Қоғам

Азиадада төртінші орындамыз

Азиадада төртінші орындамыз


…Хош, сонымен Күншығыс елінің Саппоро қаласындағы VІІІ Қысқы Азия ойындары жалауын түсірді. Күні кеше Алматыдағы ХХVІІІ Дүниежүзілік Универсиада ойындарында, жалпыкомандалық екінші орынды иеленген Қазақстан құрамасы Жапонияда төртінші орынға табан тіреді. Бұл алға жылжу ма, әлде төмен құлдырау ма? Жанкүйерлерді толғандырған осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарында алдыңғы лектен көрінетін күншығыс елі қысқы Азия ойындарын осымен төртінші рет өткізді. Тұңғыш Азия ойындары Саппоро қаласында өтіп, оған бар-жоғы 7 мемлекет қатысыпты. Арада төрт жылдан кейін Саппоро тағы да Азия ойындарын өткізу мәртебесіне ие болды. 1996 жылы Қытайдың Харбин қаласы Азия ойындарын өткізіп, оған тәуелсіздік алғанына 6 алты жыл толған Қазақстан құрамасы тұңғыш рет қатысады. Тәуелсіздігін енді ғана алып жатқан қазақ елінің саңлақтары Харбиндегі додада айды аспанға шығарып, 14 алтын, 9 күміс және 8 қола, барлығы 31 медальмен командалық есепте екінші орынға табан тірейді. Азияның барыстары-Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония елдерінің спорт мамандары алғашқы үштіктен көрінген Қазақстанмен санасу керектігін жақсы түсінеді. Арада үш жылдан кейін, яғни 1999 жылы Кореяның Кангвон провинциясында ІV Азия ойындары басталады. Біздің құрама 10 алтын, 8 күміс, 7 қоламен үшінші орынды иеленеді.

2006 жылы Жапонияның Аомори қаласында өткен V Азия ойындарында біздің ұл-қыздарымыз 7 алтын, 7 күміс, 6 қола медальмен командалық есепте төртінші орынды қанағат тұтады. Біздің жерлесіміз шаңғышы Максим Однодворцев 15 және 30 шақырым қашықтықта екі алтынға ие болады. Шығыстың ару қыздары Оксана Яцкая, Светлана Малахова, Светлана Шишкина да жеңістің биік тұғырынан көрінеді. Арада төрт жылдан кейін Қытайдың Чанчунь қаласында өткен Азия ойындары біз үшін сәтсіз болып, төртінші орынды қанағат тұтуға тура келді. Бұл жолы 6 алтын, 6 күміс, 6 қола қоржынға түсті.

2011 жыл қазақ елінің спорт тарихында алтын әріптермен жазылып қалуы тиіс. Олай деуге негіз бар. Алматы мен Астанада қатар өткен VІІ Азия ойындарында 69 медальдар жиынтығы сарапқа салынып, соның тең жартысына жуығын Қазақстан құрамасы иеленді. Атап айтқанда, ел құрамасы 32 алтын, 21 күміс, 17 қоланы жеңіп алды. Әзірше Қазақстан құрамасының бұл нәтижесі бұзылмай тұр. Күні кеше мәреге жеткен Азиадада топ бастаған Жапония 28 алтынға ие болыпты.

СПОРТ-ЕЛДІКТІҢ НАМЫСЫ

Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің студенті Галина Вишневская жарады! Ол Алматыда екі алтын, екі күміске ие болды. Енді, міне, Саппорода айды аспанға шығарып, спринтте, із қуу, аралас эстафетада, масс стартта 4 бірдей алтынды иеленді. Универсиада ойындары кезінде Галинаның екі алтынды жеңіп алған кездегі қуанышын бірге бөліскен едік. Оның бапкері Рафаиль Мирсалимов: «Көресіздер, Галина бір стартында қателік жіберіп алды, сол өкініштің орнын күншығыс елінде толтырады», – деген еді. Бапкердің айтқаны айдай келді, Галинаның рекорды жуық арада қайталанбайтын шығар.
Тағы бір жерлесіміз, биатлоншы Ян Савицкий де Жапонияда екі алтын медальды иеленді. Сонымен, шаңғышы мергендеріміз Саппорода 8 алтынның жетеуін уысына түсірді. Бұл – рекорд! Универсиада ойындарында 1 күміс, 1 қола иеленген Ринат Мухин де чемпион атанды. Фристайлшы Юлия бір алтын, бір күміс алды.

Жалпы алғанда, Саппоро сапары жаман болмаған сыңайлы. Жас таланттардың өсіп келе жатқанын аңғардық. Элизавет Тұрсынбаеваның қола медалі талантты жастың талабын байқатты. Шаңғымен тұғырдан секіруде бұрындары алғашқы үштіктен көріне алмаушы едік, осы жолы күміспен күптелдік.
Жарыстың соңғы күні үш бірдей алтын қоржынға түсті. Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Азияда мықты деп саналатын Жапония құрамасын 7:0 есебімен тас-талқан етіп жеңді. Галина мен Ян алтын алса, шаңғышылар С.Черепанов, Н.Чеботько, биатлоншы А.Райкова, фристайлшы Ю.Галышева күміс, ал Д.Рейхерд қола медальды мойындарына тақты. 20 жылдан бері аяғынан шаңғысы түспей келе жатқан «ардагеріміз» – Елена Коломина бір күміс, бір қолаға ие болды. Саппорода еліміздің көк байрағын ұстап шыққан үржарлық Ердос Ахмадиев, Сергей Черепанов, Николай Чеботько, Ринат Мухинмен эстафетада, конькиші Денис Кузин, биатлоншы Василий Подкорытов, шаңғымен тұғырдан секіруші жігіттеріміз командалық есепте күміспен күптелсе, Марат Жапаров, Сергей Ткаченко сияқты «қанатты» шаңғышыларымыз, шорт-тректен қыздармыз эстафетада қоланы мойындарына тақты. Алтын алады деген мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен бұл жолы сәтсіздікке ұшырап, бірінші күні құлап қалып, соңында төртінші орынды қанағат тұтты. Амал бар ма, күншығыс елінде алғашқы үштікке ілінер едік, алайда бұра тартудың кесірінен үмітіміз ақталмады. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жазылды да. Сонымен, Қазақстан қоржынына 9 алтын, 11 күміс, 12 қола түсті. Соңғы күні бір қоланы алып қойды. Себебі, Азия ойындарының тәртібі бойынша бір елдің үш бірдей саңлағы барлық медальды жеңіп алса, соңғысын төртінші орын алған атлетке бере салады екен. Бұл қайдан шыққан заң, түсіне алмадық.

Оңдасын Елубай

Осы айдарда

Back to top button