінен келген Төкен Көпбаев, Малгелді ауылынан Нәстілек Сәменбетов, шыңғожалық Айтан ақсақал, аягөздік Шобанов, Керимова, Қойжайғанов, Ақшиден С.Еркін сынды азаматтар аудан басшысының атқарған тиянақты істерін тілге тиек етті. Рас, әлі де күрмеуі қиын шешілмеген мәселелер баршылық. Аудан әкімі осылардың барлығының да кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтып өтті.

– Ауданда әлі де су, техника жетіспеушілігі, жолдың нашарлығы сияқты түйінді мәселелер бар екенін білеміз. Рақмет, сіздер менің екі жылда атқарған еңбегіме үлкен баға беріп отырсыздар. Енді сәл уақыт та беріңіздер. Өздеріңіз осыған дейін атқарылған істерді жіпке тізгендей етіп айтып өттіңіздер. Үстіміздегі жылы да бірқатар қомақты жобаларды жүзеге асыруымыз керек.

Бұдан кейін мінбеге шыққан Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов ауданда атқарылған істерге оң баға беріп, өзіне қойылған бірқатар сауалдарға жауаптар қайтарды. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ халыққа арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына кеңінен тоқталып, жекелеген тапсырмаларын жіліктеп түсіндірді.

Президент аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек екендігін баса айтып отыр, – деді ол. Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің болашағы зор екендігін, біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола алатындығымызды алға тартады. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет пен әкімдерге көптеген тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылығы мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет. Сондай-ақ, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендетуге, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет. Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын да 40%-ға көбейту түбегейлі міндеттердің бірі болмақ.

Нұртай Сабильянов Елбасы Жолдауында көрсетілген басым бағыттарға тоқталды. Алдағы жылдардың еншісіндегі жоспарларды сараптап, жүктелген тапсырмаларды түсіндірді. Бұдан соң сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов та ауданда атқарылған істерге оң бағасын берді.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button