Қоғам

«Қазпоштада» мемлекеттік қызметтер көрсетіледі

«Қазпоштада» мемлекеттік қызметтер көрсетіледі

Еліміз бойынша біздің өңірде ғана мемлекеттік қызметтерді «Қазпошта» бөлімдері арқылы көрсетуге бағытталған пилоттық жоба іске асырылды. Енді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-кеңселері жоқ елді мекен тұрғындары бір құжат үшін бұрынғыдай аудан орталығына барып немесе мобильді халыққа қызмет көрсету орталығының келуін күтпей-ақ, сұранысқа ие 70-тен астам мемлекеттік қызметті «Қазпошта» бөлімшелерінен ала алады.

Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында да аталған жоба іске қосылды. «Қазпошта» қызметкерлері тұрғындардан қажетті құжаттарын қабылдап, жақын орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығына рәсімдеуге жолдайды. Қанатқақты жоба шеңберінде ауыл тұрғындары «Қазпошта» арқылы әскери билет және оның телнұсқасын (дубликат), соттылығы бар немесе жоқтығы туралы анықтама, мекенжай анықтамасын, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан анықтама, туу туралы куәлік, әртүрлі жәрдемақыларды тағайындау және басқа да мемлекеттік қызметтерді ала алады.

Жаңа жоба әзірге Шығыс өңірінде ғана іске асырыла бастады. Алайда, бұл тәжірибені еліміздің барлық аймақтарына тарату жоспарланып отыр.
– Пошталық байланыс бөлімі арқылы мемлекеттік қызметті алу үшін ауыл тұрғындары қажетті құжаттар тізімін ұсынып, мемлекеттік қызметті көрсетуге өтініш жазу керек және қажет болған жағдайда мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. «Қазпошта» қызметкері құжаттарды қабылдап, халыққа қызмет көрсету орталығына жолдайды. ХҚКО инспекторы қызметті рәсімдеген соң, курьерлер арқылы дайын құжаттарды жолдайды, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Азамат Есембулов.

-Егер бұрын ауыл тұрғындары ХҚКО-да мемлекеттік қызмет алу үшін аудан орталығына немесе қалаға құжаттарды тапсыру үшін және дайын құжатты алу үшін екі рет барып жолға шығынданатын. Ал қазір «Қазпоштаға» небәрі 1200 теңге төлеп, құжаттарды ауылдан аудан орталығына және аудан орталығынан ауылға дейін жеткізу мерзімін ескере отырып, халыққа қызмет көрсету орталығымен белгіленген мерзімде дайын құжаттарын ала алады, – деді «Қазпошта» АҚ ШҚ ОФ директоры Ербол Көбентаев.
Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button