Қоғам

Азық-түлік бағасы ұдайы бақылауда болады

Азық-түлік бағасы ұдайы бақылауда болады
Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемен қаласындағы бірқатар сауда нүктелерінде болып, ондағы аса қажетті азық-түлік түрлерінің бағаларын бағамдады. Сондай-ақ, аймақ басшысы орта мектептердегі хоккей қорапшаларының жай-күйімен және Согра жылу-энергия орталығының қазіргі жұмыс барысымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен «№45 гастроном» сауда орталығында болды. Мұнда әлеуметтік нан сатылады, бағасы – 45 теңге. Сатушылардың айтуынша, сұраныс жоғары. Дүкендегі шұжық өнімдері көршілес Керекуден және өз өңірімізден жеткізілген. Көкөніске келер болсақ, картоптың келісі мұнда 61 теңгеден, ал сәбіздің келісі 78 теңгеден сатылуда. Сатып алушылардың ойынша, бұл бағалар олар үшін әбден қоджетімді. Сауда сөрелеріне сүт өнімдерінің де түр-түрі қойылған, олардың дені облыс кәсіпорындарында өндіріліпті. Гастроном басшылығы тауарларға, әсіресе, ең қажетті деген азық-түлік түрлеріне ары кетсе 10 пайыздық үстемеақы қосатындарын айтады.
«Фреш Маркет» фермерлік гастрономына қазіргі кезде облыстың бес ауданынан өнімдер тасылады. Ал қалған өңірлердің шаруалары жолдың қашықтығын сылтауратады. Кейбір ауылшаруашылық тауарын өндірушілер мұндағы бір орынның жалға алу ақысы 30-50 мың теңге тұратынын, мұның олар үшін тым қымбат екенін айтып, шағымдануда.
– Егер мұндағы тауарлардың бағасы базардағы азық-түліктің құнымен бірдей болса, бұл сауда орнының керегі не? Алғашында, осы гастроном ашылғанда сіздер бүкіл жұртқа мұндағы бағаның арзан болатынын жариялап едіңіздер ғой. Көріп тұрғанымыздай, сауда сөрелерінде негізінен алыпсатарлар тұр. Шаруалар өздері келіп, өз өнімдерін сатуы керек. Алдағы уақытта арнайы жиын өткізіп, мәселені бірлесе отырып талқылайтын боламыз, – деді облыс Әкімі сауда орнының басшылығына.
Бұл жерде сиыр етінің келісі 1200 теңгеден сатылып жатыр, ал облыс әкімдігінің ақпараты бойынша ірі қара еті қаланың «Орталық» базарында 1100, «Жәрдем» базарында 1000 теңгеден өткізіледі. Дей тұрғанмен, мұнда тәулігіне он ірі қараның еті сатылады екен.
Аймақ басшысы бұдан соң «Жәрдем», «Орталық», «Дина» базарлары мен «Микен» дүкенінде болып, ондағы әлеуметтік бөлімдердің жұмысын көрді. Қаланың әр аумағында бүгінгі таңда «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын арнайы дүңгіршектер де орнатылған. Сондай сауда нүктелерінің бірі қаладағы «Алтай» базарының іргесінен орын теуіпті. Мұнда сәбіз, картоп, қызылша, орамжапырақ сынды бірінші қажетті азық-түлік өнімдері бір бағамен, яғни, 55 теңгеден саудаланып жатыр.
Облыс Әкімі қала басшылығы мен тиісті мамандарға азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуді, инфляцияны ауыздықтау шараларымен ұдайы әрі жүйелі түрде айналысу қажеттігін қадап тапсырды. Қазіргі кезде тауарлар бағасы тұрақты және оның өсуіне ешбір негіз жоқ.
– Азық-түлік бағасын шарықтатпай ұстау Елбасының берген тапсырмасы болғандықтан, қатаң қадағалауда болады. Тұрақтандыру қорының арқасында біз қыс, көктем мезгілдерінде көкөністің қымбаттамауына мүмкіндік жасаудамыз, – деді облыс Әкімі.
Облыс Әкімі Крупская атындағы орта мектеп-интернаттың және Согра ықшам ауданындағы №18 мектептің хоккей қорапшаларында болып, олардың жай-күйімен танысты. Екі спорт нысаны да асыр салып ойнаған балаларға лық толы. Қалаға қардың кеш түсуіне байланысты олар мұз айдынын сағынып қалғанға ұқсайды. №18 мектеп басшылығы хоккей қорапшасы демалыс күндері де жеткіншектерден еш арылмайтынын айтып отыр.
Аймақ басшысы аталмыш білім ордасының спорт залын, еңбек кабинетін, «Радуга» шағын орталығын да аралап көріп, оқу орны ұжымының атқарып жатқан жұмысына жоғары бағасын берді.
Согра жылу-энергия орталығы бүгінгі таңда 40 мВт электр қуатын өндіруде. Жылу беруде де мәселе жоқ, орталықтан шығатын ыстық судың температурасы – +97 градус. Қазір барлық қондырғылар тұрақты жұмыс істеп тұр. Көмір қоры 60 күнге, ал мазут мөлшері 11 айға жетеді. Сұйық отынның көлемі 230 мың тоннаға жуық. Кәсіпорын көмірді Қаражыра кенішінен тасиды, ол арнайы құрылғылардың көмегімен үгітіліп барып жағылады. Осыдан бір жыл бұрын мұнда жаңа турбина орнатылған. Аталмыш агрегат жылу мен электр қуатын өндіру көлемін ұлғайтуға септігін тигізіпті. Мамандар турбинаның өте сапалы әрі ақаусыз жұмыс істеп тұрғанын айтады.
– Сіздер алда аязды күндер келе жатқанын естен шығармаңыздар. Синоптиктердің болжауы бойынша, Шығыс өңірінде ауа температурасы күрт төмендемек. Сол себепті, орталық өз жұмысын бір сәтке де босаңсытпауы тиіс. Өскемендегі тұрғын үйлердің жылы болуы, әлеуметтік нысандардың, бірқатар маңызды өндіріс орындарының қалыпты жағдайда жұмыс істеуі ең алдымен осы орталықтың жұмысына байланысты, – деп ескертті аймақ басшысы.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button