Ертістің арғы жағы мен бергі жағын ғана емес, Азия мен Еуропаны, Ұлы дала мен Сібірді жалғастырып жатқан аспалы көпір – Семей жұртына Тәуелсіздіктің тартуы.
Осыдан 20 жыл бұрын, 2000 жылдың 17 қазанында Семейде еліміздегі ерекше құрылыс – аспалы көпір салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл өңір тарихына енген күн еді: көпірдегі қозғалысты Елбасының өзі арнайы келіп ашты. Шаһардың бет-бейнесіне айналған бұл нысан қалай салынды? Күрделі әрі бірегей көпір қанша уақытта тұрғызылды?
Көпір жағалауларды бір-біріне жалғап қана қоймай, елдің экономикасын дамытып, алыс-берісті арттырады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Семейге Ертістің екі жағасын жалғайтын үлкен көпір аса қажет болатын.
Құрылысты Ельцинге жүктеген
Семей көпірінің құрылысы кеңес дәуірінде жоспарланған, 80-ші жылдардың басында. Бір қызығы, нысан Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельцинге тапсырылған. 1987 жылы ол КСРО құрылыс министрінің орынбасары болып тағайындалады. Қала ол кезде өзенмен екі бөлікке бөлінетін: оң жағалау – Ленин мен Киров аудандары, сол жағалау – Калинин ауданы. Тұрғындар саны 300 мыңнан асқан-ды. Дайын тұрған жоба бойынша нысан құрылысы сегіз жылға шақталып, құны 63 миллион сом болған.
Өкінішке қарай, жеке мансабын басты орынға қойған Ельциннің бұл жобаны жүзеге асыруға құлқы болмаған сыңайлы. Көп ұзамай одақ ыдырап тынды. Ірі құрылыс жас мемлекеттің міндетіне қалдырылды.
Алайда енді ғана құрылып жатқан мемлекет алып көпір салу шығындарын мойнына ала алмады. Ол тұста ішкі әлеуметтік мәселелер бастан асып жатқан. Зейнетақы мен жалақы төлей алмай отырған елде қомақты қаражат қайдан болсын?! Сол себепті Қазақстан шетелден инвестиция тартуға мәжбүр еді.
700-ден астам үй-жай бұзылды
Жарияланған тендерге Норвегия, Дания, Франция, Жапония, Түркия елдерінен 17 құрылыс фирмасы қатысты, нәтижесінде жапонның «Исакавадзима» және түріктің «Аларко Алсим» компаниялары жеңіп, 1998 жылдың қаңтарында жасалған шарт бойынша нысанды салуға кіріседі.
Құрылыс мыңдаған қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Қаланың ондаған кәсіпорыны қосалқы мердігерлер болып, түрлі тапсырыстар алды.
Сондай-ақ көпірасты жолайрықтар мен автомагистральдардың құрылыс аумағындағы 743 үй-жай бұзылды. Олардың иелеріне мың пәтерлік 14 көпқабатты тұрғын үй салынып берілді.
Көпірге келіп тоғысатын жол торабымен түрік фирмасы айналысты. Оған қатысқан жұмысшылардың 90 пайызы жергілікті тұрғындар еді. Көпірдің бірден-бір ерекшелігі – жол бетіне табиғи асфальт төселгені. Ол өте берік және ауыр жүкті транспорттарға төзімді келеді. Мамандардың айтуынша, асфальт Кариб теңізіндегі Тринидад елінен арнайы әкелінген. Ал Жапонияда жасалған көпір қаңқалары алдымен су жолымен, сосын теміржолмен жеткізілген екен.
Жоба экономикалық жағынан тиімді болып шықты және кеңес өкіметі сегіз жылға жоспарлаған құрылысты жапон, түрік және қазақ жұмысшылары рекордтық мерзім – екі жарым жылда аяқтады.
Аспалы көпір жағалаулар арасындағы қарым-қатынас мәселесін шешіп, өзге қала өткелдеріне түсетін жүктемені едәуір жеңілдетті. Бұл жермен күніне 60-80 мыңнан астам көлік қатынайды. Көпірдің ұзындығы бір шақырым, алты жолақты қозғалыс кептеліске жол бермейді.
Семейдің құрметті азаматы Тошимицу мырза
– Компаниямыз 90-шы жылдардың аяғында Қазақстанның Семей қаласына аспалы көпір салды. Бұл үлкен құрылысқа қазақтар, түріктер, ағылшындар мен қытайлар да қатысты. Нысанды мерзімінен бір жыл бұрын бітірдік. Қазір сол кездерді ыстық сағынышпен еске аламын. Ерекше жадымда қалғаны – қазақ жұмысшыларының біліктілігі мен жанқиярлығы, қақаған аязда да, аптап ыстықта да жұмыс бір сағатқа тоқтаған емес. Мен оған дейін көптеген елдерде жұмыс істеген болатынмын. Жергілікті инженерлер әрдайым құрылысты жүргізудің ұтымды тәсілдерін ұсынып отырды. Олардың арқасында өзім де біраз тәжірибе жинадым, – дейді ресейлік газетте жарияланған сұхбатында көпір құрылысының жетекшісі Тошимицу Мацузава.
Атап өтерлігі, Тошимицу мырза Семей қаласының 73-ші құрметті азаматы атанған. Ол екі жылдың ішінде бірқатар жергілікті жас спортшы мен өнерпазға қайырымдылық көмек көрсетіпті.
Тағы бір ескерер жайт, көпірдің ашылуында жеңіл атлетикалық кросс ұйымдастырылды. Оның қатысушылары қала көшелерімен 17 шақырымды еңсеруі керек болды. Жапон фирмасы тіккен бас жүлде бір миллион теңге болды. Мәре сызығына келген алғашқы елу спортшы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Жеті жыл күтім көрмеген еді
Өкінішке қарай, арада жеті жыл өткеннен кейін көпірдің қала қарамағында тұрмағаны және оның техникалық жай-күйіне ешкім қамқорлық жасамағаны белгілі болды. Бұл мәселе тек 2007 жылы жапон банкінен келген делегацияның Семей қаласына сапары кезінде жария болды. Сол кезде қалалық мәслихат депутаттары аспалы көпірді ресми түрде стратегиялық нысан деп танып, оны облыстық бюджеттің балансына берді. Осылайша Қазақстандағы жалғыз аспалы көпір мәселесі оң шешілді.
Арнайы шақырылған жапон мамандары аспалы көпірдің техникалық жағдайын мұқият тексеріп, көпірдің жақсы күйде екенін анықтады, тек кейбір жерлердегі тотқа қарсы бояу жабындысы ғана жаңартуды талап еткен. Жалпы «Исакавадзима» компаниясы көпірдің пайдалану кепілдігін 200 жыл деп көрсеткен болатын.
Иә, шаһардың көркіне көрік қосып, сәулетін арттырған Семей көпірі – тамсануға тұрарлық нысан. Жүз метр биіктікке бойлаған оның тіреулері қалаға кірген бойда бірден көзге түседі. Атап өтерлігі, әлемде бар-жоғы мұндай 17 аспалы көпір бар.
Ержан Әбіш