Азық-түлік таратып, көмір жеткізіп береді

Жаңа жыл мерекесі – көпшілігіміз үшін бір тосынсый күтетін, жақсылық тосатын ерекше мейрам. Облыс орталығының әл-ауқаты төмен жүз отбасы үшін осындай тосын сыйлықты «ОПТИМА ВДФ» ЖШС-нің өкілдері ұйымдастырды.
Әйгілі GALAKCY компаниясының тобына кіретін фирманың қызметкерлері Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінде мұқтаж жандарға азық-түлік салынған пакет таратып, жекеменшік үйде тұратындарға көмір жеткізіп берді.
-Бүгінгі іс-шара – аталмыш фирма басшыларының бастамасы. Олардың өздері келіп, мереке қарсаңында осындай бір қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырсақ деген ұсыныстарын айтты. Жыл сайын бізде демеушілер мейірімділік шараларына қатысуда белсенділік танытып жататындары қуанарлық жағдай, – деп атап өтті қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі басшысының орынбасары Кәмшат Баубекова.
Демеушілерден жәрдем алғандардың арасында көпбалалы аналар, жалғызбасты әкелер, мүмкіндігі шектеулі жандар бар.
-Даладағы аязға қарамастан келіп қалдық. Топтаманың ішінде қант, шай, күріш, әртүрлі жармалар, шекілдеуік майы, кисель, макарон өнімдері бар. Бұдан бөлек он келі ұн берді. Бұл біздің алатын жәрдемақымызға көп-көрім сеп, – дейді келушілер.
Зухрат Омарханұлы деген азамат осыдан бес жыл бұрын отбасының ақжаулығынан айырылып қалыпты. Он екі және алты жастағы екі ұлымен үшеуі пәтер жалдап тұрып жатыр.
-Ұлдарымды асырау үшін үш жерде жұмыс істеймін. Жұмыспен қамту бөліміне, қалалық әкімдікке алғысым шексіз. Осындай іс-шаралардан біздің отбасын қалдырмайды. Биыл ұлдардың киіміне деп қалалық әкімдік 100 мың теңге, осы бөлім 50 мың теңге көмек көрсетті. Ұлдарым каратэ үйірмесіне баратын, қазір жұмыстан қолым тимей кетті де, әзірге апара алмай жүрмін. Мектепте де тегін тамақ беріп, қарайласады, – дейді бұл азамат.
Фирма өкілдерінің сөзіне қарағанда, олар Өскемен қаласында көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанымен, қайырымдылық іс-шарасына алғаш рет қатысып отыр.
– GALAKCY компаниясы тобының пластика, металл шығаратын, есік-терезе жасайтын әртүрлі зауыттары көп. Бас фирмамыз Алматыда болғандықтан, негізінен, сол жақта атқарылатын осындай іс-шаралар. Қоғамда әлеуметтік жағынан нашар қорғалған жандар аз емес, оларға қалай да қол ұшын созуымыз керек деп санаймыз. Кеше көмірдің алғашқы партиясын үйлеріне қаппен жеткізіп бердік. Өйткені өзіміздің жүк көлігіміз жоқ. Алдағы уақытта да демеушілік іс-шараларына қатысып тұрамыз, – дейді фирма өкілі.
Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды ұйымдастыру бөлімі жыл басынан бері 746 отбасына 95652,1 мың теңгенің материалдық көмегін тағайындаған. Ал қаланың демеушілері биыл 2606 азаматқа 3787,0 мың теңгенің қайырымдылық көмегін көрсетіпті.
Айна Ескенқызы