Руханият

Қажығұмардың 90 жылдығы туған топырағында тойлана ма?

Қажығұмардың 90 жылдығы туған топырағында тойлана ма?

15 ақпанда ғұмырының тең жартысын қытай түрмесінде өткеріп, ақырғы демі аяқталғанша ата жұртқа жетуді армандап кеткен қазақтың қайсар ұлы, түрме әдебиетінің негізін қалаушы, жерлесіміз, жазушы Қажығұмар Шабданұлы 90 жасқа толар еді.
Осыған орай Өскемендегі О.Бөкей атындағы орталық кітапханада «Абақтыда – аласармаған арман» атты тақырыпта зиялы қауым ортасында пікірсайыс өтті. Оған Әлібек Қаңтарбаев, Айтмұханбет Қасымов, Тоқтарбек Мағзұмов бастаған ақын-жазушылар мен «Шабыт» ақындар мектебінің мүшелері, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың филология факультетінде оқитын студенттер мен оқытушылар қатысты.
Тартысты өткен пікірсайыста аға буын өкілдері жазушының «Қылмыс» романына тоқталып, оның көркемдік ерекшелігіне, жазушы өміріне талдау жасады. Шараны ұйымдастырушы, ақын Қызырбек Дүргінбайұлы аталмыш шығарманы мерейтой қарсаңында шет тілдеріне аудартсақ, тиісті орындар қолдау көрсетсе деген ойын ортаға салды.
Десе де бізді филология факультетінің студенттерінің жазушының шығармасы тұрмақ, атын естімегендіктері қынжылтты. Кімнің кінәсі? Тура Қажығұмармен тағдырлас әрі даң құрдас оңтүстік африканың тумасы, ағылшын жазушысы Алекс Ла Гуманы әлем біледі. Ал Қажығұмар атын әлем тұрмақ, қазақтың өзі толық танып білген жоқ.
Бүкіл әлемді уысымда ойнатсам деп отырған алып айдаһардың арбауына бой бермей, қазақ тәуелсіздігіне ұмтылған қытайда екі қазақ бар. Оның бірі – жырынды жасақ құрып, қытай үкіметіне берілмей өткен Оспан батыр. Енді бірі – Қытайдың екі үлкен партиясымен қатар алысып, қанжар тілін қадап өткен осы Қажығұмар.
Осы орайда «Қажығұмар қытайдағы ат төбеліндей аз ғана қазақтың тәуелсіздігі үшін күресті емес пе, ол неге әлемге танылуы керек, немесе бүкіл қазақ толық білуі керек» деген ойдың жылт етері шындық. Оған жауап айтардан бұрын Қажығұмар өміріне қысқаша тоқталып өтейік. Ол 1925 жылы 15 ақпанда Аягөз ауданы Таңсық ауылында дүниеге келген 6-7 жас шамасында анасының етегіне жабысып арғы бетке өткен. Дөрбілжің қаласында есейген. Сонда тұрып «қазақ-қырғыз» ұйымына басшылық етіп, мәдени ағарту көтерілісіне атсалысқан. Алғаш рет 1958 жылы «Оңшыл», «Солшыл» деген саяси айып тағылып, Такламакан шөліндегі әйгілі Тарым түрмесінде 22 жылдық ғұмырын өткізді. Әйгілі дейтініміз, қытайдағы сорпа бетіне шығар зиялы қауым өкілдерінің көбі бұл жерде 20 жылдан жатып шыққан. Тарымның тауқыметі туралы «Қылмыс» романында ажуалы тілмен шебер бейнеленген.
Қапастан құтылған жазушы біраз уақыт сол жақта беделді басылымдарды басқарды. Бірақ еркіндігі ғұмырлы болған жоқ, 1986 жылы «Шетелмен байланысы бар, Қазақстанның кейбір ұйымдарымен астыртын байланыс жасаған» деген желеумен 13 жылға абақтыға қайта тоғытылады. Бұл жолы жазушы жазасын Үрімжідегі №1 түрмеде өтейді. Алты томдық «Қылмыс» романын міне, сондай өмірде, тар қапаста жазған. Жазушы Қабдеш Жұмәділовтің айтуынша, бұл роман алты томнан да көп болған екен. Амал қанша түрмеде жатып жазып, сыртқа қағаз қиындылары арқылы жеткен шығарманың кейбірі діттеген жерге жетпей жоғалып кеткен. Қытайда төрт том болып жарық көрген аталмыш кітап аз уақытта халықтың қолынан қайта жинап алынып, оқылуға рұқсат берілмеген. 2009 жылы ғана Қабдеш Жұмаділовтің атсалысуымен атажұртта алты том болып қайта жарық көрген еді. Ал Қажығұмар болса, 2011 жылы арманы ата-жұртты бір көру болып Шәуешек қаласында көз жұмды.
Өкінішке қарай, бір кездері бір-бірінен тығып оқитын, сол кітапты бір көруге құмар болып жүрген жандар қазір жоқ. Әрі кетсе, кітабын қайталай басып, арнау өлең жазғаннан аса алмай жүрміз. Оның Қазақстандағы қандай ұйымдармен байланыста болғаны, сол кездегі Қазақстан мүддесі үшін қандай қадамдар жасағаны әлі күнге айтылмай келеді. Мүмкін жазушымен бірге жер қойнына жерленген шығар. Бір ақиқаты, ол – қазақтың тәуелсіздігі жолында бүкіл ғұмырын тәрк еткен жан.
Ендеше, қайсарлықтың өшпес үлгісін қашаған, Шығыс Қазақстанның тумасы, тағдырлы жазушының 90 жылдығы туған топырағында атап өтілсе орынды болар еді деп ойлаймыз.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button