«Қазпошта» қызметі қымбаттады
Байланыс және ақпараттандыру комитетінің бұйрығы бойынша елімізде пошта карточкаларын жөнелту бағасы 67-88 пайызға қымбаттады.
«Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлназ Оразаеваның айтуынша, қарапайым пошталық хаттарды жіберу қызметінің тарифіне өзгеріс өткен жылдың 1 қарашасынан бастап енгізілген.
– Салмағы 10 грамға дейінгі пошталық карточкалардың жөнелтілу құны 67 пайызға, ал 20 грамға дейінгі кәдімгі хаттардікі 88 пайызға, 50 грамға дейінгі бандерольдар 72 пайызға қымбаттады, – дейді Г.Оразаева.
«Қазпошта» акционерлік қоғамы өкілінің айтуынша, тарифтің бұлайша күрт көтерілуіне негізінен бөлшек желілерді ұстап тұру шығындары, сондай-ақ, жанар-жағармай, еңбекақы мен коммуналдық төлемдер, эксплуатациялық материалдар шығындары ықпал еткен көрінеді. Сонымен бірге инфляцияның өсуі және авиациялық, теміржол тасымалдары қызметінің қымбаттауы да өз әсерін тигізіп отыр.