Қоғам

Азия чемпионатының алтыны қай елге бұйырды?

Азия чемпионатының алтыны қай елге бұйырды?

Өскеменде «Еркін пирамида» бойынша ерлер арасында өткен ашық Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Финалдық кездесуге Украина және Молдова елдерінің билльярд шеберлері Артур Пивченко мен Сергей Крыжановский шықты.
Өкінішке қарай, қазақстандық бильярдшылардың ешқайсысы да шешуші ойындарға шыға алған жоқ. Олимпиадалық жүйемен ойналған турнирден жеңілген спортшылар автоматты шығып отырды. Әлемдік додалардан олжа салып жүрген әйгілі спортшымыз Әлихан Қаранеевтің өзі украиналық спортшы Артем Моисеенкодан жеңіліп, ойынды бірден 1/16-шы кестеден тоқтатты. Сонымен бірге, Қазақстанның үкілі үміттерінің бірі Ернар Шымбаев та 1/16 турнирден өте алған жоқ. Ең ұзаққа барған жерлестеріміз Әлібек Омаров пен Максим Пан 1/8-ші турнирге дейін ғана жетті.
-Жалпы, Қазақстан командасы өте мықтылар қатарынан саналатын, командалық ойында ешкімге дес бермейтін жігіттеріміздің дәл осы чемпионатта жолдары болмады. Бірақ ойынның аты ойын, кейде бап шабады, кейде бақ шабады,-дейді бильярд спорты федерациясының өкілі Аңсар Қабиев.
Сонымен бірнеше күнге созылған байрақты бәсекенің қола медальдарын қырғызстандық Дастан Лепшаков пен Украина бильярдшысы Артем Моисеенко тағынды. Күміс медаль Молдовадан келген Сергей Крыжановскийге бұйырды. Ал алтыннан алқа таққан украиналық шебер Артур Пивченко ақтық сында өз қарсыласын 7:0 есебімен ұтып, айқын басымдылыққа ие болғанын айта кеткен жөн.
Аталмыш жарысқа бильярд спортының конфедерациясы, Мәдениет және спорт министрлігі, еліміздегі бильярд спортының федерациясы және облыс әкімдігі қолдау көрсеткенін естеріңізге сала кетейік. Облыстық ақпарат орталығы келтірген мәліметке сүйенсек, тоғыз елдің командасы қатысқан ойынға барлығы 74 спортшы қатысқан екен. Жүлде қоры – 5 580 000 теңге. Бірінші орынға тігілген жүлде – 1 674 000 теңге болса, екінші және үшінші орындар үшін 930 000 және 558 000 теңге көлемінде.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button