Қоғам

«Қазпошта» баспасөздің бағын тайдырып отыр

  «Қазпошта» баспасөздің бағын тайдырып отыр
Майшаммен қарайтын мәселе

«Қазпошта» акционерлік қоғамының баспа өнімдерін жеткізу бойынша қызметтері құнының қымбаттауы көптеген басылымдарды қиын жағдайға қалдырып отыр. Бірқатар редакторлар осының салдарынан Қазақстандағы баспасөз түбегейлі жойылып кетуі мүмкін дегенді айтады, ал «Қазпошта» тарифтерді көтермесе, мәселелер акционерлік қоғамның өзінде туындауы ықтимал деп санайды.
2014 жылдың 1 ақпанынан бастап «Қазпошта» өз қызметтерінің тарифтерін көтерді, айталық жазбаша хат-хабар жіберілімінің бағасы бірден 27 пайызға өсті, сәлемдемелік жөнелтімдер 10 пайызға, EMS-жөнелтімдер 4 пайызға қымбаттады.
Ірі қазақстандық газеттердің редакторлары «Қазпошта» акционерлік қоғамы нарықтағы өзінің монополиялық жағдайын пайдалануда, ал баспа өнімдерін жеткізу саласындағы бәсекелестіктің жоқтығы салдарынан «Қазпошта» өз қызметтеріне түрлі бағалар орната алады дегенді айтады.
Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев акционерлік қоғам саясаты Қазақстандағы баспасөздің келешек күн көрісі туралы мәселенің туындауына әкеп соққанын атап отыр. Ол хат-хабар жеткізу бойынша қызметтер бағасының шамамен отыз пайыздық көтерілуін газеттерді тұншықтыру дейді.
«Қазір газеттер тіпті Астана мен Алматыға да кешігіп жеткізіледі. Біз одақ атынан екі басылымды жаздырып алдырамыз, олар ешқашан дер уақытында жетпейді. Облыстарда газеттер бір аптадан соң жеткізіледі. Мұнымен қоса, егер басылымның босату бағасы айталық 200 теңге болса, «Қазпошта» өз тарапынан тағы да сонша қосады. Сол себепті соңғы кездері газеттер өте қымбат болып кетті. Егер осы мәселелерді мемлекет реттемесе және баспа өнімін жеткізудің қисынды бағаларын анықтамаса, біз баспасөздің қалай жойылып бара жатқанына ары қарай да куә боламыз. Қазір кейбір редакторлар жеткізудің қиындығынан және қызметтер құнының ұдайы қымбаттауынан жазылудан бас тарта бастады. «Қазпоштада» кезекті қымбаттауды девальвациямен түсіндіреді. Бірақ теңгенің құнсыздануы басылымдардың өздеріне соққы болуда, өйткені қағаз қымбаттады, ал оның көбі шетелден, негізінен Финляндия мен Ресейден сатып алынады. Жергілікті нарықта жұмыс істейтін оператор үшін ештеңе өзгермеуі тиіс болатын. Тіпті, бәрі де девальвациямен түсіндірілсе, теңге 19 пайызға құнсызданды, ал бағаларды бірден 27 пайызға көтеріп жіберді» деп атап өтті Матаев мырза.
Ол сондай-ақ, оператор саясаты кейбір басылымдардың қазірдің өзінде баспа нұсқасынан бас тартып, толық онлайнға көшуіне себепкер болғанын атап көрсетеді. Мысалы, «Алаш айнасы» газеті осындай шешім қабылдады, «Нұр Отанның» екі газеті де жабылды, себебі партия басшылығы оларды шығаруға кететін шығындарды шектен тыс деп санайды. Кейбір басылымдар шығындарды қысқарту үшін бірігіп жатыр. Матаев мырза газеттердің онлайн нұсқаға көшуі мәселенің шешілуі емес деп есептейді, себебі облыс орталықтарында ірі қалалармен салыстырғанда Интернет дамымаған және адамдар бұрынғысынша баспа газеттерді белсенді түрде оқиды. Мысалы, мұндай жағдай қазір Ақтау мен Атырауда орын алып отыр.
Еуропа елдерінде Қазақстандағыдай емес, мемлекеттің өзі Интернет ғасырында баспа өнімдеріне оның саяси бағытына қарамай қолдау көрсетеді. Мемлекет газеттерді жеткізуге демеуқаржы бөледі, осылайша, азаматтардың ақпарат алуға, оның ішінде баламалы ақпарат алуға деген құқығына кепілдік береді. Мерзімдік басылымдарға мемлекеттік қолдау көрсету қажеттілігін Еуропа кеңесі ХХ ғасырдың 70-ші жылдары-ақ мақұлдаған-ды. Еуропа Одағының бірқатар елінде баспасөз үшін салықтық, кедендік және пошталық-телеграфтық жеңілдіктер қарастырылған.
Мәселен, Испанияда баспа БАҚ үшін салық салудың 4 пайыздық төмендетілген мөлшерлемесі қолданылады, бұл жеткізуге және саудалауға кеткен шығындарды жабуға мүмкіндік береді. Францияда баспа БАҚ-тарына арналған мемлекеттік қолдау көлемі Еуропадағы ең қомақтылардың бірі болып саналады – жылына жан басына шаққанда 61,5 еуро. Швецияда мемлекет баспасөздің таратушы ұйымдарға жеткізілу шығындарына субсидия бөледі, сонымен қатар, жаңа басылымдар үшін дотациялар мен жеңілдетілген несиелер беріледі, пошталық тарифтер азайтылып, барлық газеттер қосымша құн салығынан босатылған. Финляндияда барлық газеттерге жазылуға мемлекеттік қолдау субсидия түрінде көрсетіледі, яғни, тасымалдау мен тарату шығындары өтеледі. Баспасөзді қолдауға арналған мемлекет дотациялары Финляндияда Франциядан да көбірек. Ол Еуропадағы ең қомақты демеуқаржы болып табылады және жылына жан басына шаққанда 130,6 еуроны құрайды. Жазылу арқылы газеттердің барлық тиражының 86 пайызы таратылады.
«Қазпошта» акционерлік қоғамы қымбаттаудың көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру, баспасөзді орындарға жеткізу жылдамдығын ұлғайту үшін болғанын және аталмыш шаралар «Қазпошта» акционерлік қоғамының тұрғындардың барлық топтарына қызмет көрсету жүйесін жетілдіру жөніндегі саясатымен сәйкес келетінін мәлімдейді.
Алайда, нақ осы хат-хабар жеткізумен айналысатын «Еуразия пресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегілер «Қазпошта» акционерлік қоғамы «Самұрық-Қазына» холдингінің құрамына енетіндіктен, ол үшін өзге газет жеткізушілерге қарағанда, нарықта барынша жайлы жағдайлар жасалғанын айтады. «Еуразия престе» «Қазпошта» нарықта монополист және мемлекеттік компаниялар үшін өзге операторлардың қызметін пайдалануға жасырын тыйым салынған деп есептейді. Әсіресе, бұл тыйым «Самұрық-Қазынаның» бейінді компанияларына таратылады.
2013 жылы «Қазпоштаның» жалпы кірісі 2012 жылмен салыстырғанда 14 пайызға өсіп, 30,8 миллиард теңгені құрады. «Қазпошта» акционерлік қоғамы – түрлі мамандықтағы 22 мыңнан астам адамды біріктіріп отырған ұлттық пошталық оператор. 2013 жылдың ақпанындағы есептік жиында «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әркен Арыстанов «Қазпошта» еңбеккерлерінің 77 пайызы өз жалақыларына риза емес екендіктерін атап өтті.
Газеттерді теміржолмен жөнелту редакциялар үшін тым қымбатқа соғады. Айталық, бір келі қағаз үшін теміржолшылар 240-280 теңге ақы алады. Бұл басылымдар үшін жұтатушы сома. Газеттер редакцияларында бір жағынан бағалардың ұдайы өсіп, екінші жағынан қызметтер сапасының еш артпай келетінін айтады.
Осы мәселелердің барлығы соңғы бірнеше жылда республикалық газеттер тираждарының шамамен 20-25 пайызға кемуіне әкеліп соқтырды. Редакциялар «Қазпошта» қызметтерінен бас тартып, жеке компаниялардың қызметтеріне жүгіне алмайды, өйткені, олар өңірлердегі нарыққа шыққысы келсе, «Қазпоштаның» шарттарымен келісуге мәжбүр. Сонымен қатар, үстемеақы салдарынан аймақтарда газеттер сатып алу қабілеті анағұрлым төмен болып келетін ірі қалаларға қарағанда қымбат тұрады.

Асқар Момынов, kursiv.kz
13.03.2014

Осы айдарда

Back to top button