«Ақжүніс» көпбалалы аналар қамын ойлайды

Жұлдыз Ақтанжанова Күршім ауданы, Марқакөл ауылының тумасы. Қазір ол күні кеше ғана негізі қаланғанреспубликалық «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамдық қорының облыстық филиалына жетекшілік етіп жүр.
Орталығы Алматы шаһарында орналасқан, елдегі көпбалалы әйелдер құқығын қорғауды мақсат тұтқан«Ақжүніс» қорының басты мақсаты – ана мен бала құқығын қорғау, көпбалалы аналарды әлеуметтік жағынан қолдау, олардың қордаланған мәселелерін шешуге көмектесу.
Жұлдыз Сейітқұмарқызы бүгінде Өскемендегі экономикалық сотта коммендант болып жұмыс істейді, десек те танысқан сәтте бәріне «мен көпбалалы анамын» деп айтады. Негізгі мамандығы –орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Өзі де көпбалалы ана,төрт ер жеткен ұлы бар. Басынан өткен қиындықтар көп болғандықтан, ол көпбалалы аналарға, әсіресе жас және ауылдағы аналарға көмек көрсетуге бел шешкен.
– Білесіз бе, елімізде ана мен бала туралы жалпы ережелер ғана бар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі солардың негізінде жұмыс істеп келеді. Аталмыш ережелер жәрдемақы төлеу мәселесін ғана қамтиды. Бірақ ана мен бала құқығын қорғау, оларды әлеуметтік тұрғыда қолдау жөнінде заң жоқ, – деген Жұлдыз ханым алдағы уақытта осындай құжаттың қабылдануын қалайды.
«Ақжүніс» қоры осы жылдың 6 ақпанында ғанаіске кіріскен. Құрылғалы бері Жұлдыз Ақтанжанова осы қордың Шығыстағы бөлімшесіне жетекшіліп етіп келеді. Бір ай ішінде филиал біраз жетістікке қол жеткізген.
Бағаның қымбаттауына не себеп?
Жұлдыз ханымнан өзі және еңбек жолы туралы сұрағанымызда ол аталған тақырыптан сыпайы ғана бас тартып, «одан да қоғам жайлы айтайықшы» деп өтінді. Өйткені қоғам жұмысы өте маңызды дейді ол.
– Газеттеріңіз облыстық дәрежедегі басылым, ауылдағы жұртшылық оқиды. Бүгінгі таңда Интернеті жоқ елді-мекендер аз емес, сол ауылдарда ақпарат ала алмай отырған қаншама ана бар. Біз негізінен әлеуметтік желілер арқылы жұмыс істейміз де, олар тасада қалып қойып жатыр. Қор қызметі туралы мәлімет шалғайдағы елге жете алмауда. Олар біз жайында біліп, ортақ іске атсалысуы керек, – дейді қор филиалының жетекшісі. – Жуырда Үкімет тарапынан көпбалалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңге шамасында жәрдемақы төленеді деп айтылды. Жақсы, сол соманы төлейді ғой. Ал бағалар өсіп жатыр,қазір ауылда бір бөлке нанның бағасы 85 теңге. Неге бұлай?! Азық-түлік құнын кімдер өсіріп отыр? Соның бәрін анықтау қажет. Бағаны ауыздықтап, өсімінің алдын алу керек. Егер тауарлар күн санап қымбаттаса, Үкімет берген ақының пайдасы қанша?! Осы сынды мәселелермен қоғам айналысқысы келеді.
Қор құрылған бір айда не істелді? Осы сауалымызға орай мына мәліметтерді білдік. Бір айда республика бойынша «Ақжүніске» мыңдаған ана мүше болып еніпті. Өскеменде қордың тұңғыш жиналысы өтіп, басқосуға 67 ана қатысқан.
– Қала шетіндегі саяжайларда тұрып жатқан қандастарымыз, көпбалалы аналар келді сол жиынға. Саяжай – қыста тұруға келмейтін жер. Өскемен бойынша қазір аталмыш мәселемен шұғылданудамыз. Жуырда аймақ басшысы Даниал Ахметовпен жолықтым. Ол кісі кешенді көмек көрсетілетінін, субсидиялар берілетінін айтты. Осының бәрі керек бізге. Бірақ көмектің басым бөлігі, ақпарат ауылға жетсе екен деймін. Әр аудан орталығында қор бөлімшесі болуы тиіс сондықтан, – дейді белсенді жан.
Жуық арада ауылдарға шығамыз
Жұлдыз Ақтанжанова Үкіметтің қолға алып жатқан шараларынан нәтиже шығады, аналар жағдайы жақсарады деп кәміл сенеді. Оның айтуынша, қазір бұрын-соңды болмаған аналар қозғалысы қарқын алып жатыр. Осының бәріне, өкінішке қарай, Астанадағы бес қыздың қайғылы өлімі түрткі болған. Дегенмен, ерте ме, кеш пе мұндай қозғалыс пайда болар еді деп санайды ол.
– Кейбір адамдар көпбалалы аналар неге өкіметтен көмек сұрайды деген пікірде. 2005 жылы Елбасымыздың демография жөніндегі кешенді бағдарламасы іске қосылған-ды. Оның мақсаты – ұлтымыздың санын көбейту, көпбалалы отбасыларды қолдау. Көпбалалық – қазақ мәдениетінің негізі, біздің менталитетіміз. Біз көп баламен ғана мықтымыз. Халқымыздың саны артсын десек, онда осы салада да реформа керек. Қазір қоғамға рухани жаңғыру қажет деп жатырмыз. Адамдардың осы тұрғыдағы ой-өрісін өзгерту керек. Көбалалылар – өзгелер емес, олардың дені өзіміздің қаракөздер. Көпбалалы ана кіргенде орныңнан тұрып, ізет көрсетіп, құжаттарын жүгіріп жүріп жинап бер. Міне, өзімізге деген құрметті осындай деңгейге жеткізгіміз келеді, – дейді Жұлдыз Сейітқұмарқызы.
Бүгінде бүкіл облыс бойынша 700-дей ана қорға мүше болып отыр. Бәрі де өздеріне көрсетілген қызметтің нашар екенін, кейде шенеуніктер тіпті сөйлескісі келмейтінін айтады. Неге көпбалалы, жарымжан бала бағып отырған немесе өздері мүгедек аналарға осындай көзқарас қалыптасқан? Сол көзқарастың түп-тамырын тауып, өзгертуіміз керек деп отыр қор белсенділері.
–Өзімнің де басымнан өткен кедергілер бәрі. «Неге таптың?» деген сөздерді де естігем талай. Құдайға шүкір, ұлымның үлкені жиырмада, кішісі он төртте. Қиын кезеңнен өттім,балаларым ер жетті. Күйеуім жұмысқа орналасты. Өзім де еңбек етіп жатырмын. Балалармен үйде отырған кезде жәрдемақы маған да жетпейтін. Бірақ біз қазақпыз ғой, ата-енеміз болысты, әке-шешем бар дегендей, халқымыз өз баласын аштан қалдырмайды. Алайдатек өздеріне ғана сеніп отырған семьялар өте көп, – дейді филиал жетекшісі.
Қазір қор белсенділері Үкіметпен бірлесе арнайы топ құрып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Өздеріне өтініш жазып жатқан аналармен бірге отырып, мәселелерін тексеруде. Үйлері құлап тұрған, жарықсыз, сусыз, жылусыз отырған, не болмаса баласын жалғыз асырып отырған азаматшалардың жағдайларын жіті қарамақ. Мұның бәрі – әкімдіктің көмегімен жүргізіліп жатқан шаруалар. Қор мүшелері оларға үлкен алғыс айтқысы келеді.
– Филиалда менімен бірге жұмыс істеп жүрген тағы бірнеше адам бар. Жақын арада ауылдарға шығайық деп жатырмыз. Себебі, бізді күтіп отырған аналарымыз өте көп. Олар «Ақжүніске» сенеді, – деп түйіндеді ойын Жұлдыз Ақтанжанова.
Ержан Әбіш