Руханият

Қажытайдан тәлім алған

Қажытайдан тәлім алған


Халқымызда «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген қанатты сөз бар. Бүгіндері жетпістің үстіне шыққан Амангелді Оспановтың әкесі «Ұлы Отан соғысы» мен «Қызыл жұлдыз» ордендерінің, көптеген медальдардың иегері, қырық бес жыл ұстаз, ал шешесі Бикен алтын құрсақ ана болған.

Әкесінің атқұмарлығына Амангелдінің бой ұрғаны сонша, он үш жасында асаудан жығылып, аяғынан мертігіп, екі жыл төсек тартып қалады. Осы уақытта әжесі Күлиманнан ертегі, қиса-дастандарды ынта қоя тыңдап, әкесі әкелген «Мұңлық-Зарлық», «Батырлар жыры», «Рүстем-Дастан», «Манас», «Қырық қыз» дастан-жырларын оқып, кітапқа құмарлығы артады.

1963-64 жылдары Чапаев атындағы мектеп-интернатта оқуы, жас ақын Қажытай Ілиясовтан тәлім алуы Аманкелдінің өміріне өзгеріс әкеледі. Тәрбиешісінің облыстық, аудандық газеттерге шыққан өлеңдерін құмарта оқып, өзі де шумақтар жаза бастайды.

1968 жылы мектепті бітіре сала Қызылқазақ (Қабанбай) ауылында клуб меңгерушісі қызметін атқарады. 1970 жылы Семей пединститутының тіл-әдебиет факультетіне қабылданып, ғалымдар Қ.Мұхамедханов, Қ.Шаяхметов, Қ.Жүсіповден білім алады.

Жанұя жағдайына байланысты 1971 жылы сырттай бөлімге ауысып, Қызылқазақ мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасады. Ұстаз әкесінен сабақ жоспарын жазуды, кезінде өзінің сынып жетекшісі болған мектеп директоры Ә.Жұмәділовтен, неміс, орыс, қазақ тілдерінен сабақ беріп жүрген Д.Смағұловадан сабақ берудің әдіс-тәсілдерін үйреніп, аудандағы, Семейдегі білім жетілдіру курстарына қатысып, тәжірибе жинақтайды.
Сондай-ақ Үржар ауылындағы сабантойда үш жыл қатарынан қыз қуудан жүлдегер атанып, зейнетке шыққанға дейін Қабанбай ауылынан Үржарға салт атпен, кейде ат-арбамен, қыста ат-шанамен қатынап тұрыпты. Қабанбай мектебінде табан аудармай қырық бір жыл ұстаздық еткен, оның ішінде жиырма жыл директор болған Амангелді Заманбекұлы аудан, облыс әкімдерінің, министрліктің, қоғамдық ұйымдардың көптеген алғыс хаттарымен, «Әсет Найманбаевтың 150 жылдығы», «Үржар ауданының 90 жылдығы» медальдарымен марапатталды.

Амангелді Оспановтың «Өмір шуақтары» атты тұңғыш өлеңдер жинағының алғысөзін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, марқұм Қажытай Ілиясов жазып, өзінің жетпіс жасқа толуына байланысты шығармашылық кешіне шәкірті ретінде арнайы шақырған.«Үржарым үкілі ән-жырым» байқауында үшінші, «Бір өлең, бір әуен» ән-жыр байқауында және былтырғы «Үржарым Барқыбелдің баурайында» мүшәйрасында екінші орын алып, аудан әкімінің марапатына ие болды.Қабанбай ауылындағы ақсақалдар алқасының төрағасы болған Амангелді Оспанов бүгінде – аудандық ардагерлер кеңесінің президиум мүшесі, аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі, Журналистер одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы, бес жыр жинағының, он бес шақты ән сөзінің авторы. Абай, Қабанбай, Қазымбет мектептері мен аудандық өлкетану мұражайында шығармашылық кештері ұйымдастырылған.

Оспановтың шәкірттері қатарында Ә.Берікболова, С.Тұмажанова, С.Смағұлова, М.Тұмажанова сынды еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының оқытушыларыбар, тағы бір оқушысы Ә.Нұрманова – «Туған елдің түтіні» фильміндегі басты рөлді сомдаған актриса. Амангелді ақсақалдың жұбайы, ұстаз Р.Омаровамен отасқанына қырық бес жыл толып, Алмас, Ардақ атты ұлдары мен Әйгерім қыздарынан жеті немере сүйіп отыр.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button