Азық-түлік қоқыстың қасында сатылып жатыр

Жасыратыны жоқ, қазір қалада қоқыс көп, әсіресе Үлбінің бергі жағалауында орналасқан Өскеменнің ескі аудандарындағы бес қабатты үйлердің аулалары қоқыстан көрінбейді. Тіпті кей үйлердің ауласында көктемгі жалпықалалық сенбіліктерде үйілген күл-қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтар сол күйінде ұмыт қалған. Шырайлы шаһардың сәніне сын келтірген бұл қоқыс үйінділері қашанға дейін осылай жата бермек, оларды шығарумен кімдер айналысады? Бұл жолы осыған жауап іздеп көрдік.
Алдымен осы мақаланы жазар алдында асықпай қала ішін аралап шықтық. Редакциядан алысқа ұзамай-ақ, іздегеніміз алдымыздан табылды. Мәселен, қаланың қақ ортасындағы Назарбаев даңғылы, 10 үйдің ауласында қоқыс контейнерлерінің жанында көктемде кесілген ағаш бұтақтары, тұрмыстық қалдықтар, ескірген жиһаздар, техникалар үйіліп жатыр. Дәл осындай көрініс осы даңғылдың бойындағы 14, 14/1, 14/2 мекенжайлардағы үйлердің аулаларында кездеседі. Тіпті 14-ші үйдің ауласындағы контейнердің қасынан тұрғындар шағын полигон ашып алған ба дерсің. Себебі бұл жерде көктемнен қалған қоқыс аздай, енді оның көлемі үлкейе бастапты. Үйілген қалдықтардан шыққан иіс қолқаны қабады. Ол аздай, қасында тұрған контейнерлер лық толып, одан шашылған тамақ қалдықтарын қарғалар мен кептерлер айналаға шашып жатыр. Аталмыш «қалдық полигоны» Назарбаев даңғылынан он шақты метрдей жерде ғана, тіпті даңғылмен өтіп бара жатып-ақ байқауға болады. Негізінен, бұл – адам аяғы үзілмейтін, тұрғындар көп жүретін аудан, себебі осы аумақта «Заречный» базары, өскемендіктер «8/1» деп атап кеткен көпқабатты сауда ғимараты және оның айналасындағы көшедегі азық-түлік, жеміс-жидек саудалаушылар нүктелері, дүкендер, шаштараздар, балалар ойнайтын алаңқай бар. Жаңа айтып өткен оныншы үйдің ауласындағы қалдықтар азық-түлік, жеміс-жидек сатушылардың дәл жанында үйіліп жатыр. Ал қалалықтар болса, қоқыстың қасынан күнделікті азық-түліктерін алып жүр.
Өскеменде соңғы аптада бірнеше күн аптап ыстық болды. Ыстықпен бірге әлгі қалдықтардан, қоқыстар арқылы түрлі жұқпалы аурулар тарамасына, экологиялық жағдайдың ушықпасына кім кепіл? Сондықтан бұл іске тиісті қоғамдық денсаулық сақтау мекемелерінің де араласқаны жөн болар.
Осындағы 14/1 үйдің тұрғындары өздері қарайтын «Радуга» ПИК-іне мүлде көңілі толмайтындарын айтады. Айтуларынша, аулада қоқыс көп, ағаштар өсіп кеткен, балалардың ойнауына өте қауіпті.
Осындай көріністер Космос көшесі, 8/1 үйдің ауласында, сонымен қатар Абай даңғылы, 3 мекенжайындағы бес қабатты үйдің ауласында да қайталанады. Соңғысына ерекше тоқталсақ артық емес, себебі бұл жерде де кішігірім қалдық полигоны пайда болған, маңайға тараған жағымсыз иісті айтпағанда, ол маңайда жүріп өтудің өзі мұң, айналаға шашылған қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Бұл ауданда да кісі көп. Дәл жанында автобекет, Глубокое ауданына жолаушы таситын таксишілер тұрағы, бірнеше сауда орталығы бар. Осы үйдің тұрғындарынан редакцияға шағым да түскенін ескерсек, жағдайдың жақсы еместігі байқалады.
Көшелерді аралап жүріп, тұрғындар сөзінен байқағанымыз, қаладағы тұрмыстық қалдықтарды шығарушы компаниялар тек контейнерлерге ғана жауап береді екен. Маңында шашылып жатқандарымен шаруасы жоқ. Сонда бұл бейберекетсіздікке кім жауап береді?
Кооперативтер қозғалмай, қайран жоқ

Көкейдегі сауалымызға жауап іздеп, алдымен, Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің есігін қақтық. Басшысы Еркін Тұраров қалалық әкімдікке жиналысқа кеткен, мамандары қала тазалығына «Өскемен Тәртіп» КМК жауап береді деп шығарып салды. Қала сыртындағы ол мекемеге де бардық. Мұндағылар тілшілердің сауалына тек баспасөз қызметі арқылы ғана жауап береміз, қазір бірден айта алмаймыз деп қашқалақтады. Сонымен, баспасөз хатшысын телефон арқылы тауып алдық. Оған жоғарыдағы мәселені жайлап түсіндірдік. Өзін Владимир Землянский деп таныстырған ол «Өскемен Тәртіптің» де, қалалық ТҮКШ бөлімінің де баспасөз қызметіне, тілшілермен жұмысқа өзі жауап беретінін мәлім етті. Оның айтуынша, бүгінгі көтеріліп отырған мәселенің бәрі де қолданыстағы Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуiрдегi № 94-1 Заңы аясында жүзеге асырылады екен. Онда өзіміз КСК деп жүрген пәтер иелері кооперативінің (ПИК) қызметіне қатысты барлық мәселелер, ПИК мүшесі ретіндегі тұрғындардың құқықтары мен міндеттері түгел қамтылыпты.
– Қалалық ТҮКШ-ке қарасты «Өскемен Тәртіп» мекемесінің міндетіне көшелерді тазалау, жолдардың жиегін, өту бөлігін, көгалдар мен жаяу жүргіншілер жолын тазалау, өсіп кеткен шөптерді шабу, қоғамдық демалыс орындарында, көшелерде орналасқан қоқыс жәшіктеріндегі қоқыстарды тазалау және тасып шығару кіреді. Бұл жұмыстар күн сайын атқарылады. Бұдан бөлек, қалада тұрғын аймақтар, яғни ішкі аулалар бар. Сіз көтерген мәселелер де солардан шығып отыр. Өзіңіз білесіз, қазір үйлердің бәрі жекеменшікте. Өз үйлерін күтіп ұстау, жөндеу, ауласын қоқыстан тазарту үй иелерінің жауапкершілігінде. Сондықтан әр аулада пәтер иелері кооперативтері құрылған. Оған тұрғындар ай сайын өзара жасалған келісімшарт бойынша ақша төлейді, оның төрағасын да ортақ жиналыста өздері сайлайды, қандай ПИК-ті таңдау керектігін де тұрғындар өзі шешеді. Сол себепті аулада жинақталып қалған қоқыс үйінділерін көлік жалдап тасып шығару тікелей осы ПИК төрағасының міндетіне кіреді. Көктемде аулада сенбілік жасады ма, қоқысын да осы ПИК шығарып тастау керек болған. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ПИК-тердің бұл мәселеге немқұрайлы қарау фактілері көп кездесіп отыр. Бұл шаруадан тұрғындар да шет қалмауы тиіс, себебі аула өздерінікі, өздері сол жерде тұрады ғой, – дейді баспасөз қызметінің маманы.
Қазір қайта жаз жауынды болып, аула шөптері белуардан өсіп, қоқыстар көрінбей қалды, ал күзде қайта «менмұндалары» сөзсіз. Қазір еліміз бойынша #Birge #TazaQazaqstan республикалық экологиялық акциясы өтуде. Акция аясында өзен, көлдер жағалауы мен қала сыртындағы аумақтар тазартылуда. «Осы акция аясында неге қаланың орталық көшелерін, осындай қоқысқа батқан аулаларын тазалап алмасқа?» деген сауалымызды Владимирге қойдық.
– Әрине, олай етуге болады. Аталмыш акция келесі айдың соңына дейін жалғасады. Тазалық жұмыстары қала ішінде де жүргізіледі. Дегенмен ПИК-тер оларға сенім артпай, өздері де қозғалулары керек, әйтпесе аулалардың тазаруы екіталай, – дейді Владимир Землянский.
Сондай-ақ, баспасөз қызметінің маманы Өскемен қалалық мәслихаты бекіткен қаланы көріктендіру, абаттандыру туралы қолданыстағы ережеге сәйкес, белгіленбеген орындарға құрылыс қоқыстарын, тұрмыстық қалдықтарды төккен тұлғалар үшін әкімшілік жауапкершілік те қарастырылғанын жеткізді. Ондай фактілер анықталған жағдайда қалалық полиция басқармасының өкілдері хаттама толтырып, айыппұл салуға құқылы. Өкінішке қарай, мұндай қалдықтар тек түнде шығарылып тасталады екен. Жауапсыз тұлғаларды анықтау үшін үйлердің аулаларына камера орнатса да артық болмайды дейді мамандар.
Алаңдар жаңғыртылады
Ал енді контейнерлердегі қоқысты шығаруға келейік. Онымен қазіргі уақытта Өскеменде екі ғана мекеме – «Өскемен тазалық» пен «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС айналысады. Екеуі де жекеменшік, олар тұрғындармен жеке шарт жасасады. Олар да келісім жасалған, ақшасы уақытында төленген аулалардың қоқысын ғана шығарады, контейнерлерін қояды. Ал келісімшарты жоқ аулалардың қоқысына олар бас қатырмайды, сол шашылған күйінде қала береді. ПИК пен тұрғындар осыны да ескергені дұрыс. ПИК-тер өз кезегінде контейнерлер қойылатын қоқыс алаңын да өздері ұйымдастыруы қажет.
Қайткенменде, қала өзімізге ортақ, Өскемен өзіміздікі болғандықтан, «КСК-лар қашан қозғалады?» деп қол қусырып отыра бермей, қалалық әкімдік, түрлі қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар, жастар арқылы үгіт-насихат жұмыстарын, қаланы ластамаудың алдын алу шараларын қолға алу керек сияқты. Әйтеуір, көңілге медеу болары – қала әкімі Жақсылық Омар таяуда қаланы аралағанда, жыл соңына дейін 400 қоқыс алаңы қайта жаңғыртылатынын айтып қуантты. Одан бөлек, дөңгелекті контейнерлері бар 60 қоқыс алаңқайларының төбесі жабық болып істелмек. Қазірдің өзінде 140-тан астам алаңқай толық біткен.
– Өткен жылы қала әкімінің күз маусымында өткен есеп беру кездесуінде қала тұрғындары аулалардағы қоқыс контейнерлері мен алаңқайларын жаңарту жөнінде ұсыныс берген еді. Биыл осы жұмысты қолға алуды ұйғардық. Жалпы, қала бойынша мұндай 499 алаң бар. Соңғы рет олар 10 жыл бұрын жөнделген болатын, – деді Жақсылық Омар.
Р.S. Міне, бір күн бойы қаланы аралағанымызда осындай жағдайларға қанық болдық. Тиісті мекемелердің берген жауабын да өзгеріссіз келтірдік. Ең бастысы, пәтер иелері кооперативтері өздері бірінші болып қозғалмаса, ештеңе өзгермейтіндігіне көзімізді жеткіздік. Айтпақшы, қоқыс контейнерлерін аралап жүргенде, олардың қасында тұрған эко-контейнерлерге де көзіміз түсті. Олар да аузы-мұрнынан шығып, артылғаны маңайына шашылып жатыр. Тұрғындар бұлар талай уақыттан бері осылай тұрғанын, ешкім әкетпейтінін айтады. Сонда басталған істің осылай аяқсыз қалғаны ма, пластик бөтелкелер мен қалдық қағаздар қайта өңделмейтін болғаны ма? Бұл енді жеке тоқталатын тақырып…
Жасыратыны жоқ, қазір қалада қоқыс көп, әсіресе Үлбінің бергі жағалауында орналасқан Өскеменнің ескі аудандарындағы бес қабатты үйлердің аулалары қоқыстан көрінбейді. Тіпті кей үйлердің ауласында көктемгі жалпықалалық сенбіліктерде үйілген күл-қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтар сол күйінде ұмыт қалған. Шырайлы шаһардың сәніне сын келтірген бұл қоқыс үйінділері қашанға дейін осылай жата бермек, оларды шығарумен кімдер айналысады?
Қазір үйлердің бәрі жекеменшікте. Өз үйлерін күтіп ұстау, жөндеу, ауласын қоқыстан тазарту үй иелерінің жауапкершілігінде. Сондықтан әр аулада пәтер иелері кооперативтері құрылған. Оған тұрғындар ай сайын өзара жасалған келісімшарт бойынша ақша төлейді, оның төрағасын да ортақ жиналыста өздері сайлайды, қандай ПИК-ті таңдау керектігін де тұрғындар өзі шешеді. Сол себепті аулада жинақталып қалған қоқыс үйінділерін көлік жалдап тасып шығару тікелей осы ПИК төрағасының міндетіне кіреді. Көктемде аулада сенбілік жасады ма, қоқысын да осы ПИК шығарып тастау керек болған. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ПИК-тердің бұл мәселеге немқұрайлы қарау фактілері көп кездесіп отыр.
Дәурен Аллабергенұлы