Азияның мықтылары Өскеменге жиналады
25 мамырда Өскеменде волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионаты жалауын көтереді. Сегіз мемлекеттің мықтысы қатысатын құрлықтық бәсекеде Қазақстанның намысын ел чемпионы өскемендік «Алтай» қорғайтын болады. Жерлестеріміздің дүбірлі додаға дайындығы қалай? Чемпионат алдында командада қандай өзгерістер орын алды? Енді осы сұрақтарға жауап беріп көрейік.
Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында волейболдан мұндай ірі турнир бұрын-соңды өтіп көрмегенін айта кеткен жөн. Сондықтан айтулы спорттық шараның ұйымдастырылу жағына әубастан айрықша көңіл бөлінді. Бұл мәселені облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ өзі жіті қадағалауында ұстады. Чемпионат ойындары өтетін Борис Александров атындағы Спорт сарайында күрделі өзгерістер болды. Жарысты тікелей эфирде көрсетуге, бейнежазбаны өңдеп, көпфункциялы қайталау жүйесін қолдануға мүмкіндік беретін заманауи құрылғылар орнатылды. Дегенмен, жанкүйерлер үшін басты жаңалық бұл емес. Азияның кіл мықтылары қатысатын байрақты бәсекені өскмендіктер мен қала қонақтары Сарайдың өзінен тегін тамашалай алмақ.
Ал енді жарыстың өзіне келер болсақ, чемпионатқа жолдама алған сегіз команда екі топқа бөлініп өнер көрсететін болады. А тобында біздің «Алтайға» Тайландтың «Супреме», Иранның «Сармайе Банк» және Қытайлық Тайбэйдің «Тайвань Пауэр» командалары қарсылас атанбақ. В тобында «Хисамицу Сеяку Спрингс» (Жапония), «Тяньцзинь Бохай Банк» (Қытай), «Вьетин Банк» (Вьетнам) пен «Филиппин Супер Лига» (Филиппин) өзара күш сынасады.
Осы орайда, жарысқа былтырғы Азия чемпионатының жеңімпазы Жапонияның «НЕК Ред Рокетс» командасы қатыспайтынын айта кеткен абзал. Оның орнына Өскеменге соңғы елішілік чемпионатта топ жарған «Хисамицу Сеяку Спрингс» волейболшылары келеді.
Сонымен қатар, бұл бәйгеде 2018 жылы өтетін клубтық Әлем чемпионатының жолдамалары сарапқа салатынын болады.
«Алтай» волейболшылары үшін бұл осымен екінші ірі халықаралық жарыс болайын деп тұр. Естеріңізге салайық, былтырғы құрлықтық чемпионатта өскемендік ұжым үздік төртікті түйіндеген болатын. Ал биыл команданың бұдан да биік белестерді бағындыруға мүмкіндігі мол. Мамандар соңғы екі жылда ел чемпионы атағына екі мәрте қол жеткізген «Алтайдың» қазір нағыз тәжірибесі толысып, шыңдалған ширыққан шағы екенін айтуда. Команда тізгінін жаңа бапкер, атақты ресейлік маман Ярослав Антонов ұстады. Бұған қоса, клуб басшылығы ел біріншілігінде чемпиондық атақ әперген Сана Анарқұлова, Юнеска Роблес Батиста, Кристина Аниконова, Әлия Садықова, Инна Матвеева сияқты ойыншыларды сақтап қалып, олардың қатарын бірнеше жаңа ойыншымен толықтырды. Атап айтқанда, өскемендік ұжым сапына Павлодар волейбол мектебінің түлегі Валерия Рылова, Ольга Карпова (бұған дейінгі командасы – «Ертіс-Қазхром»), Людмила Исаева («Алматы»), Корина Ишимцева («Жетісу») және сербиялық легионер Бояна Радулович қосылды. Демек, «Алтай» мықты бола түспесе де, әлсіреген жоқ.
Команданың жаңа бас бапкері Ярослав Антонов «Алтайдың» алдағы чемпионаттағы қарсыластарын жақсы білетінін мәлімдеуде.
– Азия волейболы мен үшін таңсық емес. Бұған дейін Қытай және Жапонияның командаларымен сан мәрте жолымыз түйіскен болатын. Біздің басты қарсыластарымыз деп дәл осы екі елдің командаларын айтар едім. Дегенмен, біз үшін қазір ең маңыздысы ол емес. Чемпионаттың басталуына екі-ақ аптадай уақыт қалды. Ал біздің командада әлі де жарақатынан айықпаған ойыншылар бар. Міне, қазіргі міндет – сол волейболшыларымызды аяққа тұрғызу. Жалпы алғанда, Азия чемпионатына дайындығымыз ойдағыдай, – дейді ресейлік маман.
Естеріңізге салайық, қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионаты мамырдың 25-і мен 31-і аралығында Өскемендегі Б.Александров атындағы Спорт сарайында өтеді. Жарыс ойындарына кіру тегін болмақ.
Газеттің алдағы сандарында құрлықтық додаға қатысатын командалар мен үздік ойыншылары туралы толығырақ жазатын боламыз. Төменде оқырман назарына чемпионат ойындарының кестесін ұсынып отырмыз.
25 мамыр, бейсенбі.
10:30 – «Хисамицу Сеяку Спрингс» (Жапония) – «Филиппин Супер Лига» (Филиппин);
13:00 – «Супреме» (Тайланд) – «Сармайе Банк» (Иран);
15:30 – «Тяньцзинь Бохай Банк» (Қытай) – «Вьетин Банк» (Вьетнам);
18:00 – Чемпионаттың ашылу рәсімі;
19:00 – «Алтай» – «Тайвань Пауэр» (Қытайлық Тайбэй).
26 мамыр, жұма.
11:30 – «Филиппин Супер Лига» – «Вьетин Банк»;
14:00 – «Тайвань Пауэр» – «Сармайе Банк»;
16:30 – «Хисамицу Сеяку Спрингс» – «Тяньцзинь Бохай Банк»;
19:00 – «Алтай» – «Супреме».
27 мамыр, сенбі.
11:30 – «Тяньцзинь Бохай Банк» – «Филиппин Супер Лига»;
14:00 – «Супреме» – «Тайвань Пауэр»;
16:30 – «Вьетин Банк» – «Хисамицу Сеяку Спрингс»;
19:00 – «Алтай» – «Сармайе Банк».
28 мамыр, жексенбі.
Демалыс күні.
29 мамыр, дүйсенбі.
11:30, 14:00, 16:30, 19:00 – ширек финал ойындары.
30 мамыр, сейсенбі.
11:30, 14:00 – 5-8 орындар үшін кездесулер.
16:30, 19:00 – жартылай финал ойындары.
31 мамыр, сәрсенбі.
9:30 – 7-орын үшін ойын;
12:00 – 5-орын үшін ойын;
14:30 – 3-орын үшін ойын;
17:00 – финал;
19:30 – Жүлдегерлерді марапаттау мен чемпионаттың жабылу рәсімі.
Нұржан Кенжеұлы