Тұлға

ҚАЖЫМАС ҚАРА НАРЫМ, АМАН БОЛ, АҒАЛАРЫМ!

 Зымырап бара жатқан уақыт-ай. «Дидар» газетіне алғаш қызметке орналасқан жылы алпыстың албарына ат байлаған ағалардың алды биыл жетпіс дейтін желмаяның жалына қол салып жатыр. Солардың қай-қайсысы болмасын, журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен, өз мамандықтарының майталмандары еді.

Әрқайсысының өзіндік мінезі, өзіне ғана тән қолтаңбалары өздеріне жарасып тұратын. Алғаш көрген күннен бастап көзім үйреніп, көңіліме түйіп қалғандықтан болар, мен ол кісілердің болмыс-бітімдерін көз алдыма басқаша елестете де алмайды екем. Ал газетке сіңірген еңбектерін тізбелер болсақ, ол енді бір ғана естелікті қойып, тұтас кітапқа жүк боларлық ұзақ әңгіме…

Жаныма азық болған ақылдарың

Ел алдында еркін сөйлеп үйреніп қалғаннан ба, болмаса бұрын-соңды газетте қызмет етіп көрмегендікі ме, кім білсін, алғашқы уақыттарда жұмыс кабинетінде болсын, аптасына бір мәрте (бас редактордың қатысуымен) өткізілетін лездеме-жиынымызда болмасын қызбаланып кетіп, ойыма келгенді ірікпей айтып сап, «Айналамызда болып жатқан келеңсіздіктерді неге жазбаймыз, кімнен қорқамыз?» деген сарында сөз қозғап жүрдім. Бірде сондай лездемеден соң кабинетке кеп, орныма жайғасып жатыр ем, сол қапталымда отыратын Әлімжан ағам:

– Серікжан! – деді өзіне ғана тән биязы үнімен.

– Иә, аға, – деп Әлекеңе бұрылдым.

– Сенің әлгінде лездемеде айтқан сын-ескертпелеріңнің барлығы да орынды, көңілге де қонымды. Былайғы жұрт «Газет болғасын қоғамдағы болып жатқан келеңсіздіктерден бастап, кемшілік атаулының барлығын сынап-мінеп, сойып тұрып жазуы керек» деп ойлайды. Ал, шынтуайтына келгенде, газеттің жаза алмайтын, тіпті жазғысы келсе де, жазуына болмайтын, былайша айтқанда, айналып өтуіне мәжбүр тақырыптары болады. Жазылған мақалаңның бір сөзінен шикілік кетіп немесе келтірген деректеріңнің әлдебірі шынайылықпен сәл ғана сәйкеспей қалатын болса, дәл соған жармасып ап, мақаланы жазған журналисті ғана емес, бүкіл газетті сотқа беретін ілік іздеген мекемелер де, жекелеген оқырмандар да бар. Бұл «Дидар» сен айтып жүрген кемшіліктер мен келеңсіздіктерді жариялаймын деп, осы уақытқа дейін кіммен соттаспады дейсің. Мен сені түсінем, сен үлкен сахнадан ақиқатты айтып жүрген ақынсың. Бірақ, өкінішке қарай, газеттің жайы мүлдем басқа. Әр журналистің газетте жазғандарын айтпағанда, былайғы уақыттардағы оқыс ойлары мен оғаш пікірлері үшін редактордың жауап беруіне тура келеді, – деді.

Мен Әлекеңе қараған қалпымда, «Мен осы не естіп отырмын?» дегендей, аузым ашылып аңырып қалсам керек. Осы кезде Әлекеңе қарсы үстелде отыратын Бодаухан ағам:

– Иә, Секе, солай. Әлекеңнің айтып отырғанында бір тал өтірік жоқ. Алғашқы бетте мен де сен құсап алдымдағының барлығын апырып-жапырып жіберетіндей, алапат екпінмен келгем. Қазір ғой сабама түсіп отырғаным, – деді құлаққа жағымды зор дауысымен әзіл-шынын араластыра.

Сол жолы журналистикада ұзақ жылдық тәжіриесі бар ағаларым жазып отырған жазуларын ысырып қоя тұрып, мен біле бермейтін газеттің қыры мен сырынан сынақ алмаса да, бірқыдыру мағлұмат беріп, көзімді ашқандары есімде. Ақкөңіл ағаларымның қамқорлықпен айтқан сол бір ақылдары осы күнге дейін бірде болмаса, бірде жаныма азық боп келе жатқанын несін жасырайын.

Әлі есімде, газетке журналист боп орналасып, екі ағамның қасына жайғасқалы да екі аптадай уақыт өткен. Жаңадан келген адамға не болса, соның бәрі таңсық боп, қызық боп тұратын әдеті емес пе? Білмегенімді екеуінен кезек-кезек сұрай берем. Бәлсініп немесе ойымды бөле бердің-ау дейтін олар жоқ. Шамалары келгенше білгендерін бүгіп қалмай айтып жатады. Әуелдегі келісім солай болатын.

Ортаңа қабылданды ақындарың…

Екінші аптаның соңы, күн жұма болатын. Алда 1 мамыр мерекесі. Жұрттың көңілі көтеріңкі, алдын ала бір-бірін құттықтап дегендей… Түс ауа бере Әлекең бір әңгіме бастап:

– Бөке, біз осы Серікті өз ортамызға әлі қабылдаған жоқпыз-ау деймін, ә? – деп қарсы алдында отырған Бодаухан ағамызға екіұштылау сауал тастады.

Мен ойымда ештеңе жоқ, жазуымды жазып отырып: «Ортаға қабылдағаны несі?» деп қоямын.

Бөкең де осыны күтіп отырса керек:

– Дұрыс айтасың, Әлеке, қабылдайтын уақыт боп қалған секілді. Оның үстіне, Секең осы екі аптада өзін тек жақсы жағынан көрсетіп келді. Берілген тапсырманы да уақытында орындап жүр, жұмыстан кешіккенін де байқамадым, – деп қостап қойды.

Мен әлі де болса әңгіменің байыбына бара алмай, екеуіне алма-кезек қарап қоям. Ақыры:

– Оу, ағалар! Жұмбақтамай айтсаңдаршы, қайда қабылдамақсыңдар, мен не істеуім керек? – дедім шыдай алмай.

Күткендері де осы болса керек. Екеуі бір-біріне қарап рахаттана бір  күлісіп алды да, Әлекең бастап, Бөкең қостап, редакцияда жұмысқа жаңадан орналасқан жігіттердің кабинеттес әріптестеріне қал-қадірінше дастарқан жайып, сый-сияпат көрсететін жазылмаған дәстүрі бар екендігін түсіндірді.

Ағалардың айтқаны – інілерге заң. Сол күні жұмыстан соң қос ағама жақын маңдағы дәмханалардың бірінде жақсылап тұрып дастарқан жайып беріп, осылайша, өздері айтқандай, «орталарына кіргенім» бар.

Бір қызығы, ол дәмхана Әлекең мен Бөкеңе аса таңсық болмай шықты. Себебі ол кісілер мен шақырғанға дейін де анда-санда сол жерге барып, кабинетте «айтуға болмайтын әңгімелерін» айтып, сыр шертісіп жүреді екен. Ендігі жерде біз үшеу болдық.

«Сыр шертісіп» дегеннен шығады. Расында да, күні бойы бір кабинетте отырып, бір терінің пұшпағын илеп жүрсек те, кафеде айтылатын әңгіме тақырыбы да, мазмұн-мәні де мүлдем бөлек боп келетін.

Бодаухан аға сонау Моңғолия жерінде жүріп қалай радиожурналист болғанынан бастап, ол жақтағы елдің салт-дәстүрі мен тірлік-тынысынан, сол елдегі қандас бауырларымыздың әдеби-мәдени өмірінен сөз қозғаса, Әлекеңнің де жолсапарлардан көрген қызғылықты оқиғалары, әріптестер арасындағы жарасымды әзіл-оспақтары толып жатыр. Тыңдаған адамның ішін пысырмайтын. Екеуінің де тілі майда, әңгіменің майын тамызады. Қызды-қыздымен ұлттық мәселелерді қамти отырып, ара-арасында үлкен саясатқа араласып кететініміз де бар.

Баяғыда бір ағамыз: «Көзі жоққа көз берген, сөзі жоққа сөз берген, арақта бір құдірет бар», – дейтін көрінеді. Сол айтпақшы, адам баласының мінез-құлқы қызық қой. Былайғы уақытта шешіліп көп сөйлей бермейтін Әлекең бір-екі тілектен соң не түрлі әңгімелер айтатын. Қазір сол күндерді ойлап: «Е-е, ол да бір заман екен-ау» деп қоямын…

Қолыма қалам алдырған негізгі кейіпкерім Әлімжан Қадылбекұлы болғандықтан, мен шамам келгенше тақырыптан ауытқымауға тырысайын.

Пәктігі періштедей, сақтығы сауысқандай

Бірер жылдан соң Бодаухан ағамыз Астана жаққа ауысып кетті де, Әлекең екеуіміз бір кабинетте оңаша қалдық. Жалпы, Әлекеңмен бір кабинетте табан аудармай алты жыл бірге отырып қызметтес болыппыз. Сонда байқағаным, Әлімжан ағаның адам баласына қылдай қиянаты жоқ пәктігі мен не нәрсеге болсын аса сақтықпен қарайтын сақтығы. Кейде кабинетімізге ой-пікірлерін еркін айтып жүретін әріптес, дос, ақын жігіттер кеп қалады. Ол кездегі әңгіменің дені саясат болғасын ба, ыстығы көтеріңкі келеді. Саясат болғанда да, аудандық дәрежеден басталып, қыза келе әлемдік саясатты бір-ақ қамтиды. Ара-арасында дауласып, даурығыңқырап кетсек, Әлағаң ақырын тұрып барып есікті жауып келеді. Оған да көнбей бара жатсақ, темекі тартқан боп сыртқа шығып кетеді де, біразға дейін ішке кірмей жүріп алады.

Жұмыс аяқталған соң, резеткідегі бүкіл ток атаулыны суырып, күн ыстық болса да, терезенің форточкасын тарс бекітіп жауып тастайды.

– Оу, Әлаға! Түнде таза ауа кіріп тұрмай ма, форточканы несін жаптыңыз? – деймін ғой баяғы.

– Жоқ! – дейді Әлекең сұқ саусағымен сырт жақтағы қалың тоғайды нұсқап.

Сосын сол тоғай жақтан көзін алмаған қалпы, сұқ саусағын шошайтып тұрып:

– Ана жерге кеш батқасын осы маңдағы орыс-қазағы аралас өңшең бұзық балалар жиналып алады да, түннің бір уағына дейін шылым шегіп, ішімдік ішіп, ойларына келгендерін істейді. Солардың бірі болмаса бірі ашық тұрған форточкадан кабинетке от тастап жіберсе қайтпексің? Сонда көресің таза ауаны, – дейді.

Мен ойланып қалам. Шынымен де, айтып тұрған сөзінде жан бар. Бірақ «Дәл біздің кабинетті аңдып тұрған бұзақы жоқ шығар?» дегенді айта жаздап, айта жаздап, тілімді тістеп қала берем. Өйткені Әлекең бір нәрседен секем алып қалды ма, болды, қайтып оны ешнәрсеге, ешқашан да иландыра да, иліктіре де алмайсың. Суаттан оқ-дәрінің иісін сезіп қалған киіктер көпке дейін сол суаттың маңына жоламай кететін көрінеді. Әлекең де дәл сол үркек киіктер секілді.

Әлекеңнің күнделікті демей-ақ қояйын, апталық, айлық, тіпті бір жылдық десем асыра айтқаным емес, әбден қалыптасқан әрі жаңылмайтын график-кестесі бар. Ол күнделікті жұмысқа келіп-кеткен, түскі асқа барып-келгеннен бөлек, белгіленген уақытында аптасына бір рет моншаға бару, белгіленген уақытында айына бір рет шаш алдыру, спорт сарайында өтетін хоккей матчтарын жібермеу, бейсенбі күні кітапханаға, жұма күні мешітке бару, т.с.с. толып жатқан барып-келулер. Әрине, ондай барып-келулер өзімізде де, өзге жұртта да бар. Дегенмен, біздің графигіміз бірде алай, бірде бұлай боп, бұзылып кетіп жатады ғой. Ал Әлағаңның графигі дүние өртеніп жатса да, өзгермейтіндігімен ерекшеленіп тұрады.

Мен білетін Әлімжан Қадылбекұлы – әмбебап журналист. Олай дейтінім, газетке келгенге дейінгі бақандай 20 жыл облыстық, республикалық радиода тілші болған. Бүгінгі жастар жағын қайдам, Әлекеңнің құлаққа жағымды биязы дауысы сол кездегі радио тыңдармандарының әлі күнге дейін жадында болар деп ойлаймын. Журналист ретінде орысша-қазақша мәтіндерге ешқандай сөздіктің көмегіне жүгінбей-ақ, емін-еркін аударма жасай беретін. Зейнет демалысына шыққанға дейін спорт, хабар бөлімдерінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқара білген ардагер.

Бүгін Марқаның марқасқасы, журналистиканың су төгілмес жорғасы Әлекең 70 дейтін биікке туын қадап жатыр.

Туыңыз қисаймасын, абзал аға!

Сізді сексеннің де сеңгірінен сергек қалпыңызда көргіміз келеді.

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button