Қоғам

Қазиевтар әулеті темір жолда 555 жыл еңбек етіпті

Қазиевтар әулеті  темір жолда 555 жыл еңбек етіпті


Бір ғұмыр ғана емес, үрім-бұтағына дейін бір салада беріле еңбек еткен әулеттер бар. Өз саласына деген өр сүйіспеншілікті әне, сондай жандардан үйрену керек шығар.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстан халқы Ассамблеясының Шығыс Қазақстан облыстық хатшылығының мұрындық болуымен отбасы апталығы өткізіліп, әр салаға еңбегі сіңген ерекше әулеттерді марапаттады.

Мұндай марапатқа ие болғандардың ішінде педагогтар, теміржолшылар, медицина саласының қызметкерлері, сондай-ақ, мұражайлар мен Достық үйінің қызметкерлері бар.

Ең әуелі «Қазақстан темір жолына» еңбегі сіңген Қазиевтар отбасы көтерілді сахнаға. Аталмыш әулеттен осы салада 20 адам жұмыс істейді екен. Олардың жұмыс өтілін қосқанда 555 жылды құрайды. Теміржолшылар әулеті ортаға шыққанда кең сахна тарлық еткенін айта кеткеніміз ләзім.

Бұл шарада ұйымдастырушылардың марапатымен қоса халықтың ыстық ықыласына ие болған әулеттердің бірі – Югай отбасы. Людмила Югай денсаулық сақтау саласында 57 жыл еңбек еткен тыл ардагері болса, артынан ерген екі қызы да ақ желең киіпті. Екеуі де жоғары дәрежедегі дәрігер. Ол аз десеңіз, күйеу баласы уролог болып қызмет атқаратын көрінеді. Немересі Мәскеу қаласында медицина саласы бойынша білім алуда.

Талай таланттың көзін ашып, мыңдаған шәкірт түлеткен Прищепчиктер әулеті де марапатқа ие болды бұл күні. Бүкіл ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Марат Викторовмч пен қосағы Нина Николайовна қолдасып шығып, еңбектерін елеп жатқан ұйымдастырушыларға алғысын айтты. Белорус ансамблімен бірге екеуі халыққа әдемі ән салып берді.

Бұл шараның шаттығына шомған тағы бір отбасы – Рақышевтар әулеті болды. Рақышевтар бүкіл күш-жігерін Қазақстан халқының бірлігіне арнаған жандар. Сонау 1992 жылы елімізде бірінші рет Өскемен қаласында Елбасының қатысуымен ашылған Достық үйінде алғашқы күндерден бері жұмыс істесе, бүгінгі таңда сол жұмысты балалары жалғастырып жүр.

Марапатқа ие болған әулеттерді Бочаговтар түйіндеді. Бұл әулеттегілердің көбі облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафты мұражай қорығының қызметкерлері екен.

Барлық марапат иелеріне гүл шоқтарымен қатар ақшалай сыйлықтар табысталды. Үлгілі отбасылар шара соңында естелік суретке түсті.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button