Азия ойындарының чемпионын күтіп алды

Ашхабад қаласындағы жабық кешенде өткен Азия ойындарында қазақ күресінен жеңімпаз атанған Айбек Нұғымаров елге оралды. Спортшыны Өскемендегі әуежайдан қалың жанкүйер құшақ жая қарсы алып, қошемет көрсетті.
Естеріңізге сала кетсек, Түркіменстанның астанасында өткен дүбірлі жарыста шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров тәжік балуаны Диловар Гуловты, түркімен балуандары Қууат Нүреу мен Назар Дүрдиевті жеңіп, финалға жолдама алған болатын. Шешуші сында қырғызстандық Тілек Куаловпен белдесіп, қарсыласынан басым түскен жерлесіміз ел қоржынына алтын медаль салды.
Ел мерейін асқақтатқан Айбек Нұғымаровты күтіп алған жанкүйерлер Азия ойындарының чемпионына айрықша құрмет көрсетті.
– Бұл байрақты бәсекеде түркімен балуандарымен белдесу аздап қиынға соқты. Десе де, боз кілемдегі белдесулеріміз аса тартысты болды. Осы орайда, төл спортымыздың Азия ойындарының бағдарламасына енгізілуі осынау ұлттық мұрамызды ұлықтап, дамытуға атсалысып жүрген азаматтардың арқасы екенін айта кеткен орынды, – дейді Айбек Нұғымаров.
Қазақ елінің намысын халықаралық деңгейдегі жарыстарда қорғап жүрген Айбек Нұғымаровты күтіп алған қалың жанкүйерге бапкері Серік Қоржыкенов алғысын білдірді.
– Айбекке әрбір спорттық додаға қатысқан сайын барынша қолдау көрсетіп, жанкүйер болған барша жерлестеріме алғыс айтамын. Шәкіртімнің алда алар асулары көп болсын, – дейді Серік Қоржыкенов.
Ажар Сағатбекова