Руханият

Қажымұқанның бақайына шалынған бойжеткен

Қажымұқанның бақайына шалынған бойжеткен

Иә, ол кездегі бойжеткен, бүгіндері ақ жаулықты апа. Сүйікті әже. Талай шәкірт тәрбиелеген тағылымды ұстаз. Қасиетті Қайнар топырағынан түлеп ұшқан қайсар қыз қазір Өскеменде тұрады.

Үшінші сыныптан бастап қызметке араластым

Тілші толғанысы:
Адам баласының төзімінде шек жоқ-ау шамасы. Бір басына үйіп-төгілген осыншама қайғы-қасіретті қалай ғана көтергеніне таңқаласың.

– Мен өзім бұрынғы Семей облысы, Қайнар ауылында дүниеге келдім. Мен туған жылдар үлкен дүрбелең кезеңмен тұспа-тұс келді, – деп бастады әңгімесін Қатыш апай. – Байларды тап ретінде жою, ауыл-ауылды колхоздастыру… Содан кейін үш әріп (ГПУ) дейтін бәле шықты. Осының бәрін біздің әке-шешеміз басынан өткерді. Оның ызы-сызы бізге де әсер етпей қойған жоқ. Ашаршылықты да көрдік. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп қолдағы тышқақ лаққа дейін тартып алып, халықты сенделтіп қойды. Ашаршылық кезінде туған-туысқанның бәрінен айырылып қалдық. Одан кейін репрессия басталды. Репрессияның салқыны бізге де келіп тиді. Менің ағам Хасенов Кәрім сол кезде Семейдің қаржы техникумында оқитын. Оқып жүргенде қайнарлық зиялы азамат Мәннен Тұрғанбаевпен хат жазысып тұрыпты. Мұны «үш әріптің» адамдары байқап қалып, қара тізімге іліктірсе керек. Осыны сезген әкем ағамызбен бірге қалған-құтқан жиен-балдыз, ағайын-туған, жетектеуге жарайтындарын ертіп, жан сауғалап Ресей жаққа кетеді. Ресейдің сонау Владивостогына дейін, Уфаға дейін барады. Сол тентірегеннен тентіреп, Ресейде жүріп, содан елге қырқыншы жылы бір-ақ оралдық. Әкем мен жездемнің сүйегі сол жақта қалды.
– Ол жақта қиын болған шығар…
– Қайбір оңай болды дейсің. Үй жоқ, күй жоқ. Бір ай ана жерде, бір ай мына жерде. Қашып жүрген кісіде не күй болсын… Қанша дегенмен ағатайым оқыған адам ғой. Ана жерге қызметке барады, біраз істейді. Іздеу сала ма, бір хабар келе ме, әйтеуір, байыз тауып отыра алмайды. Одан кейін тағы да басқа бір жерге қызметке тұрады. Тағы да іздеп жатыр деген сыбыс келеді. Тағы да көшеді. Бізді сүйреп жүрген, баяғы әкем. Ағам өзі жаңа үйленген. Оның да баласы бар. Сөйтіп Читада, Хабаровскіде, Улан-Удеде, Улан-Батырда секілді жерлерде 6-7 жеті жыл бойы қашумен жүрдік қой.
Менің де көрмегенім жоқ. Әуелі бурят мектебінде оқыдым. Одан кейін хакас мектебі… Бір қазақ жоқ. Ол заманда ел орысшаны жөнді білмейді. Шала-шарпы білеміз. Кішкене білетін орысшамның арқасы болуы керек қатарластарымнан қалмай, алғы шепте жүрдім. Сосын ән айтып, тақпақ жаттайтыным бар. Солардың пайдасы тиген болуы керек шамасы. Сыныпта белсендісымақ болып жүрген секілдімін. Және әкем орысшаға сауатты болды.
– Содан қырқыншы жылы елге оралдыңыздар…
– Елген келген кейін де көзіміз ашылмады. Әуелі Семейге келдік. Ол жерде де көп тұрақтамадық. Ағамның таныс біреуі кездескен бе, содан секем алып тағы да кетуге тура келді. Бұрынғыдай жетектейтін әкеміз жоқ. Ағамның қарайласатын өз отбасысы бар. Содан не керек, Семейде тұруға болмайтын болған соң, шешемнің шешімімен үш-төрт айдан кейін өзіміздің Қайнарға қайтып оралдық. Сол жерде 5-ші сыныпқа оқуға бардым. Қазақша жөнді ештеме білмегеннен кейін ағатайым қайтадан мені Семейге алып келіп, бесінші сыныпты қаладағы орыс мектебінде оқыдым. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып, қайтадан Қайнарға қайтып келіп, алтыншы сыныптан бастап осы жерде оқыдым.
Іске жарайтын ер-азаматтың бәрі соғысқа аттанды. Ауылда кемпір-кешек қана қалды. Ағамды әскерге шақырып, майданға аттанды. Жағдай тіпті қиындады. Анам, ағатайымның балалары, Якутияда өлген жездемнің балалары, жас босанған үш әйел… Бәрінің асыраушысы мен болдым. 6-шы сыныпты бітіре салып аудандық қаржы бөліміне есептеуші бухгалтер болып қызметке тұрдым. Күн-түн демей еңбек еттім. Еңбектің арқасында, елгезектіктің арқасында, содан кейін бір ауыз орысшам бар, бір ауыз айтатын әнім бар, үлкенге де, кішіге де қызмет етіп жүріп, бала күнімнен бастап, Қайнарда елге елеулі, халыққа қалаулы көп-көрім адам болдым. Бірақ қайыршымын. Ішерге тамақ жоқ, қарын шұрқырап жүреді. Сыртыма ағамның қалған-құтқан тон-понын киіп алып, белді буып, аяққа да қалған-құтқан бірдеңені іліп алып, райком не айтты, комсомол не айтты, пионер вожатый не айтты, директор не айтты деп шапқылап жүрдік қой.
Қысқасы, 7-8-9-10 сыныпты түске дейін қызмет істеп жүріп, түстен кейін сабақ оқып жүріп, тауыстым ғой, әйтеуір. Қайнардағы 10 жылдық мектепті бітіргеннен кейін біресе өгізге, біресе түйеге, біресе арбаға мініп, біресе жаяу-жалпылы Семейге жетіп, сондағы пединститутқа оқуға түстім.

Тілші толғанысы:
Қатыш апаның қайсарлығына таңқаласыз. Елден шет жүрген кезінде үшінші сыныпта оқып жүріп, қызметке тұрады. Ол кісінің еңбек жолы осы уақыттан басталды деуге болады…

– Үшінші сыныптан бастап, кәдуілгідей қызметке араластым. Ол кезде біз Хакок жерінде жүргенбіз. Ағатайым оқыған ғой. Мені жетектеп, далада қалмасын деп, көрінген жерге сүйрелеп жүрді. Сол жылы сол жақта бір пионер лагері ашылды. Ағам жолдама алып, мені соған жіберді. Өлең айтып, ән салып, көзге түскен болуым керек, мені отряд кеңестің төрайымы етіп сайлады. Ондағы пионерлер жетекшісі де мені өзіне жақын тартып жүрді. Сөйтіп бір күні экскурсияда тауда-таста суға түсіп, жидек теріп, күнге күйіп жүргенде он шақты күннен кейін әлгі жетекшіміз ауырып қалды. Оны орталыққа алып кетті. Мен соның орнына уақытша пионерлер жетекшісі болып қалдым. Сол болғаннан үш кезеңге бірдей осы жұмысты маған сеніп тапсырды. Үш кезең деген – үш ай. Менің қызметке араласқаным, осы 1938 жыл. Содан бері тыным тапқан жоқпын. Бәрін көрдік. Қабырға қайыстырар қиындықтардың небіріне төздік. Бір-ақ қана мысал айтайын. Институтта оқып жүргенде жұлығы жыртылған жаман етікті киіп, жіппен байлап сабаққа барып жүрген кездерім де болды.

Өзен жағасы мен тау басында спектакль әзірлеген кездеріміз де болды…

Тілші толғанысы:
Қаршадайынан қара жұмысқа жегіліп, еңбекпен ерте есейген еңбекқор қайсар қыз университет қабырғасында жүргенде де аз қиындық көрмейді. Алайда қиындыққа қайысуды білмейтін бойжеткен өзінің алғырлығы мен көпшілдігінің арқасында білім ордасында абыройға бөленіп, оқу орнының көшбасшы студентіне айналады. Бастапқыда факультет хатшысы болады. Ауылдан келген орысшасы нашар студенттерге тіл үйретеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады. Ән айтады, би билейді, спектакль қояды. Мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Осының барлығының басы-қасында Қатыш Хасенова жүреді. Павлодардағы анасы мен жеңгесіне көмектесуді де ұмытпайды. Содан не керек, институтты бітіріп, Зайсан жақтың жігітіне тұрмысқа шығады…

– Институтты бітіргеннен кейін Зайсандағы Мұхтар Әуезов атындағы мектепке мұғалім болып орналастым. Сол мектептен зейнеткерлікке шықтым. Қарап отырсам, 35 жылымды осынау білім ошағында өткізіппін. 35 жылда менен әртіс те шықты, әнші де шықты, журналист те, жазушы да шықты.
– Әртіс, әнші демекші, кезінде өзіңіздің бастамаңызбен шаңырақ көтерген Зайсан халық театры осы мектеп қабырғасынан бастау алды емес пе?
– Иә, оның рас. 1953 жылы мектеп қабырғасында әдеби-фольклорлық, музыкалық ансамбль ұйымдастырдым. Ансамбль болғанда, барлығы өзімнің оқушыларым. Әдебиет пәнін өткенде олармен бірлесіп М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов шығармаларынан пьесалар дайындайтынбыз. Біреу – Төлеген, біреу – Жібек болып ойнайды. Әдебиет сабағынан қандай кейіпкерлерді өтеміз, соны спектакль ретінде қоюға тырыстық. Кейде мектеп сыныптар босамай қалған кезде өзен жағасы мен тау басында спектакль әзірлеген кездеріміз де болды. Мектепішілік ансамбльдің құрылуына себеп болған да осы спектакльдер мен оқушыларымның ынта-жігері деп ойлаймын.
Ал енді Зайсан халық театрына келер болсақ, ұмытпасам ол 1960 жылы құрылды-ау деймін. Өздеріңіз жақсы білесіздер, ол кезде қазіргідей емес, аудан, ауылдарда мәдени-іс-шаралар жиі өтіп тұратын. Аудандағы осы саланың басы-қасында жүретін адамдар маған бір күні ұсыныс жасады.
«Аудан жастарын өзіміз шақырамыз. Өзіміз басы-қасында жүреміз. Сізді әуреге салмаймыз» деді олар. Содан кейін аудан жастарын жинап әкеліп, мені шақырды. Барсам, әлгілердің барлығы менің үйірмемдегі баяғы қарадомалақ ұлдарым мен қыздарым. «Ойбай, апай!» деп құшақ жая қарсы алды бәрі. Біреуі аудандық клубта, біреуі редакцияда істейді екен. Содан не керек, шаруаға кірістік те кеттік. «Жығылсаң, нардан жығыл» демекші, «Қыз Жібек» операсын қояйық деді балалар. Бекежанымыз дайын, Төлегеніміз дайын. Қыз Жібегіміз де әзір. Сөйтіп, Аблакеткада төрт ай жатып, республикалық байқауға дайындалдық. Әуелі облыстан үздік шықтық. Республикаға барып, тағы бірінші орын алдық. Осылайша үлкен ізденіс пен еткен еңбек, төккен тердің арқасында Халық театры атағын алдық.

Әуезовпен бірге алтыбақан теуіп, ән айтқаным есімнен кетпейді

– 1945 жылы Ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойының дүркіреп өткенін білеміз. Сол кезде сіз әйгілі палуан Қажымұқан қонақ болып түскен киізүйде күтуші қыздардың бірі болған дейді білетіндер…
– Ол кезде 10 сыныпта оқимын. Абайдың 100 жылдығына облыстың жер-жерінде ерекше дайындық жүргізілді. Әр ауыл бір-бір киіз үйден дайындады. Содан не керек, Абыралы өңірінің 19 колхозынан жасау-жабдығымен, құрт-ірімшігімен 19 киіз үйді теңдеп басшысы бар, қосшысы бар, барлығымыз Абай ауданына тарттық. Абай ауданына 50 шақырым жерден қарсы алды бізді.
Мен Ордженикизде колхозының бойжеткені болып бардым. Келген қонақты қабылдап, күтіп, дастархан жаятын, қолына су құятын қызметші, қазіргі тілмен айтсақ, официантка болдым.
Әр киіз үй өздеріне белгіленген қонақтарды қабылдап жатыр. Бір үйге – жазушылар, бір үйге ақындар, бір үйге әншілер деген секілді. Байқаймын, біздің киіз үйге келетін қонақтың түрі көрінбейді. Елегізіп күтіп отырмыз. Бір уақытта біздің ауданның басшылары «Біз ерекше қонақ күтетін болдық» деп күбір ете қалды. Сөйтсек, біздің киізүйімізге әйгілі Қажымұқан түсетін бопт.ы «Ойбай, Қажымұқанды көреміз» деп шулады жұрттың бәрі. Келді біруақытта. Жанында бір әйел бар. Жиырма алты жаста екен. Өзінің 75 жастағы кезі. Өздерімен қоса ерткен төрт жастағы Айдархан деген ұлы бар. Палуанның кескін-кейпінен адам шошырлықтай. Қарны салақтаған, бет-аузы жырым-жырым. Құлақ жыртық-жыртық. Біз баламыз ғой. Қорқып тұрмыз. Есіктен әзер дегенде кірді. Ішке енгеннен кейін керегенің бір қанатын алдырып тастады. Қажымұқанды көрем деп ентелеген жұртта сан жоқ. Құдай сақтасын! Керегені қиратып, үйге бұзып кете жаздады. Адам жоқ деп отырғанымыз жайына қалды. Киіз үй лық толды. Палуан үй ыстық деп туырлықтың бәрін түргізіп тастады. Не керек, жеті күн бойы тіземіз бүгілмей, тік тұрып қызмет көрсеттік Қажымұқанға.

Қажымұқанның бақайына шалынған бойжеткен

– Сөзіңіз аузыңызда, Қажымұқанмен тілдескен кезіңіз болды ма?
– Қайдағы тілдескен?! Үлкендер бізге жол бере ме? Әйтеуір, әйгілі палауанды өз көзімізбен көргенге мәзбіз біз байғұс. Айтпақшы, ұмытып барады екем, бір қызық оқиға болды.
Бұл тойға атақты Шашубай ақын да келген-ді.
Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын,
Болсам да малға кедей, әнге баймын-ау, – деп ел алдында әйгілі әнін шырқады. Әнді тыңдап, елітіп кеткен болуым керек. Артымда Қажымұқанның отырғанын да аңдамаппын. Бір мезгілде ән аяқталып, жұрт қошеметтеп, ақындардың бәрі сөйлеп жатты. Сол кезде Қажымұқанның маған әзілдеп, тиісе жөнелмесі бар ма? Киіз үй ішінде жүргенде «Бұлар менің балдыздарым» деп әзілдеп, тиісіп отыратын. Тұра қашып едім, мұрттай ұшып, етпетімнен жығылдым. Сөйтсем, Қажекең көйлегімнің етегінен бақайымен қысып жатыр екен. Оның бақайымен қысып тұрғанын мен қайдан білейін… Көрдің бе, күш деген қандай!! Мен жұлынып кеттім, бірақ жығылып қалдым…
– Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовпен бірге алтыбақан теуіп, Абайдың әнін шырқағаныңыз да осы мерейтойда емес пе еді…
– Ол кісімен бірге алтыбақан тебем деп кім ойлаған?! Бәріне себепкер, менің Абай туралы жазған шығармам. Иә, сол жылы облыстың барлық аудандарындағы мектептерде Абай туралы шығарма жаздырды. Менің шығармам Қайнар, Абыралы бойынша бірінші орын алып, Семейге жолдама алған екен. Сол кезде Мұхтар аға комиссия мүшесі болған болуы керек. Неге екенін қайдам, мен ол кісінің есінде қалып қойыппын. «Әлгі болыс атаулыға қырғидай тиетін қыздарың осы ма?» деді мені көрген кезде. Сол кезде райком хатшысы Оспан деген ағамыз «міне, міне» деп мені алып шықты.
Мұхтар Әуезов маған қарап: «Сен әнді жақсы айтады деп естимін. Абайдың бір әнін айтып бересің бе?» деді. «Айтамын» дегенге ұялдым. Бірақ айтқым келіп тұр. Оспан аға «айтады, айтады» деп қояды. Сөйтіп әнді алтыбақанда тербеліп отырып айтатын болып келістік. Бірақ мен кіммен түскенімді білмеймін. Жанымда тұрған Оспан ағадан: «Менімен кім алтыбақан тебеді» деп сұраймын. Үндемейді. Бір қарасам Мұхтар Әуезов алтыбақанға отырып жатыр. Сөйтіп Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін алтыбақанда тербеліп тұрып, айтып бердім.
Үнемі сахнаға шығып ән айтып жүрсеңде мынадай адамның алдында кәдімгідей жүрексінеді екенсің. Көзімнің қиығымен Мұхтар ағаға қарап қоямын. Ол кісі әнге қосылмай отыр. Бірінші шумағын жалғыз айттым. Екінші шумағына келгенде ол кісі қосылды. Қоңыр ғана дауысымен қатты да емес, ақырын да емес сызылта қосылып отырды.
Алтыбақан теуіп болғаннан кейін маған: «Жарайсың,қарындасым» деп, өз қолынан өзінің бірінші кітабы, «Абай» жинағының 1-ші томын көпшілік алдында сыйға тартты.
– Әңгімеңізге рахмет!

Азамат Қасым

«Дидар» газеті, 2011 жыл, 28 маусым

Осы айдарда

Back to top button