Қоғам

Азия ойындарында алты бірдей алтын иеленді

Азия ойындарында алты бірдей алтын иеленді

Еліміздің былғары қолғап шеберлері Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында бүгін мәреге жеткен жазғы Азия ойындарында алты бірдей алтын, бір күміс, бір қола медальді иеленіп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Дүбірлі доданың алтынын 52 келіде Ілияс Сүлейменов, 69 келіде әлем чемпионы Данияр Елеусінов, 75 келіде әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы, 82 келіде әлем чемпионатының екі мәрте күміс және Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, 91 келіге дейінгі салмақта Антон Пинчук және 91 келіден жоғары салмақта Иван Дычко тағынды. Күміс жүлде 49 келі салмақтағы Біржан Жақыпов пен 56 келі салмақтағы Қайрат Ералиевке бұйырды. Осылайша қазақ боксшылары ел құрамасының қоржынындағы алтындар санын 27-ге жеткізді.
Сонымен қатар үш қарғып секіруден Лондон Олимпиадасының чемпионы, жерлесіміз Ольга Рыпакова Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан 17-ші Азия ойындарының чемпионы атанды.
Ольга Рыпакованың жарыстағы ең үздік көрсеткіші 14 метр, 32 сантиметр болды. Оның қарсыластарының ешқайсысы мұндай қашықтыққа секіре алған жоқ. Күміс өзбекстандық Александр Котляроваға бұйырса, қоланы тағы бір отандасымыз Ирина Эктова еншіледі. Оның көрсеткіші 13 метр, 71 сантиметрді құрады. Қуаныштысы сол, желаяқ жерлесіміз осымен екінші рет қатарынан Азия ойындарының жеңімпазы атанып отыр. Осыдан төрт жыл бұрын ол Қытайдың Гуанчжоу қаласында топ жарған болатын.
Айта кету керек, Ольга Рыпакова дүниеге бала алып келгеннен кейін, үлкен спортқа биылғы жылдың жазында қайта оралды. Тамыз айында Англияда өткен \”Гауһар лигасында\” ол екінші орын алып, өзінің бабында екенін көрсеткен-ді. Енді, міне, араға аз уақыт салып, қазақстандық жеңіл атлет Азия ойындарында да мықты атанып отыр.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button