Қоғам

Азық-түлік белдеуін қалыптастыруда ауылдың маңызы зор

Азық-түлік белдеуін қалыптастыруда ауылдың маңызы зор

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Бесқарағай ауданы мен Семей қаласында жұмыс сапарымен болды.

Глуховкадағы орта мектеп жөндеуден өтеді

Аймақ басшысы алдымен Бесқарағай ауданы, Глуховка ауылы бойынша жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалармен танысты. Оның ішінде Старая Крепость ауылындағы бағалы балық түрлерін өсіруге бағытталған көпсалалы тоған шаруашылығы, Стеклянка ауылындағы сүт өңдеу цехын ашқан «Қалиқанұлы» шаруа қожалығы, Жыланды ауылында қалдықтарды кәдеге асыруға қабілетті биоотын өндірісіне арналған «Эко-Отын» ЖШС, Бірлік ауылындағы мал және көкөніс өсірумен шұғылданатын «Балке» шаруа қожалығы, тамшылатып суару жүйесі арқылы көкөніс өсіретін «Лана-2» шаруа қожалығы және демалыс, туризм бағытындағы «Екі дос» спорттық-сауықтыру кешені бар.
Ауылдың көкөніс өсірушілері тамшылатып суару технологиясы арқылы 17 мың тонна көкөніс өсіріп, Семей қаласын көкөніспен қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосуда. Өңір басшысы мектеп ішінде орын тепкен шағын орталық қызметімен, сондай-ақ, аудандық балалар шығармашылығы үйінің глуховкалық бөлімшесі – «Умелые руки» үйірмесінің шеберлері жасаған қуыршақтармен, қолөнер бұйымдарымен танысты.
Облыс басшысы Глуховка ауылдық округінің әкімі Әсемхан Ысқақовтың есептік кездесуіне қатысты.
Ә.Ысқақовтың баяндауынша, өткен жылы кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар толығымен жүзеге асырылды. Мәселен, Белокаменка, Глуховка және Жыланды ауылдарында жол жөндеу, көшені жарықтандыру, жабайы иттерді ұстау бойынша жұмыстар жүргізілген. Сондай-ақ, былтыр жергілікті тұрғындар жайылымдық жердің азаюын жеткізген еді. Бүгінде тендер және мемлекеттік қор арқылы ғана жер телімі беріледі. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы 6 тұрғын 18 млн. теңгеге жуық шағын несие алған. Ауылда барлығы 114 шаруа қожалығы тіркелген. Егін танаптары ұлғайып, көкөніс өсірушілер өткен жылы алғаш рет қомақты субсидияға ие болды. Бірнеше жыл бойы мал басының саны тұрақты өсіп келеді. Шаруа қожалықтары Астана, Өскемен, Семей қалалары және Бесқарағай ауылында өткен жәрмеңкелерде өз өнімдерін саудалады.
Есептік кездесуде ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді бөлісуге мүмкіндік алды.
– Бесқарағай – мал шаруашылығы өркендеген, жүзден астам шаруашылығы бар аудан. Алайда, көпшілігінің жемшөп базасы жоқ. Сондықтан, еліміздің азық-түлік белдеуін дамытуға қажетті кірістің едәуір бөлігін жоғалтамыз. Глуховка ауылдық округі – көкөніс және сүт өндіру бағытындағы азық-түлік белдеуінде орналасқан. Бұл міндетті ауылымыз орындап отыр. Мәселен, «Балке» шаруашылығы 15 жыл бойы сүт өндірумен айналысады. Қазір шаруашылық иелеріне несие, субсидия және жеңілдіктер берілуде. Біз бұл қолдауды жақсы сезініп отырмыз. Келешекте аграрлық секторда өңдеу кәсіпорындары көбейеді. Яғни, шаруашылық өкілдері үшін ұзақмерзімді несиелендіру және делдалсыз нарыққа шығуға қолдау керек. Агроөнеркәсіп – біз үшін дәстүрлі сала. Елбасы халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс өсетінін айтты. Шаруа қожалықтары өз өнімдерін ұлғайтуға жұмыс істеуі, жаңа технологиялар енгізуі керек. Бұл орайда біз шаруашылыққа 120 ірі қараға арналған германдық сүт құрылғысын енгіздік, – деді «Балке» шаруа қожалығының жетекшісі Оралбек Тоқашев.
«Стелла» шаруа қожалығының жетекшісі Николай Косяков Семейге жақын орналасқан глуховкалық көкөніс өсірушілердің тамшылатып суару әдісіне қызығушылық танытып отырғанын, қазіргі кезде 200 гектар жер тамшылатып суару әдісіне көшкенін атап өтті. Бұл – өнім түсімінің ұлғаюына да жол ашады. Облыс басшысы кәсіпкерден көкөніс сақтау қоймасының әлеуетін сұрады. Н.Косяковтың айтуынша, шаруашылық қоймасында 1,5 мың тонна картоп және орамжапырақ сақталған. Аталған өнім Семей қаласына және тендер арқылы мектеп-интернаттар мен балабақшаларға таратылады.
Аймақ басшысы кейінгі кезде өңірдегі түсті металға сұраныс аз болғанына қарамастан, ауыл шаруашылығы көрсеткіштерінің жоғары екендігін, сондықтан жерді тиімді пайдалану керектігін, бос жатқан жерлер мемлекет меншігіне алынатындығын атап өтті.
– Семей қаласының жанындағы елді мекен болғандықтан, қала халқын көкөніспен қамтамасыз етесіздер. Семейде бесқарағайлық кәсіпкерлер үшін базар немесе сауда қатары ашылуы керек. Бұл мәселені аудан және қала әкімдері бірлесіп шешетін болады. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз тікелей сатуға жол ашылады, – деді облыс Әкімі.
Өңір басшысы биыл Глуховка орта мектебінің жөндеуден өтетінін жеткізді. Десе де, ҰБТ бойынша көрсеткіші орта есеппен 58 баллдан аспаған, 2006 жылдан бері бірде-бір алтын белгі иегері шықпаған мектептің ұжымына білім сапасының төмендігі туралы сын айтып, оқушылардың сабақ үлгерімін жақсарту, оқулықтан өзге ғаламтор мүмкіндіктерін пайдалану, «Tulek.kz» сайты арқылы жоғары жетістікке жеткен түлектердің еңбек жолын өнеге тұту туралы атап өтті.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Несіпқали Жұматаев ауыл жастарының басын қосатын Мәдениет үйі мен спорт кешенінің жоқтығын, осы мәселені тиімді шешу мүмкіндігін сұрады.
– Бұл жөнінде аудан әкіміне тапсырма берілген. Ауылда Мәдениет үйін салуға экономикалық әлеуетіміз жетеді. Бірақ ауыл әкімі алдымен бұрынғы ғимараттың меншік иесімен сөйлесуі, ғимаратты қайтарып алуы керек. Ғимараттың пайдалануға жарамдылығын тексерген соң, ауыл әкімшілігі, полиция, басқа да қызмет түрі шоғырлануы қажет. Биыл ауданда екі мектеп салынып жатыр. Егер екі мектепті бітірсек, Жыланды ауылына қажетті спорт ғимаратының жобалық-сметалық құжаттарын жасау керек. Мүмкін, спорт залынан гөрі жаңа мектеп салу керек шығар. Егер жаңа мектеп салынса, онда спорт залы да, мәжіліс залы да болады. Мәселені шешу жолдарын қарастырамыз, – деді облыс Әкімі.
Сондай-ақ, ауданның жұмыспен қамту орталығына «Жұмыспен қамту – 2020» сынды мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстарын жеткізу, шағын несие ұйымдарын ашу арқылы өз кәсібін дамытуға бағдар беру сияқты халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тапсырма жүктеді.
– Жастар, денсаулығы жарамды тұрғындар еңбекпен қамтылуы қажет. Ардагерлер, көпбалалы отбасылар, жарымжан жандар мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға ие. Дегенмен, шаруа қожалықтарының жетекшілері, кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созып, жұмысқа орналасуына көмектесуі тиіс, – деді облыс басшысы.

Семейде оңалту орталығы салынады

Облыс Әкімі жұмыс сапарын Семей қаласында жалғастырды. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ дәстүрлі Жолдауындағы тапсырмаларға сәйкес, Шығыс Қазақстанның барлық қалалары мен аудандарында мүмкіндігі шектеулі балалар мен 18 жастан жоғары жандар туралы ақпарат жиналуда. Семей қаласында бұл жұмыспен «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мекемесі айналысады. Қазіргі кезде орталықта 400-ден астам мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетіледі. Орталық директоры Рымжан Тынысованың айтуынша, орталықта жүйке жүйесінде ауытқулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен 18 жастан асқан адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Облыс басшысы логопед, емдеу, ойын, сенсорлық, еңбек және тағы басқа оңалтуға арналған кабинеттерді аралап көріп, ем қабылдаушы балалардың ахуалымен танысты.
Ауыр еңбек болса да, адамгершілігі жоғары кәсіби жұмыстың нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, ақыл-ой кемтарлығы және жүрек ақаулығы диагнозымен келген Мирас Қабылаштың бүгінде біртіндеп жағдайы жақсарып келеді. 2009 жылы ашылған мекемедегі күндізгі бөлімнен бүгінге дейін балабақшаға – 3, мектепке – 6, колледжге – 3, үйден тәрбиелеуге – 3, үйден оқуға – 17, жоғары оқу орнына – 1 бала жіберілген. Бұл – орталық ұжымының теңдессіз жеңісі.
Алайда, орталықта шешімін күткен мәселе де жоқ емес. Директордың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандардың ауқымды бөлігіне қызмет көрсетуге мамандар құлықты болғанымен, оған тұрғын үй ғимаратының бірінші қабатында орналасқан орталықтың мүмкіндігі жеткіліксіз.
Арнаулы орталықтың жағдайымен жіті танысып шыққан облыс басшысы бұл мәселеден хабардар екендігін, сондықтан тиісті орындарға тапсырма жүктейтінін жеткізді.
– Бүгін мен облыстың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен құрылыс басқармасының басшыларына тиісті тапсырмалар бердім. Биыл мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік және медициналық қызмет көрсетуге арналған ірі оңалту орталығы құрылысының жобалау-сметалық құжаттары әзірленеді. Одан өзге өңірімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бағдарлама жүзеге асырылады. Оның ішінде оңалту орталықтары мен жұмыспен қамту мәселелері бар, – деді облыс басшысы.

Коммерциялық үйлерге сұраныс бар

Өңір басшысы Семей қаласында салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарымен де танысты. Қала орталығында бой көтерген 5 қабатты тұрғын үй кешенін «Рақышев ЖК» компаниясы салған екен. Үйдің негізгі жұмыстары аяқталып, әрлеу жұмыстары ғана қалған. 30 пәтерлі үйдің бүгінде 20 пәтері сатылып кетіпті. Оның ішінде 1,2 және 3 бөлмелі пәтерлер бар. Өткен жылы сәуір айында құрылысы басталған тұрғын үйдің құны шаршы метріне 1 мың АҚШ долларын құрайды. Бір бөлмелі пәтер аумағы – 44 шаршы метр. Яғни, есептей беріңіз. Алайда, пәтерлердің іші бөлмелерге бөлінбеген.
– Сатып алушылар көңілінің қалауына қарай бөліп алады, үйді дизайнмен жасауға ниет білдірушілер бар болғандықтан осы күйінде қалдырдық, – деп түсіндірді кәсіпкер Қуаныш Рақышев.
Ал Қозыбағаров көшесінің бойында бой көтерген 5 қабатты тұрғын үй – элиталық санатқа жататын баспана. Онда бар-жоғы 10 пәтер орналасқан. Бір пәтердің жалпы аумағы – 178 шаршы метрден, биіктігі – 3,10 метрден тұрады. Бағасы шаршы метріне 1100 АҚШ долларынан. «Алтын ұя» компаниясы жеке қаржысына жүргізген құрылыс та өтімді болып тұр. Кәсіпкер Ербол Қабдырахмановтың айтуынша, бүгінде кешенде саудаға түспеген 2 пәтер ғана қалған екен. Айта кетерлігі, тұрғын үй кешенінің ауласында 7 жабық көлік тұрағы салынған. Ал бірінші қабат толығымен қаржы нысандарына жалға беріледі.
– Өңіріміздің дамуының басты көрсеткіштерінің бірі – коммерциялық тұрғын үй құрылысының көптеп салынуы деуге болады. Әсіресе, Семей қаласында тұрғын үй құрылысы қызу жүргізіліп жатыр, – деді облыс Әкімі.
Аймақ басшысы қолжетімді бағамен тұрғын үй салуға ниет білдірген құрылыс компанияларына мемлекет тарапынан қолдау болатынын, барлық инженерлік-коммуникациялық желілерді мемлекет тартып беретінін жеткізді.

Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button