Қоғам

Қазы аударуды қазақтардан кем білмейді

Қазы аударуды қазақтардан кем білмейді

Қазы-қарта айналдырып, шұжық дайындауды қазақтың кейбірінен артық меңгерген Лариса Ахмедьянова бұл кәсіпті тәп-тәуір табыс көзі етіп алған. Кәсіпкердің қолынан шыққан өнімдер бүгінде жергілікті жұртқа етене таныс. Сұранысқа ие.

Орысы көп Серебрянкада қазақтың ұлттық тағамдарын жасап, сатып отырған ұлты бөлек кәсіпкер әйел бар екенін естіп, елең еткен көңіліміз әлгі шағын цехты көзбен көргенше басылмағаны рас. Біз келгенде алақандай бөлме ішінде үш-төрт адам ет турап, шұжық жасап, қызу жұмыс үстінде екен. Асай-мүсейін сүйреткен бір топ журналист сау етіп келгенде сасып қалған олар мән-жайды білген соң барып қолға алған шаруаларын тәптіштен әңгімелей бастады. Ішіндегі егделеу әйел өзін Лариса Ахмедьянова деп таныстырды. Кәсіпорынның иесі осы кісі екен.

Қазы аударуды қазақтардан кем білмейді

– Мемлекет бөлген грант қаражатына өндірістік үлкен пеш пен тоңазытқыш, үстел, ыдыс жуатын жабдық алдым. Содан кейін «Центр Кредит банкінен» несие алып, оған шұжық аударатын, ет тартатын аспаптар сатып алдым. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің талаптары бойынша 1 миллион 300 мың теңге шығындап, цех тұрған ғимаратқа жөндеу жүргіздік. Қабырғаларын жылжытып, жалпы ауданын 105 шаршы метрге дейін кеңейттік. Бұдан басқа да бірқатар жұмыстар атқарылды, – деп тындырылған істерді жіпке тізгендей етіп баяндап шыққан кәсіпкер ендігі мақсат нарықтан өзіндік орын табу екендігін жасырмады.

Иә, нарықты бағындыру Олимп шыңын бағындырудан оңай емес. Егер ондай қасиет кез келгенге дарыса, кәсіпкер біткеннің бәрі шаруасын шалқытып, шырт-шырт түкіріп жатпас па еді? Алайда, Лариса ханымның ұзақ жылдар бойғы тағам өндіру саласында жинаған тәжірибесі мен көрген-түйгендерін, ең негізгісі бастаған ісін соңына дейін жеткізбей тоқтамайтын табандылығын ескерсек, тақымы босты тарпып кететін асау нарықтың күні ертең көндігеріне көңіл шіркін сенетіндей. Оған негіз де бар. Мүмкіндік те жеткілікті.

Кәсіпкердің айтуынша, дәл бүгін дәм-тұзын келістіріп қазы аударатын, жал-жая дайындап, кесек еттен шұжық жасайтын, қысқасы, тек жылқы мен сиырдың, аздап тауықтың етін кәдеге жарататын мұндай кәсіпорын Серебрянкада жалғыз. Қаланы айтамыз, ауданда біреу ғана. Сондықтан жергілікті өнімдердің дәмін татып көрген тұтынушылар басқа жақтан әкелінген шұжықтарды пысқырмайды да. Той-томалақта, ас бергенде қазы-қарта мен жал-жаяға сұраныс арта түсетіндігі де сол себепті.

– Бәрі керемет деп айта алмаймын Бірақ ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Нарықтың қыр-сырын енді біліп жатырмыз ғой. Бұйыртса, мұның да ебін табамыз. Жақында қаланың ішінде бір дүкенге өнімдерімізді толтырып қойдық. Жеке адамдармен, сондай-ақ, мекемелермен тапсырыс бойынша келісімдер жасауға кірістік. Басқа елді мекендерге тасымалдаймыз. Аудан орталығы – Зырянда аздап сұраныс туа бастады. Ары-бері жүрген жолаушылар мен демалыс базаларына келген туристер бар дегендей. Игере білгенге осының бәрі нарық емес пе? – дейді Лариса Ахмедьянова.
Тұтынушылар тарапынан сұраныстың туындайтын жөні де бар. Өйткені, бұл цехта ешқандай қоспасыз таза табиғи өнімдер шығарылады. Мәселен, шыны ыдыстағы бұқтырылған сиыр етінің құрамында етті алмастыратын соя сияқты қоспаларды таппайсыз. Ал шошқа етін мүлдем пайдаланбайды. Сондығымен қызықтырады жұртты. Кәсіпорынның жұмыс қуаты айына екі ірі қараның сойылған тұтас етін кәдеге жаратуға жеткілікті көрінеді.

Цехта етті кесіп, шұжық аударатын, сондай-ақ, сорғытатын және ыстайтын бөлмелер бар. Барлық процестерден өтіп, әбден дайын болған өнім тоңазытқышта сақталып, кейін тұтынушыға жеткізіледі.

Серік Әбілхан

Зырян ауданы.

Осы айдарда

Back to top button